Барша түркі мемлекеттеріне танымал, өзге елде өзі сыйы бар, ардақты қазақ ғалымдары баршылық. Бұл дәстүр Ахмет Байтұрсынұлынан бастап үзілмеген. Қазақ академиялық білімінің бастауында тұрған Ақаңды басқа түркі елдерінің ғалымдары жоғары бағалаған, сыйлы тұлға ретінде таныған.
Сондай түркітануда сыйлы, аса қадірлі саналған қазақ ғалымдарының бірі – Ғұбайдолла Айдаров. Түркі тілдерінің түбін зерттеген бұл ғалымды, әсіресе, түрікмен жұрты қатты қадірлеп, мол сый-құрмет көрсеткен екен. Бір ұлттың білімдарын өзге ұлттың бұлай құрметтеуі кездесе бермейтін жайт көрінеді.
Түркімен неге төрін бермейді?
Қазақта "түркімен төрін бермейді" деген мәтел бар. Бұл мәтелдің мағынасын жазушы Бақыт Беделхан былай түсіндіреді:
"Бұл бір ұлттың мінезіне байланысты емес, тарихи жағдайларға байланысты туған сөз болуы да мүмкін. Қазақ неге қонағын төрге отырғызады да өзі босағада отырады, ал түркімен неге төрін бермейді? Халқымыз қонақты бір жағынан қадірлеп, бір жағынан жаны ашып төрге отырғызып күтеді. Ал түркімен бес қаруын сайлап, төрге іліп қояды да, өзі де сонда барып жайғасады. Жаугершілік заманда босағада отырғанды қапыда келіп, қалай басын шауып кетеді, оны білмейді. Сондықтан сақтанып төрде отырып, қонағын күтеді", - деп ой айтады.
Ал біздің кейіпкеріміз – ғалым Ғұбайдолла Айдаровты түркімен халқы төріне отырғызып күткен екен.
Көзкөргендер естелігінде Алматыдағы Ғ.Айдаровтың үйінің төрі түрікмен зиялыларынан босамаса, түрікмендер төрін Ғұбайдолла Айдаровқа ғана берген деген сөз тегін емес.
Қысқаша өмірбаяны
Ғұбайдолла Айдаров – Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Түрікменстан "Оқу ісінің озаты", филология ғылымдарының докторы, профессор, белгілі түркітанушы.
1921 жылы 18 маусымда қазіргі Маңғыстау облысы, Форт-Шевченко ауданының Әмір-торты жерінде дүниеге келген. 30-жылдарда Маңғыстауды жаппай жұт пен ашаршылық жайлап, бұл киелі мекенде тіршілік кешіп жатқан қазақ ауылдары Түркіменстанға қарай қоныс аударады. Оның үстіне, кеңес үкіметінің қысымына шыдамаған әрі оған қарсы шыққан қазақтар шекара асудан басқа амал таппайды. Бұлардың арасында Ғұбайдолланың әкесі Айдар да бар-тұғын. Айдар "неде болса атамекенімізден көзімізді жазбайық" деп олар көршілес, бауырлас ел Түркіменстанның топырағына қоныс тебеді.
Алайда Ғұбайдолла Айдаров әке-шешеден ерте айырылып, туған інісімен балалар үйінде тәрбиеленеді.
Жасынан зерек өскен кейіпкеріміз оқу-білімге өте құштар болған. Ұлағатты ұстаз болуға талпынып, 1934-1938 жылдары алғаш Ташауыз педтехникумның дайындық бөлімінде, Красноводск қаласындағы Бауман атындағы педтехникумда, одан соң Мары қаласындағы педучилищеде оқиды.
1938-1940 жылдары Түрікмен ССР оқу халық комиссарлар советінің жолдамасы бойынша Қарабоғаз-Гол қаласына келіп, қаладағы жетіжылдық мектептің оқытушылығынан еңбек жолын бастайды.
1940 жылы Совет армиясы қатарына шақырылып, Грузияның Акалкалаки қаласында орналасқан И.В. Сталин атындағы атқыштар дивизиясында қызмет атқарады. Ұлы Отан соғысы жылдарында Кавказ, Солтүстік Кавказ, Украина майдандарында кіші командир ретінде соғысқа қатысады.
Осы соғыс кезінде денсаулығы нашарлаған Айдаров ұстаздық қызметіне қайта оралады. 1948 жылы Шымкенттегі мұғалімдер институтын бітіріп, 1952 жылға дейін жетіжылдық, орта мектептердің директоры, сондай-ақ балалар үйінің директоры болып жұмыс істейді.
1952 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педогогикалық институтын бітіреді.
Ғылымға келуі мен еңбек сіңіруі
Ғұбайдолла Айдаров 1952-1955 жылдары С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі ҚазҰУ) аспирантурасын аяқтап, әрі қарайғы өмір жолын ғылымға арнайды.
Аспирантурада оқып жүріп, көне түркі, ескі ұйғыр және моңғол жазуларына қызыққан көрінеді.
"Санк-Петербург университетінің түлегі, көне түркі жазуларының білгір маманы, ғалым Ц.Д. Номинханов С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде қызмет атқарған жылдарда Ғұбайдолла Айдаровқа VI-VIII ғасырлардағы түркі тайпаларының өздеріне тән жазуы болғанын айтып, құпия жазудың сыр-сипатын үйрете бастайды. Сонымен қатар Ғұбайдолла Айдаров Сергей Ефимович Маловпен тығыз байланыс жасай отырып, көне жазуларды еркін оқи алатын дәрежеге жетеді", - деп жазады естеліктерінде профессор Бабаш Әбілқасымов.
1960 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл-әдебиет және тарих институттарының Біріккен ғылыми кеңесінде "VIII ғасырдағы Тоныкөк ескерткішінің тілі және оның қазіргі кейбір түркі тілдеріне қатысы" деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғайды.
1963 жылдан бастап Қазақстан Ғылым академиясы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Түркітану және тіл тарихы бөлімінде абыройлы қызмет атқарады.
"Ғалымның есімін күллі ғылыми әлемге танытқан елеулі еңбегі "Язык орхонских памятников древнетюркской письменности VIII века" деп аталады. Бұл еңбек сол кездегі тіл тарихымен айналысатын аспиранттар мен студенттер үшін құнды дерекөз болады. Ғалым көне жазуларды одан да тереңірек зерттей түседі. Ғалым кәсіби зерттеуші ретінде Республика өңірінде ғылыми экспедициялар ұйымдастырады. Тасқа бәдізделген көне жазба деректер мен петроглифтерді тауып, ғылыми тұжырымдар жасап, жариялау жұмыстарымен айналысады", - дейді Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі Айнұр Сейітбекова.
Ғұбайдолла Айдаров Орхон-Енесей, Талас жазба ескерткіштерін қазақ тіліне аударған тұңғыш ғалым екен. Аудармасы кейін 1990 жылы "Орхон ескерткіштерінің тексі" еңбегінде жарияланады.
1974 жылы Әзербайжан ССР-і Баку қаласында С.М. Киров атындағы Әзербайжан мемлекеттік университетінің Филология факультетінде "VI-VIII ғасырлардағы орхон-енисей және талас көне түркі ескерткіштерінің лексикасы" тақырыбында докторлық диссертация қорғайды.
"Көне түркі жазбалары бойынша шетелдерде, өз елімізде жарияланған ғылыми еңбектерді саралап отыратын ғалым 1979 жылы "Орхон, Енисей және Талас бойындағы көне түркі жазба ескерткіштері бойынша жарияланған әдебиеттің библиографиялық көрсеткіші" атты анықтамалық еңбегін жарыққа шығарады. Одақтағы аты әлемге әйгілі түркітанушылар профессор А.Н. Кононовтан бастап осы еңбекке үнемі сілтеме жасап отырады", - дейді Айнұр Сейітбекова.
Ғалым өз ғұмырында 20-ға тарта монографиялар мен оқу құралдарын, 200-ден аса көпшілікке арналған мақалалар жазады. Көне түркі ескерткіштерінің тілін фонетикалық, лексикалық, грамматикалық тұрғыдан жан-жақты зерттеген "Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі", "Орхон ескерткіштерінің тексі", "Көне ұйғыр жазба ескерткіштерінің тілі", "VIII ғасырдағы Күлтегін", "Армян жазулы қыпшақ ескерткіштерінің тілі" атты кітаптары жарық көреді.
Ғұбайдолла Айдаровтың тілге жүйрік білімпаздығы мен оны меңгеруге шынайы қабілеті тәнті етеді. Түрікмен, әзербайжан, армян, грузин, неміс тілінде еркін сөйлегені – бөлек әңгіме. Түрік, татар, башқұрт, өзбек, қарақалпақ сынды түркі тілдерін де жақсы білген.
Түркімен халқымен достығы
Жоғарыда айтылғандай, Ғұбайдолла Айдаров өмір бойы көне түркі руна жазуының тарихы мен лексикасын, лингвотекстологиясын, қазіргі түркі тілдерімен байланысын зерттей жүріп, бүкіл түркі тілдерін жетік меңгеретіндей қабілетке ие болған. Әсіресе, әзірбайжан мен түрікменше шешен сөйлеген. Оғыз бен қыпшақ тобын қатар игерген. Бакуде докторлық диссертациясын әзірбайжанша қорғаған.
Кейіпкеріміздің өзі бастауыш және орта білімді түркімен топырағында алған. Жетімдікті талай азабын көрсе де, оқу-білімді туыстас халықтың табалдырығында жүріп алғандықтан бұл елге деген алғысы көл-көсір болған.
"Ғұбайдолла табиғатынан қонақжай адам еді. Түркімендермен тонның ішкі бауындай жақын араласып өскен. Үйімізде қонақ үзілмейтін. Әсіресе, Түркіменстан мен Маңғыстаудан, Ақтөбе мен Шымкенттен көп келетін. Алматыда тұрған кезімізде көшеде көрген қарақалпақ, түркіменді әкеп үйге түнете беретін", - деп еске алады ғалымның жары Балжан Сәмиғоллақызы.
Ізденімпаз жас ғалым Ғұбайдолла Айдаров қандас, бауырлас қазақ пен түркімен топырағындағы оқу-ағарту орындарында қаншама жылдар бойына тынымсыз еңбек етіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысады. Түркологияда жазған еңбектерін арнайылап түркімен тіліне аударып, оқулықтар жазған.
Түркімен университетінің профессоры М.Н.Хыдыровпен бірігіп түркімен тілінде "Орхон-Енисей ядыгерликлериниң дили" оқулығын жазады. Бұл кітаптың маңызы жөнінде Түркімен ғалымдары Сапар Күренов пен Аман Нұрмұхаммедов "Яш коммунист" газетінің 1969 жылы 1 ақпанда көлемді мақала жариялайды. 1963 жылдан 1992 жылға дейін Түркіменстан университетінде Орхон-Енисей ескерткіштері тілінен дәріс оқыды. Соның арқасында Қазақстанның да, Түркіменстанның да халық ағарту үздігі атанған.
1981 жылы ғалымның педагогикалық еңбектері бағаланып, Қазақстан және Түркменстанның "Ағарту ісінің озаты" деген атақ беріледі.
"Сыйға – сый, сыраға – бал" дегендей, талай жыл дәм-тұзын берген түркімен еліне Ғұбекең әрқашан шынайы қызмет етіп келеді. Отан соғысынан кейін Шағадам маңындағы Жаңғада шығатын "Жұмысшы" газетіне редактор болған аз ғана жыл ішінде ол түркімен әдебиеті мен мәдениетін қазақ қандастырымызға кең таныстыруды мақсат етеді. Сол бастаманы өмір бойы жалғастырып, бір Мақтымкұлы туралы отызға тарта мақала жариялаған екен. Қазақ, түркімен өңіріндегі мерзімді баспасөзде түрлі әдеби, мәдени тақырыпта жариялаған еңбектері оның "Түркімен мәдениетінің очерктерін" құрайды. Түркімен ертегілерін қазақ тіліне аударып, екі дүркін жариялатуы – туысқан түркімен еліне деген ыстық ықыластың белгісі", - деп пікір білдірген түркіменнің әдебиетші ғалымы Қабиболла Сыдиықұлы.
Ғалым осы газетте жүріп түрікмен классиктері Даулет-Мамед Азади, Кемине, сонымен бірге "Шахсенем-Ғаріп" дастаны туралы, түрікменнің жаңа дәуір әдебиетінің көрнекті өкілдері Б.Кербабаев, Б.Сейтаков т.б жайында танымдық мақалалар жазады. Түрікмен жазушысы Ақмұрат Сарығұлыевтің "Зөхре" әңгімесін аударады. Ғалым 1966 жылы түрікмен халқының 53 ертегісі енген "Түрікмен ертегілері" кітабын аударып қазақ тілінде бастырады.
"Түркіменнің ауыз әдебиетін, классикалық әдебиетін, туысқан халықтың тарихын, салт-санасын дәл Ғұбекендей білетін адам көп емес. Ол бір кезде түркімен әдебиетінін жекелеген үлгілерін қазақ тіліне аударып та көрген. Міне, осы екі тілді – қазақ пен түркімен тілін қосарлап меңгере алуының өзі оның түркология әлемінде салыстырулар жасауына, белгілі бір заңдылықтардың ұштығына жетуіне көмектеседі. Түркіменстаннан жол тартып келген үлкенді-кішілі зерттеушілердің Ғұбекеңе соқпай кететіні болмайды. Бейнелеп айтсақ, ол белгілі дәрежеде түркімен ағайынның біздің республикадағы сенімді өкілі іспетті. Түркіменстан былай тұрсын, Қарақалпақстаннан, Хорезмнен келген әріптестердің де Алматыда алдымен бас сұғатын үйлерінің бірі – Ғұбекең үйі", - деп естелік айтады ғалым Рахманқұл Бердібай.
Кей деректерде Ғұбайдолла Айдаровтың ата-бабалары, Жанбоз атанған арғы аталары маңғыстаулық түркімендермен төс түйістірер дос болғаны айтылады. Сол достықты ұрпақтары да жалғастырған көрінеді.
"Бозторғай – басына, тұрымтай – тұсына" дегізген кешегі зар заманда, отызыншы жылдардың ойранында үдере босқан қалың қазағымды "қаңғып келген" деп алаламай, түсіністікпен қарсы алып, алдымен әкеден, кейін шешеден бірдей айырылған мендей тұлдыр жетімдердің ғұмырының, үміт жібінің үзілмеуіне септігін тигізген түркімен бауырларға менің, халқымның да айтар алғысы шексіз. Біз қиындықта сыналған бауырластығымызды ешқашан ұмытпаймыз", - деп толып естелік қалдырған екен Ғұбайдолла Айдаровтың өзі.
Өмірбек Сансызбай
әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университеті
І курс PhD докторанты