80-90 жылдардың жұлдызы, сымбаттысы, сүйкімдісі, аңызы Жан Клод Ван Даммның туған күні бүгін. «Шегінбестен, жеңілместен!». Міне оның нағыз ұраны. Ал оның шын атын біреу білсе, біреу білмейді: Жан-Клод Ван Варенберг.
Ол 1960 жылы 18 қазанда туған. Әкесі бельгиялық, анасы фламанд ұлтының өкілі. Бала кезінен қатарластарының төмендетуінен намыстың туын жықпау туралы ойлайды. Әкесі каратэге апарған күні оның дене бітімі орысшалап айтсақ «ботаник» болған, яғни көзінде қалың көзілдірік, арық, бас сүйегі бітімінен үлкенірек. Жаттықтырушысы Клод Гетц оның мүмкіндігін 16 жасында бір-ақ байқаған.
Жаттықтырушысы әлдебір оймен өзінің итін шәкіртіне қарай айтақтап, қуа жөнеледі екен. Сөйтсе, біздің кейіпкер ертеңгі күні меселі қайтпай ұстазының үйіне қайта барады екен. Дәл осылай балалық, жасөспірімдік шағын өткізген ол 1980 жылы 20 жасында «қара белбеуді» беліне байлайды. Ал дәл сол жылы неміс Дитрих Таргиллзді әйгілі секіріп тебу әдісімен жекпе-жектің бірінші секундында-ақ құлатады. Ван Дамм – Еуропа чемпионы. Бұдан кейін оның әуестігі аэробика, би және бодибилдингке ауады да Брюссельде «Калифорния» деген клуб ашады. Американың киноолимпі саналатын Голливудқа бару үшін ол ашқан клубын сатып, әйелімен ажырасады. АҚШ-қа барған ол жүргізуші боп жұмыс жасап, ағылшын тілін үйрене бастайды. Бірнеше мафиялық ұйымдардың өктемдігіне төзіп, мықтылығын дәлелдеген оны барлығы да құрметтеп, ақша үшін көше төбелесіне шығарады. Голливудтың бір дөкейіне кіргенде де өзінің мықтылығын дәлелдеу мақсатында екі орындықты алып кіріп, екі аяғын кере отырып алып сөйлескен оны жұмысқа бірден алған көрінеді. «Қанды спорт» киносы дәл осы кезде ойға келген.
Міне, осы жерден оның кино әлемінде барлығы да сәтті бола бастаған. Оның барлығын айтып, көзіңіздің майын тауыспайық...
Ван Дамм – кино тарихында ғасырларға аты жететін тұлға. Бала кезімізден көретін фильмдердің соңы жақсылықпен аяқталуы біздің өмірге деген көзқарасымызды өзгертіп, темір көтеруге, денсаулығымызды нығайтып, шымыр болып өсуге, сөз жоқ, әсер етті. Мұны мойындамасақ, әділетсіздік боларына шүбә жоқ. Бала кездің арманына айналған оның тұлғасы әрқашан да жадымызда қалуы орынды да. Балалығымызбен қоштасқанда да, оқыған кітаптарымызды, көрген киноны, алғашқы махаббаты қимайтынымыз бар ғой, расында да біздің келмеске кеткен жастығымызды осы бір бейнелер, сәттер естелігіміздей етсе игі...
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: kinopod.ru