Жақында кинотеатрлардан әлемге әйгілі Уолт Диснейдің "Мэри Поппинс" шығармасын экранизациялағаны жайлы фильм көрсетіле бастайды. Басты рөлді атақты Том Хэнкс сомдады. Уолт Диснейді сомдаудың қиындықтары, 25 жыл бойы отбасылық идиллияны қалай сақтағаны, тәрбие әдістері мен «Оскарға» қарағанда құймақты аңсайтындығы жайлы Том Хэнкстың өз аузынан...
— Том, сіз тағы біреуді бәле-жаладан құтқармақсыз! «Мистер Бэнксты құтқару» — бұл сіздің құтқару жайлы екінші фильміңіз...
— «Қатардағы жауынгер Райанды құтқаруды» айтасыз ба? Иә, енді үшінші фильм жайлы да ойлану керек — керемет трилогия шығар еді!
— Онда күтеміз! Сіз ойнаған жаңа картина «Disney» студиясында танымал «Мэри Поппинс» фильмін түсіру оқиғасын көрсетеді. Ал бәрі студия басшысының бір кездері қыздарына сүйікті кітабын, Памела Травэрстың ертегісін экранизациялаймын деп уәде бергенінен басталған. Сіз білдей Уолт Диснейді сомдайсыз. Бұл рөлге қалай қол жеткіздіңіз?
— Маған «Disney» компаниясының бас директоры Боб Айгер хабарласып: «Том, мында бір қиын жағдай туындап тұр. Қолымызға Уолт Дисней жайлы фильмнің сценариі түсті. Және егер оны біз түсірмесек, міндетті түрде басқа студия түсіреді, онда біз елге күлкі боламыз. Өзің ойлашы, «Disney» компаниясы өзінің негізін қалаушы адам жайлы фильм түсіруден қалайша бас тартады? Ал егер сценариді елемесек, бәрібір хабар тарайды және біз бірдеңені жасырып жүргендей боламыз. Қысқаша айтқанда, Уолтты ойнағың келе ме?» деді.
— Сөйтіп, сіз бірден келісіміңізді бердіңіз?
— Иә, Бобқа «жоқ» деу қиын. (Күлді.) Сөйлесіп болған соң тіпті аузым кеуіп кеткені есімде — рөлге дайындық барысында қаншама жұмыс атқаратынымды түсіндім. Дегенмен мұндай аңыз адамды, Америка үшін елеулі азаматты сомдау оңай шаруа емес! Бірақ қиындықтан қашатын мен емес. Сонау 1979 жылы, Нью-Йоркте мансабымды жаңадан бастап, бір тал нан үшін күресіп жүрген тұста кітапханадан Уолт Диснейдің өмірбаянын тауып алғанмын. Мені сонда ол адамның табандылығы мен қайсарлығы тәнтті етті. Табыс пен мойындаушылыққа жетпей тұрып, Дисней көптеген қиындыққа тап болған, бірақ ешқашан анимацияның болашағына сенімін жоғалтқан емес. Сондықтан осындай ұлы адамды сомдау мүмкіндігі менің қызығушылығымды оятты. Онымен қоса «Мэри Поппинстің» авторын, жазушы Памела Трэверсті Эмма Томпсонның өзі ойнайды. Ал ол, мен сіздерге айтайын, нағыз өз ісінің маманы. Оның кейіпкері шадыр және қырсық болғанына қарамастан, Эммамен жұмыс шарапқа мол үш сағаттық түскі ас іспетті өтті. (Күлді.)
— Диснейдің отбасы мен туыстары кейіпкеріңіздің мінез-құлқы жайлы ақпараттар айтып, көмектесті ме?
— Мен оның қызы Дайен Дисней-Миллермен көп әңгімелестім. Ол әкесінің қыр-сырымен бөлісті, барлық архивтер мен құжаттарға жол ашты. Мен Диснеймен болған мыңдаған аудио және бейнежазбаларды қарап шықтым және Сан-Францискодағы отбасылық музейіне бірнеше рет бардым. Онда Уолттың жеке заттары да, фильмхана және 120 адамдық кинозал да бар. Диснейдің жанкүйерлеріне өте қызық болады деп ойлаймын. Сонымен қатар мен Уолттың көптеген достарымен және бұрынғы әріптестерімен таныстым. Оның ішінде көп жыл бойы «Disney» студиясында ағасы Роберт Шерманмен композиторлық қызмет атқарған Ричард Шерманмен танысу бақыты бұйырды. Ричард, мен айтайын, бұрынғы басшысы жайлы анекдоттар мен сарқылмайтын хикаяттар айтудың шебері.
— Сонымен, кейіпкеріңіз жайлы қандай қызықтарды білдіңіз?
— Көп! Мысалы, шылымқорға тән жөтелі болған. Уолт күніне үш қорап темекі тартқан. Қатты жөтелінен қызметкерлері Диснейдің жұмысқа келе жатқанын алыстан-ақ біліп отырған. Бірақ шылым шеккенін фильмде көре алмайсыздар. Өйткені Уолт өкпе рагынан қайтыс болды емес пе? Және оның атын иеленіп жүрген компания өз фильмдерінде темекі көрсетуден бас тартқан. Бәрінен бұрын оның мұрты әйгілі болған. Неге екенін білмеймін, бірақ фотографтар оның мұртын суретке түсіруге құмар болған, ал миллиондаған адам оны саралап, талқыға салып отырған. Менің түр-пішінім Уолтқа онша ұқсамайды, бірақ мұртымды дәл оныкіндей етіп өсіріп алдым. Тіпті өзіме ұнап қалды. Ал бірақ әйелім Ритаға онша ұнамады. (Том актриса Рита Уилсонға 1988 жылы үйленді. Оған дейін Хэнкс америкалық актриса Саманта Льюиске үйленген болатын. Бұл отбасынан екі баласы бар: Колин есімді ұлы (ол да актер) және Элизабет Энн есімді қызы. Том мен Рита екі ұлды тәрбиелеуде — Честер және Трумэн. Ұлы Колиннен Оливия және Шарлотта есімді немерелері бар. — Қосымша.) Әйелім әрдайым: «Фильм түсірілімі қашан бітеді?» деп сұрайтын. Ал өзі бұл сәтте: «Мына сұрықсыз мұртыңды қашан қырасың?» - деп ойлап тұратын. (Күлді.)
— Мұрт мұртымен, бірақ актерлік мамандық, атап айтқанда рөлдер үшін актердің құрбандыққа баруы, денсаулығыңызға кері әсер еткенін айтыпсыз...
— Иә, дәрігерлер маған екінші типтегі қант диабеті деген диагноз қойды. Мұндай аурудың алғышарты дене салмағының жиі ауысуы екен. Ал мен мамандығыма байланысты салмағымды жиі ауыстыруға мәжбүр болдым. Мысалы, «Олардың өз лигасы» фильмі үшін 1992 жылы мен 13 килограмм салмақ қостым. Ал 2000 жылы «Аласталған» фильмі үшін 22 килограмм салмақ тастауыма тура келді. Отыз алты жасымнан ағзамда қант деңгейі жоғары, және дәрігерлер диабетке шалдығуыңыз мүмкін деп ескертетін. Сондықтан бұл жаңалық мені қатты таң қалдыра қойған жоқ. Дәрігер маған: «Мектеп кезіңдегі салмағыңды қайта қалпына келтір, сонда диабет жоғалады» - деді. Ха-ха, бірақ бұл мүмкін емес қой! Мен ол кезде 50 киллограмның әр жақ, бер жағында едім, ал қазір 85 киллограмм тартамын. Не істеу керек? Мен 57 жастамын және болашақта қатты азу керек немесе толу керек дейтін рөлдерден бас тартатын боламын. Және әрине, диетаға отырып, денсаулықты қадағалау керек. Әйелім бұл тұрғыда мені қолдауға кірісіп кеткен. Тамақты қалай жақсы көретінімді ол жақсы біледі ғой. Пицца — адамзаттың ойлап тапқан ең керемет өнертабысы!
— Мынадай жұмысбастылығыңызбен отбасыңыз бен туғандарыңызға көңіл бөлуге уақытыңыз бен күшіңіз жете ме?
— Көп жылғы тәжірибемде жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті ұстауды үйрендім. Бұрын тіпті түсірілім алаңына әйелім мен балаларымды алып жүретінмін. «Сиэтлдегі ұйқысыз түндер» фильмінің түсірілімі кезінде су шаңғысын тепкеніміз есімде. Керемет болатын! Және жалпы мен әйеліммен өте бақыттымын. Біз, айтпақшы, былтыр отасқанымызға 25 жыл мерейтойымызды атап өткен болатынбыз. Осынша уақыт бірге екенімізге сене алар емеспін. Бар-жоғы екі жыл сияқты. (Күлді.) Және Ритамен кім-кімді көбірек жақсы көретінін анықтау үшін ғана ұрсысамыз. Міне осындай идиллия. Және мұндай қарым-қатынастың сыры неде деп сұрамаңыз — өйткені ол жоқ. Біздің сезіміміздің беріктігі сонша, мен тіпті Ританы әйелім деуге қимаймын. Ол менің жарым ғана емес — құрбым, анам, керек болса ашынам. Мен онсыз өмірімді елестете алмаймын. Екеуміз жаңадан кездесіп жүргенде ойлайтынмын: «Бұл адаммен бірге маған неге бәрі сондай жеңіл көрінеді? Бәлкім нағыз үндестік деген осы шығар?»
— Әйеліңіз сізді өте мейірімді және қамқор күйеу деген екен. Қамқорлығыңызды қалай білдіресіз?
— Өзімнің жеке әдістерім бар. (Күлді.) Мен әрдайым Ритаға телефонның немесе кофеқайнатқыштың жанына жақсы күн тілеп немесе сол сияқты хабарламалар жазып кетемін. Ол тіпті бәрін сақтап жүрмін деп қояды. Мен ескі жазу машинкаларын жинаймын. Бүгінде олардың саны жүзден асты! Міне, солар арқылы әйеліме хабарламалар басамын. Және де Ритаға күнім қалай өткендігі жайлы фото есеп жіберетін әдетім бар. Ол қасымда болмаса, ұялы телефоныма не жегенімді, кіммен кездескенімді, түсірілім алаңын суретке түсіріп жіберемін. Бұл оған ұнайтын сияқты. Расында, мен бақытты некемді қатты қадірлеймін. Бірақ мені әрдайым осындай тәртіпті әрі жауапкершілігі мол адам болған деп ойлап қалмаңыздар. Жас кезімде көптеген қателік жібердім. Бірінші әйелім Самантаға жасым 20-дан сәл асқан уақытта үйлендім. Және қолымызда ұлымыз Колин бар еді. Әрине, мен ол кезде мұндай жауапкершілікке дайын емес едім. Сол себепті отбасымыз ыдырап кетті. Ұлым мен қызымның анасымен қарым-қатынасты сақтап қала алмағаным үшін, оларға қаншама қайғы сыйлағаным үшін балаларымның алдында өзімді ұятты сезінемін. Өйткені ата-ананың ажырасуы балалардың арқасына аяздай бататынын өзім жақсы білемін. Менің әке-шешем төрт жасымда ажырасып кетті. Содан бері мен әкеммен, аға-әпкеммен бірге тұрып келдім. Анаммен сирек кездесетінбіз. Әкем одан кейін бірнеше рет үйленді, анам да тұрмыс құрды. Жалпы алғанда сондай некелерден 16 інім мен қарындасым дүниеге келді. (Күліп). Жалпы айтқанда, ішің пыспайтын.
— Қалай болғанда да, сізді жұрт «Голливудтың ең тәртіпті жігіті» дейді...
— Эх, дауласпай-ақ қояйын. (Күлді.) Алайда кейбір кездері қыңырлық танытатыным бар, сондықтан менімен өмір сүру және жұмыс істеу айтарлықтай оңай деп айтпас едім. Сонымен қатар мен өз істерімді қатаң бақылауда ұстаймын. Көп адам жатар алдында: «Бүгін жақсы күн болды!» - деп ұйқыға кетеді. Ал мен әдетте: «Бүгін нені дұрыс істемедім? Бәлкім, біреуді ренжітіп алған шығармын?» деп ойлап жатамын. Әйелімнің пікірінше, менің басты кемшілігім, бәрін іште сақтайтынымда. Яғни бірдеңені уайымдап жүрсем де сыр бермеймін. Сонымен қатар өтірікті жек көремін. Көп адам әрдайым өтірік айтады. Солар қалай жазасыз таза шығатынын түсінбеймін. Ал жақындарымның бәрі мен ұстанатын ережені жақсы біледі: «Өтірік алдасаң, өлдім дей бер!» (Күлді). Планетамызды мекендейтін адамдардың 80 пайызы жақсы адамдар екеніне сенімдімін. Ал қалғандары – өтірікшілер мен жөліктер. Міне, сондай адамдардан абай болыңыздар!
— Балаларыңыз бен немерелеріңіз сіз десе жаны қалмайтын шығар...
— Тәрбие жағынан мен, шыны керек, алаңғасармын. Және оларға жетілікті түрде уақыт бөліп жүрмін деп айта алмаймын. Шынымды айтайын, «Балаларыма үлгі болардай әке бола алып жүрмін бе? Мені үлгі тұта ма?» деген ойларсыз күнім өтпейді. Және тәтті сәттерден ләззат алудың орнына, түсірілімдер үшін біреудің туған күнін ұмытып кеткенім, ұсақ-түйек үшін айқайға салған сәттер ойымнан кетпейді. Есесіне олар күнде күліп жүрулерін қадағалаймын. Мүмкін болғанша жиірек. Бұл пайдалы! (Күлді.) Менің тәрбие беру әдісім — балаларым істің мән-жайын түсіну үшін және дұрыс шешім қабылдауға ұмтылу үшін оларға ойландыратын сұрақтар қоюға тырысамын. Кенже ұлым Трумэнмен скутер тепкенді ұнатамын. Оған скутер әперемін деп өзім де теуіп көріп, қызығына кіріп кеттім. Ал немерелеріммен өтетін уақыт тіпті ертегі: көңіл көтереміз, ойнаймыз. Бірақ бар жауапкершілік пен ұйқысыз түндер ата-аналарына жүктеледі — мен үйіме қайтып кетемін ғой. Міне, үздік сценарий деген осы! (Күлді).
— Немерелеріңізді Диснейлендке апарып үлгерген шығарсыз?
— Иә, үлкен немерем Оливияны апарғанмын. Сол жерде түсірілім болатын күні өзіммен алып бардым. Винни-Пухтың шытырмандарына арналған аттракциондарға отырдық. Мен деген мәз болып: «Бұл күн Оливияның есінде мәңгілік қалатын болды! Винни аюдың шаһарында болу — әр баланың арманы емес пе!» - деп өзімді мақтан тұтып жүрсем... Не дейсіздер ғой? Қатты дыбыстан, Виннидің даусынан, жалпы аттракциондардан немерем қатты шошып қалыпты. Иә-иә! Және бұл қорқыныш оның есінен жақын арада сейілмейтін шығар. Қалай? Керемет ата екендігіме жақсы мысал келтірдім бе? (Күлді).
— «Филадельфия» және «Форрест Гамп» фильмдеріндегі рөлдеріңіз үшін екі «Оскарыңыз» бар. «Капитан Филлипс» фильміндегі рөліңіз үшін «Оскар» номинациясына ілігуге аз-ақ қалдыңыз. Табысты әрі танымал болу қалай екен?
— Танымал болу дегеніміз — дәрменсіз болу. Енді мен мұнымен не істей аламын? Жай ғана табиғи түйсігіммен әрі қарай өмір сүре беремін. Алайда кейде жақсылап бір душ қабылдап, жұлдыздық өмірден тазаланғың келеді. Ал «Оскарға» келер болсақ... мен бұл салтанатты өте жақсы көремін. Әсіресе жүлде табыстайтын күні ұйымдастырылатын таңғы асты. Онда әлемдегі ең дәмді құймақпен тамақтандырады! Және шақырылған қонақтар үшін бәрі тегін! Мені осы жылы да шақырады деп үміттенемін. Алайда маған құймақ жеуді тыю керек. Әйелім мен дәрігеріме диета сақтап, денсаулығыма қараймын деп уәде бердім ғой. (Күлді).
Сурет: govoru.com
Түпнұсқа: 7days.ru
Аударған: Анар Мұстафина