Телжаннан қалған телегей мұра

XX ғасырдың бас кезінде оның ішінде, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі, 1917 жылғы ақпан буржуазиялық-демократиялық және қазан төңкерістері, Алаш қозғалысы мен азамат соғысы – осы тарихи оқиғалардың бәрі алаш зиялы қауымының көрнекті өкілдерінің үлкен шоғырын дайындап, елдің жоғын, халықтың мұңын ойлайтын ірі қайраткерлерді қалыптастырды. Ұлт әдебиетінің, мәдениетінің, ғылымның айтулы тұлғалары аз жылдың ішінде ұзақ мерзімде іске асатын алуан саладағы істер тындырды.

Халқымыздың біртуар аяулы ұлдары – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай, Халел Досмұхамедұлы, Мұхамеджан Тынышбаев, Міржақып Дулатұлы бастаған аға буын өкілдерінен бастау алған халық қажетін өтейтін іргелі істер атқарылып жатты. Осы Алаш зиялыларының ұлы шоғырында Телжан Шонанұлының алатын орны ерекше.

Сол заманның біраз зиялылары қазақ қоғамын "ояту" мақсатында айтарлықтай маңдай терін төккені баршамызға аян.

Телжан Шонанұлы 1894 жылдың 17 желтоқсанында Ырғыз ауданының Аманкөл ауылында дүниеге келген. Небары 43 жыл өмір сүрсе де, артына ортаймас мол мұра қалдыра білді. Ғұмырының 20 жылын ғылыми-педагогикалық салаға арнаған. Өмірінің соңғы жылдарында Қазақ педагогикалық институты мен әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде доцент қызметін атқарған. Ол - ұлтын сүйген патриот, үздік тіл маманы, ағартушы-ғалым, жазушы және өте шебер аудармашы. Қазақ әдебиеті мен тіл ғылымын зерттеуші алғашқы ғалымдардың бірі, Ахмет Байтұрсыновтың шәкірті. "Қазақ" газетіне халық ағарту мәселелері бойынша мақалалар жариялады.

1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынборда өткен екінші жалпықазақ съезінде Алашорда үкіметі жанынан құрылған оқу комиссиясының құрамына (А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Е.Омаровпен бірге) кірді. 1923 жылы 15 сәуірде "Қазақ өлкесін зерттеу қоғамына" мүше болып, 1924 жылы 12-18 маусымда өткізілген қазақ білімпаздарының тұңғыш съезіне 1924 жылы Қазақ АКСР-і ғылым саласы қызметкерлерінің съезіне делегат болып қатысты. 1926 жылы тамызда Бакуде өткізілген Бүкілодақтық түркологтар съезіне А. Байтұрсынов, Н. Төреқұлов, E.Омаров, Б.Сүлеев, Ә. Байсейітовпен бірге Шонанов та қатысты, Съезден кейін латын әліпбиін насихаттайтын республикалық комитет құрамына енді. Сол  кезеңде ол О.Жандосовпен бірге барлық латын комитеттері мен латыншыларға арнап ашық хат жариялады.

Телжан Шонанұлының ғылыми ізденістері, еңбектері көп қырлылығымен, сан-саланы қамтыған біліктілігімен ерекшеленеді. Телжан Шонанұлы – қазақ әдебиеті мен тіл ғылымын зерттеуші алғашқы ғалымдардың бірі, "Жаңа әліппе", "Қазақстан жағрапиясы", "Қазақ жерінің тарихының мәселелері", "Самоучитель казахского языка", "Оқу құралы" оқулықтарын ұстазы Ахмет Байтұрсынұлымен бірігіп жазған. Телжан оқулық жазуда алдыңғы буыннан алар тәжірибесі көп.

2019 жыл Телжан Шонанұлының 125 жылдық мерейтойы өтті. Орталық ғылыми кітапхананың "Сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет" бөлімінде Телжан Шонанұлының араб және латын әрпімен жазылған еңбектері сақталған. Солардың біршамасына тоқталсақ:

1. Телжан Шонанұлының 1923 жылы жазған "Қазақ жері мәселесінің тарихы" атты еңбегі 1926 жылы Ташкентте тұғыш рет 3 мың таралыммен басылып шықты.

Бұл кітап қорында "9607" нөмірімен сақталған, 224 беттен тұрады. Бұл еңбегінде қазақтарды қоныстандыру, отаршылдандыру және оларға бөлінетін жер турасында ең бір өзекті мәселелерге байланысты жазылған еңбек. Ескі заманда қазақ жерді қалай пайдаланған? Қазақ жердің қадірін біле ме? Қазақ жері мәселесінің дәуірлері т.б. көптеген тарауға бөліп қараған. 1920-23 жылдардағы жер туралы шыққан заңдарға талдау жасап, ғалым ретінде нақты ұсыныстар айта білді. Маңыздылығын терең талдай білген.

2. Телжан Шонанұлының "Шала сауатты ересектер үшін" оқу құралы Қызылорда қаласында 1926 жылы басылған, 202 беттен тұрады. "9662" нөмірімен сақталған. Бұл кітап сауатсыздықты жоятын, алты айлық мектепті бітірген, шала сауаттылар мектебінде оқитын ересектерге арналған. Басты қозғайтын мәселе мал бағу, саяси сауат, есеп білдіргіш, Ленин өмірі мен ісі және т.б.

3. Телжан Шонанұлы "Оқу құралы": 3-4-ші жылдарда оқылатын кітап. 2-ші бас. – Қызылорда 1927. – 412 б. "9633" нөмірімен сақталған. Бұл кітапты ұстазы Ахмет Байтұрсынұлымен бірігіп жазған.

4. Телжан Шонанұлының "Сауаттан" Қазақстан оқу комиссариаты үлкендер үшін ұнатқан. "Қазақстан" баспасынан 1930 жылы басылған. Текст латын әрпінде, 48 беттен тұрады, "9663" нөмірімен сақталған.

Білім негізі – хат тану. I-басқышты бітірген бала оқи-жаза білуі керек. Кез келген хатты, газеттерді, жеңіл кітаптарды түсінерлік болу керек. Бұл кітапта әліппе реті, егін егудің жолы, бақша, мал тұқымын асылдандыру тақырыбынан бастап, қол хат, сенім қағаз, аманат қат, әр саланы тануды қамтып отырған.

Телжан Шонанұлы латын графикасын пайдалана отырып көптеген оқулықтар мен оқу құралдарын жариялаған еді. Соларға тоқталсақ.

1. Шонанұлы Т. Сауаттан. – Қызылорда: Казиздат, 1929. – 32 б.

2. Шонанұлы Т. Орыстар үшін қазақша әліппе. -Қызылорда: Қазақстан, 1931. – 88 б.

3. Шонанұлы Т. Қазақ тілі грамматика мен емле. Бастауыш мектептің 3-4 кластары үшін. – Қызылорда: Қазақстан, 1934. – 95 б.

4. Шонанұлы Т. Қазақ тілі грамматика мен емле. Бастауыш мектептің 3-4 кластары үшін. 3-ші басылуы. – Қызылорда: Қазақстан, 1936. - 95 б.

5. Шонанұлы Т. Қазақ тілінің оқу құралы. Орыс мектебі үшін I-ші бөлім. 4-жыл. Қызылорда: Қазақстан, 1933. – 94 б.

6. Шонанұлы Т. Жаңалыққа жетекші. – Қызылорда: 1929. – 35б.

Мұнда әліппе әдісі. Бүтін сөз әдісінің бір тарауы мен жазылады. Ондағы оқушылардың міндеттері, баланың қолын жазуға жаттықтыру, сабақ реті, емле үйрету, буын ойыны, әліппе, үлгі сабақтар және тағы басқалар.

Басқа да көптеген авторлармен бірлесе отырып жазған еңбектері де біршама.

1. Жолдыбайұлы М., Шонанұлы Т. Колхоз ауыл. Түзетіліп жаңа әріппен III-ші басылуы. – Қызылорда: Қазақстан, 1931. – 136 б.

2. Жолдыбайұлы М.,Шонанұлы Т. Жаңалық. Колхоз мектептері үшін әліппе. – Қызылорда: Қазақстан, 1932. – 79 б.

Бастауыш сыныптарға арналған бұл кітап, ондағы балалардың ерекшеліктері мен ой-өрісін ескерген. Оқушыға шынайы білім беруді насихаттаған. Ол үшін зор талап пен терең талғам болуы керек екенін баса айтқан.

3. Шонанұлы Т., Бегәліұлы Ғ., Жиенбайұлы С. Бастауыш мектептегі қазақ тілінің әдісі. Қазақстан халық ағарту комиссариаты бекіткен. – Қызылорда: Қазақстан, 1935. - 124 б.

4. Шонанұлы Т., Жолдыбайұлы М. Әліппе. -Қызылорда: Қазақстан, 1935. – 70 б. Баланы көбірек жазып, оқуға дағдыландыру керек. Жеңілден ауырға, оңайдан қиынға, жақыннан алысқа көшіріледі, деп толғанады ғалым.

5. Шонанұлы Т., Жолдыбайұлы М. Әліппе. Түзетіліп, 4-ші рет басылуы. Қызылорда: Казиздат, 1936. – 70б.

6. Шонанұлы Т., Голяковская А. Емле мен оку. I - кітап. – Қызылорда: Қазақстан, 1934. – 48 б., табл.

Қазақ мектептеріндегі ана тілі қалай жүргізілгендігін және емлеге тоқталған. Ана тілі жат жазу, көшіру, жылдам жазу, дауыстап оқу, іштен түсініп оқу жағын зерттеген.

7. Қазақ шаруа жастар мектебіне арналған программа мен түсініс хаттар / Құрастырушылар: Шонанұлы, Қабылұлы, Жолдыбайұлы, Омарұлы, Кемеңгерұлы, Әуезұлы, Майлыұлы, Марғұланұлы. – Қызылорда: Казиздат, 1930. - 164б.

8. Шонанұлы Т. Самоучитель казахского языка. – Қызылорда: Казиздат, 1930. – 113б.

Осындай бағалы кітаптар сол кездегі Қазақстанның астаналары Қызылорда, Алматы қалаларында бірнеше таралыммен жарық көрген. Жоғарыда аталған еңбектері қазақ тіліне байланысты және оны оқыту әдісі жөніндегі ғалымның тынымсыз еңбегінің нәтижесі.

Сонымен қатар, Телжан Шонанұлы "Жаңа мектеп" (қазіргі "Қазақстан мектебі") журналын 1925-1929 жылдар аралығында ұйымдастырушылардың бірі болған. осы журналдың әр жылдардағы саны сирек кітап қорында сақталған.

Телжан Шонанұлының толағай екбетір көптеген данамен қазақ даласының әр аймағын қамти отырып, тіпті алыс ауылдарға жеткізіліп отырған. 1922-1937 жылдар арасында 12 жыл бойына түзетіліп, қайта баспа беттерінде жарық көрген.

Телжан Шонанұлының әр еңбегінен ана тілінің қамқоршысы, жанашыры екенін байқауға болады.

Орталық ғылыми кітапхана

"Сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет" бөлімінің қызметкері

Д.Нұрмұхамбетова