Тәттімбет Қазанғапұлы ауқатты әулеттің баласы. Қарқаралы даласында туған ол Арқаның тұнық сулы, көк жайлауында бой түзеп, көкпар тартып, қазан қайнатқан өлкесінде ержетеді. Жастайынан ән-жырға құмар болған ол әкесінің інісі Әлиден домбыра тартуды үйрене бастайды. Қос ішекті аспапта өздігінен күй шығаруға ұмтылады. Бойындағы қабілет пен еселі еңбегінің арқасында өнер шеберлерінің қатарына қосылады.
Күйші болып, талай тартыстарда өзгелермен жарысқа түседі. Қалың көпшілік жиналған той-думанның бірінде Тәттімбет бір сылқыммен күй тартысқа түсіпті. Қарсылас домбырашы қызбен тартысқан ол 39 күй орындайды. Қыздың оңайлықпен жеңілмейтін білген ол аяқ киімін шешіп жіберіп, келесі күйді башпайымен тартып, тартыста жеңген екен. Әр ойын-сауық, жиын-салтанаттарда жүздескен арулардың өнері мен әсемдігіне тәнті болған Тәттімбет «Былқылдақ», «Сылқылдақ» сияқты арнау күйлерін шығарған. Ол күйші ғана емес, ойға жүйрек, тілге шешен, суырып салма жан болған екен. Алқалы топ қатысқан үлкен жиынның бірінде қос ішекті қағып, күй тартқанда асау боз жорғаны жүйткіп билеткен деген аңыз бар.
Аз ғана ғұмырында Тәттімбет 40 шақты күй шығарған. Әр күйінің өз тарихы, өз аңызы бар. Арқа төсінде ер жеткен ол туған өлкесіне арнап «Сарыжайлау» күйін шығарады. «Сарыжайлауда» күллі елдің тыныс-тіршілігін, атамекеннің сұлулығын суреттеген. Туған өлкесіне арналған күйінде адам баласының өміріндегі күйініш пен қуанышты, өкініш пен шаттықты бейнелейді.
Бірде Тәттімбет ауыр дертке шалдығып, төсек тартып жатады. Дәл сол сәтте Ресей отаршылдары қазақ даласын біртіндеп иелене бастағанын көрген ол жүрегі ауырып, ел келешегіне алаңдайды. Халқының ауыр тұрмысын, қиын-қыстау кезеңін көре тұра, оны күйге сала алмадым деп өкінеді. Күндердің күнінде ел еркесінің жағдайын біліп, көңілін сұрауға бір топ азамат келеді. Сол кезде ол өз халін күй арқылы толғатып айтқан екен. Күйден шыққан әуен отырған қауымның жүрегін сыздатып, сай-сүйегін сырқыратқан екен. Осылай өмірге «Көкейтесті» күйі дүниеге келген. Бұл оның соңғы күйлерінің бірі. Тәттімбет тәтті туындыларын мұра етіп қалдыра отырып, қазақ музыкасында шертпе күй дәстүрінің негізін қалады.
Атақты күйші 1862 жылы 47 жасына қараған шағында өмірден өтеді. Қарқаралы өлкесіндегі Түндік өзенінің бойында орналасқан Бабалы мен Арқалық тауларының ортасындағы алқапта жерленген. Бұл зират оның әкесі Қазанғапқа арналып салынған. Зират ішіндегі үш бесікшенің бірінде Қазанғап, екіншісінде оның бәйбішесі, Тәттімбеттің анасы Қалайы, үшіншісінде Тәттімбет жатыр...
Суреттер: elim.kz, dombra-music.kz