"Тас Маймылды" қазақша сөйлеткен Бәтима Қызданаева

"Тас Маймылды" қазақша сөйлеткен Бәтима Қызданаева
Фото: kazakcnr.com

Қытайлық KazakCNR сайтында Қытай елінде өмір сүрген қандасымыз, белгілі актер Бәтима Қызданаеваның өмірбаяны мен шығармашылық жетістіктері туралы мақала жарық көрді.

Аталған дереккөздің жазуынша, Қытайдағы қандастарымыздың арасынан шыққан білікті ұстаз, композитор, үздік дыбыс актері Бәтима Қызданаева 1936-шы жылы Тарбағатай аймағының Дөрбілжін ауданында туған. 1952-1955-ші жылдары Үрімжі ән-би ансамблінде, 1955- 1965-ші жылдары Іле Қазақ автономия облысының ән-би ансамблінде жұмыс істеген. Ал, 1965- 1980-ші жылдары Іле педагогика университетінің Өнер факультетінің оқытушысы, 1980- 1991-ші жылдары осы оқу орнының кітапханасында жұмыс істеп, зейнетке шыққан.

Ол Іле Қазақ автономия облысының ән-би ансамблінде жұмыс істеген уақытында театр саханасында «Сырлы той», «Қос күрең», «Анархан» қатарлы ұйғыр, қазақ тіліндегі қойылымдарда басты рөлдерді сомдаған. Сондай-ақ, 1953 жылы түсірілген Қытайдағы тұңғыш қазақ фильмі «Қасен-Жәмила» мен 1963-ші жылы түсірілген «Тянь-Шань қызыл гүлі» киносында рөл сомдап, дыбыс актері болуымен бірге, фильмге арқау ән жазып, туындының сәтті шығуына жан-жақтылы атсалысқан. Осыдан кейін «Хаюанаттар хандығындағы ұрлық делосы» телефильмдегі панда аюды және қосымша кейіпкерлерді қазақша сәтті дыбыстайды.

Ал, өнердің сан қырын меңгерген Бәтима Қызданаеваның ел есінде қалған тағы бір еңбегі, Қытайдың танымалы 4 тарихи шығармасының бірі «Батысқа сапар» романының желісімен түсірілген телефильмдегі басты кейпкер Сұн Укүңді (Тас Маймыл) қазақша дыбыстауы. Бұл көп сериалды телефильмді Қытай тілінен белгілі ақын, аудармашы Дутан Сәкейұлы қазақшаға аударған. Ал осы мифтік романдағы Сұн Укүңдей мың құбылып, 72 айласымен жауын жеңетін, ерекше күрделі образдың болмысын ашып, қазақша сөйлетіп, дыбыстау Бәтима Қызданаева секілді талантты актердің ғана қолынан келген.

Қытай жазушысы У Шынынның «Батысқа сапар» романы - дүниенің түкпір-түкпіріне кеңінен таралған ең үздік мифтік роман. Туынды алғаш рет 1967 жылы Гонконкта киноға таспаланғаннан, қазірге дейін 10-нан астам қайталай киноға түсірілген.

Әсіресе, 1986-шы жылы көрермендермен жүздескен «Батысқа сапар» телефильмі, Қытай еліндегі 80-90-жылдардағы ересектер мен балалар қатар отырып, қызыға тамашалған фильмдердің бірі болған. Тіптен, 90-шы жылдары «Батысқа сапар» телефильмінің қазақша нұсқасын Қазақстанның Қытаймен шекаралас аудандарының халқы мен Моңғолия қазақтары да көрген. Өйткені, біраз жұрттың «Тас Маймылды» бізде көргенбіз» деп айтып жүргеніне куә болдық.

Ал Бәтима Қызданаеваның композиторлық қырын алып қарасақ та бір белеске көтерілген өнер жолын көреміз. Апамыз алғашқы әнін 1958 жылы Қасым Аманжоловтың «Орамал» атты өлеңіне әуен жазудан бастаған. Оның «Тянь-Шань қызыл гүлі» киносындағы «Жайлау әнін» және «Ахау Іле», «Ұялшағым» секілді көптеген әндері бар. Сонымен бірге мектеп оқушыларына арнап музыка пәнінен оқулықтар жазған. Қытайдың Шанхай секілді үлкен қаласынан оқып, үйреніп, өзінің дара талантымен, қажырлы ізденісімен осындай көл-көсір білім жинап, оны халқының рухани қазынасына үлес етіп қосқан, сан қырлы өнер иесі Бәтима Қызданаева 2013-шы жылы 5-ші қарашада 77 жасында өмірден өткен.

inform.kz

А. Рысдәулет