Талғат Сарыбаев - саз өнерін әуелеткен жан

Осыдан бір ай бұрын қазақ өнері қара жамылған-ды. Қалың қазақ 59 жасында қарайған шағында дүние салған ақын-сазгер, ҚР мәдениет қайраткері, саз өнерінің дамуына сүбелі үлес қосқан аяулы ұлы Талғат Сарыбаевты қайтпас сапарға аттандырды. Халық жадында оның еселі еңбектері мәңгілікке қалатыны сөзсіз.

Ол көзі тірісінде-ақ, асылдың тұяғына айналған азамат еді. Көне музыкалық аспаптарды жинастырып, оның қайта жандануына ықпал етіп, халқымен қайта қауыштырған әкесі Болат Сарыбаев бастаған ізді жалғастыра отырып, қазақ өнеріне жаңа серпіліс әкелген еді. Өмірге қайта келген шаңқобыз, жетіген сияқты аспаптарда алғаш ойнаған да Талғат Сарыбаев. Әкесінің жанында жүріп, өз білімі мен тәжірибесін шыңдады.

«Арай», «Жетіген», «Гүлдер» вокалды-аспаптық ансамбльдерінің құрылуына себепші болған да – Талғат Сарыбаев. Талай әншінің жолын ашып, талай жұлдыздың сахнаға шығуына ықпал жасап, ұмыт бола бастаған «Маусымжан», «Бір бала», «Керімай», «Арманай» т.с.с. қазақтың халық және авторлық әндерді эстрадалық әрлеу беріп, жаңаша көркемдеген еді. «Қозы-Көрпеш пен Баян-Сұлу», «Человек-олень» фильмдеріне музыка жазды.

Талғат Сарыбаев «Өткен күндер», «Қоштасу», «Все для тебя», «Біз бірге боламыз», «Менің досым», «Отандастар», «Сенімен біргемін», «Старый телефон», «Наурыз-думан», «Гавань моей любви» т.с.с. әндердің авторы. Оның туындылары өзгелерге ұқсамайтын. Оның әндері тек қазақ жерінде ғана емес, күллі әлемге танымал. Сазгердің әрбір әні туралы шексіз айта беруге болады.

Жыл сайын кеңінен аталып өтетін Наурыз мерекесі Роза Рымбаеваның орындауындағы «Наурыз-думан» атты әнінсіз өтпейді. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңіне жазылған бұл әнді білмейтін қазақ жоқ. Жиырма жылдан астам уақыт бұрын шырқалып жүрген мерекелік ән бірегей әндердің біріне айналды.

writeFlash({"src":"https://www.youtube-nocookie.com/v/UiR2KfxFRfA?version=3&hl=ru_RU","width":"450","height":"330"});

Оның «Гавань моей любви» әні әлі күнге дейін үздіктердің қатарында. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында жазылған бұл әнін сазгер жары Гүлнарға арнаған болатын. Өзара үйлесім тапқан терең ой жатқан мағыналы өлең жолдары мен әдемі әуен талай жүректерге жол тапқан. Қай заман болмасын бұл ән ешуақытта өз өзектілігін жоғалтпаған. Бұл ән қызыққа толы үлкен кітап іспетті. Қайта-қайта тыңдағың келе береді.

writeFlash({"src":"https://www.youtube-nocookie.com/v/87WK6YAmDLo?version=3&hl=ru_RU","width":"450","height":"330"});

Бала кезінен бірге өсіп, бірге оқыған досы Мұрат Бәйсейітов дүниеден озғанда, ол «Менің досым» атты әнін жазды. Жан досының қыршын кеткені жанына қатты батқан соншалықты, ол бар мұң-шерін өлеңге-жырға түсірді.

writeFlash({"src":"https://www.youtube-nocookie.com/v/_b5S0uo0B-E?version=3&hl=ru_RU","width":"450","height":"330"});

Шығармашылық ғұмырының қысқа болғанына қарамастан, ол көптеген дүниелерді көпшіліктің назарына ұсынып үлгерді. Қырық жастан енді асқан шағында ол аяулы қызы Әйгерімнен айырылды. Қызының жауқазын ғұмырының ерте үзілгені жанына қатты батты. Ол айықпас дертке шалдықты. Сол бойда ол ауыр қасіретпен айыға алмай, араға 16 жыл салып, көз жұмды.

Ол өз мамандығының хас шебері болатын. Оның әрбір әні өміршең. Ол елінің жадында мәңгі қалады.

Сурет: kazpravda.kz