Тағдыр тоғыстырмаған қос даңғыл

Федор Достоевский және Лев Толстой… Бір дәуірдің қос қанаты! Осы екі ұлы тұлғаның өзгелерден есімі ерек екенін туындыларын оқып отырып түрлі әсерге бөленетін оқырмандарының санынан-ақ аңғаруға болады. Достоевскийдің қалыптан тыс көзқарасы бар кейіпкерлерімен «Нақұрыс», «Ағайынды Карамазовтар» шығармалары арқылы танысуға болады. Ал «Анна Каренина» дегенде бірден Толстой еске түседі. Олардың осы тектес туындылары өткен ғасырдың туын көтеріп тұр. Федор мен Лев тұрмыс қажытқан адамдар, әйтеуір бір есжиып, рухани құндылықтардың айнасына қарап,өздерін іздеп аласұратынын қайдан сезіп қойды екен?!

СЫРТТАЙ СҮЙСІНУ

Неге екенін қайдам, мен бұрын осы екі қаламгер бір-бірімен өмірде жолығып, талай рет сырласқан болар деп ойлайтынмын. Екеуі замандас болғандықтан солай топшылаған болармын. Бірақ, бұл үмітім ақталмады. Бір заманның тезіне төзіп, балынан дəм татқан екеу əдеби ортаның сан мың басқосуларында қалайша көріспеген? Тіпті, сыншы Николай Страхов екеуінің ортақ досы болған деседі. Қос талант өмірде таныспаса да, бір-бірімен жақын танысқысы келгендеріне кепілдік беремін!

«Жүгірген жетпейді» демекші, өмір жолы оларды бетпе-бет келтіруге қанша мəрте ұмтылса да, əртүрлі себептермен мүмкін болмапты. 1855 жылы атағы аспандап тұрған жас жазушы Толстой Достоевский тұратын Петерборға  сапарлап келіп, Тургеневпен, Некрасовпен танысқан. Ал Достоевский бұл уақытта айыпты деп саналып, бірнеше жылдық айдауда болған екен. Оралған соң да танысудың сəті түспейді. Достоевский алғашында зор қызығушылық танытпағанымен, бірер айдан соң оның «Соғыс жəне бейбітшілігін» оқып шығады. Соңына дейін оқығанына қарағанда, шығарма ұнаған секілді. Ал Толстой күнделігіне Достоевскийдің «Қор болғандар мен қорланғандар» романын оқығанын жазған.

Бір қызығы, олар шығармашылық пен дүниетаным тұрғысынан бір-біріне сырттай сын айтып отырған. Байқауымша, Достоевский Толстойды озық ойлары үшін құрметтеген. Ал Достоевскийдің тілдік қорына, жазушылық қуатына Толстойдың көңілі толыңқырамаған секілді. Бұлай дейтінім, М.Горький Толстой туралы естелігінде: «Ол Достоевский жайлы сөз қозғаудан қашқақтайтын»,− деп жазған. Сонда Достоевский шығармаларына Толстойдың мүлде көңілі толмағаны ма? Ол түкке тұрғысыз туындылардың авторы болғаны ма? Жоқ! Достоевскийдің өз биігі бар! Ол өз биігінен өзгелерге де қарай алатынымен дара! «Толстой оны мүлде ұнатпаған, сондықтан да таныспаған болар» деп бірден қорытынды шығару орынсыз. Себебі, Толстой Страховқа: «…«Өлі үйден хаттар» романын оқыдым. Мен кеше нағыз туынды оқып, рахаттандым. Егер Достоевскийді көре қалсаңыз, менің оны қатты жақсы көретінімді айтыңыз», – деп хат жазады. Страхов аманатқа қиянат жасамай, хатты Достоевскийге көрсетеді. Қуанады, əлбетте. Хатты қайтармайтынын айтып,  əлдебір астар іздегендей қайталап оқи береді. Бірақ, өз атынан жауап жазбайды…

Кешіккен құрмет

Өмір жолықтырмаған екеуді өлім айырды. Достоевский қайтыс болған соң Толстой Страховқа: «Мен Достоевскийді өмірде бір рет те көрмесем де, жақын танысы болмасам да, ол мен үшін ең жақын, ең қымбат адам екенін қазасынан кейін ғана түсіндім», – деп хат жолдайды. «Толстой Достоевскийді осынша құрметтеп, осынша жақсы көрген болса, неліктен көрісуге өзі қадам жасамады екен?», «Енді өмірде жоқ адамды бұлай қастерлеудің қажеті шамалы. Көзі тірісінде өзіне айтпап па?» деген мазмұндағы сауалдар сізді де толғандырды ма?!

Қай кезде де мақтау өліммен тең. Бəлкім, Толстой Достоевскийге оң қабақ танытып, мақтау арқылы талантты тұқыртып алам деп қорыққан болар?! Шығармашылық адамына тəн тəкаппарлық, бəріне сын көзбен қарап, оймен таразылау Толстойда екі есе көп секілді. Мұны Толстой туралы Чеховтың Бунинге айтқан сөзінен байқау қиын емес. Ол: «Мен Толстойдың басқа қаламгерлерді бағалауына таңмын, ол бізді, яғни өзінен өзгелерді жазушы қатарына қоспайтындай көрінеді», – деп өкпесі қара қазандай екенін аңғартады. Демек, Толстой айналасындағы қаламгерлерден зор үміт күткен екен. Ол пендеуи қызғанышқа, көреалмаушылыққа бой алдыратындардың қатарынан емес деп топшылап, Достоевскийді де ешқашан жек көрмегеніне сенгім келеді!

Достоевский және Толстой

Толстой мен  Достоевский шығармашылығындағы ұстанымдары, əлемге көзқарастары кереғар. Мұны туындыларынан анық аңғаруға болады. Толстой кейіпкері өзін таныстыруға қиналыңқыраса, Достоевскийге бұл анау айтқандай ауыр жүк емес, оның кейіпкерлері монологпен-ақ ұтады əрі романдарының нүктесі əрқашан қақтығыстармен, күрделі ұғымдармен қойылатыны да бар. Ал Толстой барынша реалист болуға ұмтылған. Достоевскийді өмірдің өзі ғана емес, оның ішкі құрылымы, метафизикасы қызықтыратын. Осы жеке-дара қасиеттерді ескерсек, оқырмандар Достоевскийді сүйіп оқып, Толстойды ұнатпайтындар жəне керісінше, Толстойды бірінші орынға қойып, Достоевскийді мүлде елемейтіндер болып екіге жарылады.

Қалай болғанда да, Достоевский мен Толстой бір-біріне рухани жақындығын таныспаса да, бір-бірімен қол алыспаса да сезінген секілді. Олардың қатар жүріп, əдебиет турасында сөз қозғамауына жазмыш жазықты шығар? Өмірдің мызғымас қағидаларының  осылай біздің бұйрығымызға бағынбай кететіні бар…

zhasorken.kz