Синонимдер жүйесі – семантикалық, стильдік ерекшеліктеріне байланысты жаңа сөз тудыруда, ойды әсерлі жеткізуде және шығарма тілін айшықтауда аса ма- ңызды тілдік құрал.
Қазақ сөз қазынасының осындай жүйесінің күрделі де, айшықты болмысының тереңіне үңіліп, арнайы зерттеген, күрмеуін шешіп, тарқатқан, сөздік қылып жинақтаған ғалым – профессор Әсет Болғанбаев.
Құрылымдық лингвистиканың қағидасына сәйкес синонимдер олардың сөз табына қатыстылығына байланысты зерттеулерден басталды. Осы тұрғыдан алғаш болып Әсет Болғанбаев зат есім синонимдерін зерттеп, 1965 жылы кандидаттық диссертация қорғады. Бұл бағыт әрі қарай жалғасып, етістік синонимдер (М.Серғалиев, А.Османова), сын есім синонимдер (Ф.Оразбаева), фразелогизмдер синонимиясын (Г.Смағұлова) арнайы қарастыруға жол ашты.
Қазақ тілі тоқырауға түскен, ұлттық тілдің қолданысы мен мәртебесі құлдырай бастаған Кеңестік заманда тіліміздің "нәрін" зерттеп, қазақтың сөздік қорының байлығын дәлелдейтін қазақ тіліндегі сөздің көркемдігін танытатын мағыналас сөздерді жинап, "Синонимдер сөздігін" жасады [1].
Профессор Ә.Болғанбаевтың жалпы шығармашылық-зерттеушілік еңбек жолы- на назар аударатын болсақ, ол үнемі қазақ сөзінің мән-мағынасын ашып, сөздікке тіркеп, болашаққа төл сөздің құндылығын мұра етуді көздегені байқалады. Оған дәлел – қазақ тіл білімінің лексикография саласын қалыптастырып, дамытқан
"Абай тілі сөздігі" (1968), он томдық "Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі" (1974-1984 ж.ж.) еңбектеріндегі ғалымның белсенді автор және құрастырушы ретінде қосқан өзіндік үлесі.
Қазақ тіл білімінің көрнекті өкілі, филология ғылымдарының докторы, профессор Әсет Болғанбайұлы 1928 жылдың 8 наурызында Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Қараменде би ауылында дүниеге келген. Ол 1947 жылы Қарқара педучилищесін үздік бітіріп, сол жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Аталған оқу орнын бітірген соң 1952 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл білімі институтына жұмысқа орналасып, әуелі аспирант, кейін кіші, аға, жетекші, бас ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарып, өмірінің соңына дейін 47 жылдан астам осы институтта еңбек етті.
Ә. Болғанбайұлының негізгі еңбектері қазақ тіл білімінің көп ізденісті, жан-жақты зерттеуді қажет ететін қазақ тілінің сөз байлығын айшықтайтын арнайы салалары лексикология мен лексикографияға арналған.
Атап айтқанда, Ә.Болғанбайұлы қазақ лексикологиясының бұрын арнайы зерттелмеген тың да, күрделі саласының бірі – синонимдер мен оның варианттылығын зерттеуді қолға алды. Профессор Ғ. Мұсабаевтың жетекшілігімен "Қазақ тіліндегі зат есімдік синонимдер" атты кандидаттық, профессор А. Ысқақовтың кеңесшілігімен "Қазақ тіліндегі синонимдер" атты докторлық диссертациясын қорғады. Ә. Болғанбайұлының 1970 жылы 22 баспа табақпен жарық көрген "Қазақ тіліндегі синонимдер" атты ғылыми монографиясына отандық және шетелдік ғалымдар оң баға беріп, түркітануға қосылған елеулі үлес деп таныды.
Жалпы тіл білімінде лексиканы зерттеуде қалыптасқан теориялық-әдіснамалық негізге сәйкес жазылған ғалымның "Қазақ тілі лексикологиясында" (1979) синхрондық зерттеу әдісі қолданылып, лексикология қағидаларын дәлелдейтін қазақ тілінің тың тілдік деректері жүйеленіп, жан-жақты қарастырылды. Оның дәлелі ретінде көрсетілген еңбектің Қазақстанның жоғары оқу орындарының филология факультеттерінде пайдаланылатын оқулық ретінде үш рет басылып шығуын келтіруге болады [2].
Ғалым мұрасының мазмұнын нақты түрде былайша түйіндеп көрсетуге болады:
– сөз бен мағынаның аражігі ажыратылып түсіндіріледі, оның қолданыс барысындағы даму жолдары, мағынаның түрлері кеңінен танытылады;
– қазақ тілі лексикасының шығу арналары, нақтырақ айтсақ, сөздік қор мен сөздік құрамның арақатысы, толығу жолдары, түркі тілдеріндегі ортақ сөздері тиянақталады;
– қазақ тіліндегі синонимдер мәселесі, синонимдік қатар, синонимдік ұя, доминант сөз, синонимдердің айырым белгілері, синоноимдердің пайда болу жолдары, синонимдердің сөз табына қатыстылығы, синонимдердің стильдік реңктері, қызметі мен қолданылу тәсілдері ғылыми тұрғыдан тұжырымдалып, нақты мысал- дармен дәлелденеді;
– қазақ тілі лексикасының стильдік мәні мен қолдану шеңбері, оның ішінде жалпылама лексика, арнаулы сөздер, кәсіби сөздер, бейнелі сөздер, көнерген сөздер, неологизмдер, кітаби лексика, тұрмыстық сөздер, қарапайым сөздер, диалектизмдер, варваризмдер, экспрессивті-эмоционалды лексика, т.б. сөздердің актив және пассив қолданатын түрлері талданып жіктеледі;
– фразеологизмдер және оның өзіндік белгілері, тұрақты тіркестердің түрлері, сөздердің варианттылығы, фразеологизмдердің мағыналық топтарға жіктелуі айқындалды;
– лексикография және қазақ лексикографиясының алдағы міндеттеріне байла- нысты зерттеу бағыттары көрсетілді.
Кез келген тілдің сөз байлығын, көркемдік дүниетанымын айшықтап, шешендік сипатының дәйектелуі оның синонимдік жүйесінен көрінетіні белгілі. Осымен байланысты қазақ тіліндегі де синонимдердің тілдік жүйеде семантикалық, стильдік ерекшеліктеріне сай жаңа сөз тудыруда, тілдік қолданыста коммуникативті- прагматикалық сипатта ойды жеткізуде, ал көркем мәтінде шығарма тілін ажарландыруда өрісі кең, маңызы ерекше екені қазақ тіл білімінде жарық көрген лексикографиялық еңбектерден және профессор Ә.Болғанбаев сынды лексиколог-ғалымдардың еңбектерінде жан-жақты дәйектеліп, ғылыми-әдістемелік тұрғыдан дәлелденген.
Дегенмен, бұл сипаттамаға орай, тілдегі синонимдер жүйесі құрылымдық лингвистикада тек денотаттық коммуникация (қарым-қатынас) құралы ретінде түсіндірілгені де белгілі. Ал қазіргі тіл білімінің антропоөзектік бағытына сәйкес синонимдердің белгілі бір әлеуметтік-мәдени, танымдық мәні бар коннотаттық құрал ретінде қарастырылуы профессор Ә.Болғанбаев сынды ғалымдардың мұрасын зерделеу барысындағы жалғастықпен бағаланады. Осымен байланысты қазіргі тілді зерттеудің жаңа бағыттары қазақ тіліндегі синонимдер жүйесіне қатысты мынадай ұғымдарға мәдени-танымдық тұрғыдан назар аударады: үйлесімділік, гипонимия,полисемия, лексикалық синонимдердің парадигматикалық және синтагматикалық ерекшеліктері, варианттылық (жарыспалылық құбылысы), валенттілік және тіркесімділік т.б. Оның нақты көрінісі А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ұжымы құрастырған он бес томдық "Қазақ әдеби тілінің сөздігінде" қолданыс тапты (мәнмәтіндік талдау, семалық талдау, компоненттік талдау т.б.).
Сөздің мағыналық қасиетімен тығыз байланысты синонимия құбылысы қазіргі таңдағы тіл білімінің танымдық деңгейімен сабақтас қарастырылады да, "көркем таным", "шығармашылық таным", "тілдік тұлға" т.с.с. ұғымдарымен сабақтасып, одан әрі тілді тұтынушының, тілдік тұлғаның сөз қолданысының шеберлігіне, шешендігіне, оралымдылығына т.б. прагматикалық сипатына ұштасады.
Бұл арада сөздердің мағыналық теңдігі мен жақындығы, мағыналық сәйкестік – тері бір ұғым төңірегінде тоғысады. Сондықтан шындық дүниені танытатын "ғаламның тілдік бейнесінің" сөз кестесін түзуде ерекше вербалды-танымдық та, коммуникативті-прагматикалық та қызмет атқарады.
Қазіргі қазақ қоғамының мәдени-әлеуметтік кеңістігіндегі заманауи бағыттың "Тіл – рухани қазына, тіл – ұлттық құндылық" қағидасын кеңестік заманның өзінде шығармашылық-зерттеушілік қызметіне қазық еткен, бүкіл өмірін қазақ тілінің сөз байлығын жинауға, қазақ сөзін шебер қолдануды жетілдіруге арнаған профессор Ә.Болғанбайұлының артына қалдырған ғылыми мұрасын танудың мәні ерекше.
1. Болғанбаев Ә. Қазақ тiлiнiң синонимдер сөздiгi. Алматы: Мектеп, 1975. - 308 бет.
2. Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. Қазiргi қазақ тiлiнiң лексикологиясы мен фразеологиясы. - Алматы: Сөздiк-Словарь, 2006.- 264 б.
Мақала авторы: ф.ғ.д. Ж.Манкеева