Жасы егде тартса да жас қалпын, сұлулығын жоғалтпаған әлемдік киноның аты әйгілі жұлдызы, итальян актрисасының ойларынан үзінді ұсынамыз.
***
Адам өз бойындағы ерекше қасиетін бағалап, қадірлей білгені жөн дер едім. Әрине, кемшіліктеріңізге де назар аударып, өзіңізге өзіңіз есеп бере алсаңыз, құба-құп.
***
Әрқашан жинақы жүру өмірдің сан салалы жолдарында жетістікке жетуге жол ашады. Өкінішке орай, қалай болса солай киінетін замандастарымыз бар. Мұндайда олар уақытым жоқ деген сылтау айтып, ақталуға тырысады. Бұл әншейін бос сөз. Әрине, әйелдердің шаруасы аз емес, жұмыс, отбасы, бала күтімі, күнделікті тірілік қамы. Дегенмен қай әйел болса да ұйқыдан бір сағаттай ерте тұрып, өз-өзіне қарауына болады. Айнаның алдында жарты-ақ сағат өзіңізге өзіңіз уақыт бөліңізші. Бұл сізге сол күнге жетер қуаныш сыйлайтыны кәміл.
***
Қарлығаштың қанатындай жоғары қарай сызылған жіңішке қастар есіңізде болар? Кезінде әйелдердің көбі қастарын жіңішке сызық етіп қоятын, кейін осы әйелдердің кейбірі өз қастарын жоғалтып алғанына өкініп жүрді. Мұнан біздің тоқитынымыз сіз өзіңіздің ерекшелігіңізді бағалай біліңіз, өйткені әркім өзіне тән ерекшелігімен тартымды.
***
Маған "Оскар" жүлдесінің өзі ана болудан артық бақыт пен ләззат сыйламайды. Ана болу менің өмірімдегі ең басы рөлім, тіпті, балам үшін қажет болса жұмысымды да тастар едім. Балаңызбен бірге болатын кезді есіңізге алыңыз. Анасымен жиі бір болуы, ананың ықыласына бөленуі бала жүрегіндегі нәзік сезімдерді оятады және осы ізгі сезімдердің нәрі ұрпақтан-ұрпаққа ауысады.
***
Егер де сіз ішкі жан-дүниеңіздің тыныштығын қаласаңыз, кей сәттерде өзіңізбен өзіңіз жеке қала біліңіз. Мұндайда қиялыңыз шарықтап, өзіңізді толғандырып жүрген кейбір сұрақтарға жауап табар едіңіз. Менің ашқан үлкен жаңалығым сол - ең жақсы ақылшым өзім екен. Өзіммен өзім қалғанда - кітап оқып, музыка тыңдаймын, жаяу жүремін, мен үшін үй жұмысы үлкен демалыс сияқты.
***
Мен тағдырыма ризамын. Өйткені, әйел жас шамасына қарамай-ақ болашағынан үмітті. Кейбір әйелдер әжімдерін жасырып, ағарған шаштарын бояйды. Бәрібір күндердің күнінде уақыт оларға бәрін де мойындатады. Тіпті, жас ұлғая толығарсыз (аяғыңыз ауырар, көзілдірік те киерсіз), дегенмен, бұған қынжылмаңыз.
Сіздің кеудеңізде жастықтың қайнар бұлағы бар: ол – сіздің ақылыңыз, талантыңыз, өмірге, махаббатқа деген іңкәрлігіңіз, шығармашылық ізденісіңіз, осы қайнар бұлақтан нәр алған бойыңыздағы қайрат-жігер сізді ешқашан қартайтпайды.
***
Журналистер маған: "Сіздің сұлулығыңыздың қандай құпиясы бар?" деген сұрақты жиі қояды. Бәлкім, менің тән сұлулығымның құпиясы жан-дүниемнің тыныштығына байланысты болар. Ал, ішкі жан-дүние тыныштығына жетудің жолы – жинақылық, адам өмір бойы күн сайын өзін жинақылыққа тәрбиелеуі қажет. Америкалықтар жиі айтатын "сабырлылық, тағы да сабырлылық" деген сөзді мен ешқашан есімнен шығарған емеспін.
Дайындаған: Сұңқар Ақбоз
Сурет: livejournal.com