Сиви және өнер: «Халық енді салмақты Сивиді көре алады»
– Сиви ханым, сәлеметсіз бе, қалыңыз қалай? Біршама уақыт өнерден алыстап, қайта оралып жатқан жайыңыз бар. Ең алдымен, шығармашылық жаңалықтарыңызбен бөліссеңіз... Тыңдармандарыңыз сізді қандай кейіпте күтсін?
– Иә, аздаған үзілістен кейін өнер жолын қайта бастап жатырмын. Жаңа стильмен шығу ойда бар. Алайда, қанша өзгерткенмен, классикалық, лирикалық бағытқа бой түзесем де, өзіме жақын шығыс стилінен асып кете алмайды екенмін. Халық та сол Сивиге үйреніп қалды. Жаңа әндер жазудамын. Бұрынғыға қарағанда әлдеқайда салмақты әндер болады деп айта аламын.
– Ән деп қалдыңыз, жаңа бейнебаяндарыңыз бар ма?
– Осыдан бір жыл уақыт бұрын, алғашқы ұлымды дүниеге әкелгеннен кейін, «Биле, биле» атты әнге бейнебаян түсірген болатынмын. Қазір сол бейнебаянымды қайта шығарып жатырмын. Бір жағынан қаһарлы қыстан шығып, көгілдір көктемге жеттік. Бұл әннің сөздері де осы маусымға сай келеді, көңілді көтереді. Одан басқа таяуда «Мен қазақтың қызымын» әніне бейнебаян түсіруді бастаймын. Өнердегі ағаларым «Сенің қазақ қызы екендігіңе халық сеніңкіремейді» деп осы ойды тастады. Әнді де бірден ұнаттым, сөздерінің де деңгейі жоғары. Композиторы – Мақсат Жәутіков, сөзін маған арнайы жазған – Ясира Заханқызы. Ол кісі маған, Әлішер Кәрімовке, басқа да әншілерге сөз жазып жүр.
– Биыл сізді қандай жобалардың басы-қасынан көре аламыз?
– Соңғы үш-төрт жылдың көлемінде продюсерлікпен айналысуды бастағанмын. Тұрмыс құрғаннан кейін, оны тоқтатуға тура келді. Бастапқыда қазақша әндер орындайтын, екі қыздан құралған «Аяла» тобымен, актер, ән айтатын, өзімнің туған бөлем Шерәлі деген жігітпен, Сара есімді биші әрі әнші қызбен жұмыс жасап, көп жетістікке жеттік. Бейнебаяндар түсіріп, бірнеше байқауға қатысқан едік. Мәселен, «Аяла» тобы «Алматы жүрегімде» байқауының бас жүлдесін алып, көлікке ие болды. Мен отбасылы болғаннан кейін, олар да менен үлгі алды ма, өнерді тастап, тұрмысқа шықты. Қыз баласының басты парызы сол болғандықтан, олардың жолына тұрмадым. Топты жабамын деген ой болды, бірақ, көпшіліктің пікіріне құлақ түріп, қазір осы топты қайта құрып жатырмын. Кастинг шарасы басталып кетті, бірінші қызды таңдап та үлгердік. Күні кеше ғана өткен «Қазақстан дауысына» қатысқан, өте талантты, диапазоны кең әрі сұлу ақтөбелік қызды бекіттік. Жалпы, «Аяланың» қыздарына қоятын басты талабым – бойында қазақы қасиеттер бар, қазақы келбетке ие, қазақы әндер орындайтын, қысқасы «қазақы иіске» ие болса екен. Алғашқы жылы олармен тек қана шығармашылық жұмыс жасаймыз, байқауларда бақ сынаймыз, содан кейін ғана тойға шығамыз деп ойлаймын. Себебі, мақсат – халыққа қызмет жасау.
– Продюсерлік орталығыңыз жастарға рухани дамыту, шығармашылық шыңдау жағынан басқа қандай материалдық көмектер бере алады?
– Басқа қаладан келетін болса, үй беріледі. Тұрмыстық жағдайын да өз мойныма аламын. Шыны керек, оларға да өзімнің бауырым секілді қараймын. Ата-анасы, туған-туыстары алдында жауаптымын, аманатқа қиянат жасаудан аулақпын.
Сиви және бизнес: «16 жасымда алғашқы бизнесімді бастадым»
– Сіздің бинзнес ханымдарының қатарында екендігіңіз де аян. Әрине, ішкі «асханасына» қол сұғудан аулақпыз. Дегенмен, өнерден басқа қандай салаға қызығушылық танытасыз?
– Әрине, адамда әншіліктен басқа да хобби болу керек. Кішкентай кезімнен сатуға құмар болғанмын. Аллаға шүкір, ауқатты отбасынан шықтым. Сонда да, базарға барып әртүрлі тауар әкеліп, көшеге шығып сатады екенмін. Әкемнің достарын "аласың да аласың" деп қинайтын болыппын. Ата-анам көп сөгетін. "Ел-жұрттан ұят боладыны" әрдайым айтатын. Кейін, Алматыға келіп, 16 жасымда алғашқы бизнесімді бастадым. Ешкімге айтпастан көлігімді сатып, Түркияға барып келіп, бірнеше сауда үйінен шағын дүкендер ашып тастадым. Осылай тәжірибе жинақтап, бүгінгі таңда жеке дүкенімді аштым. Әуезов-Ғабдуллин көшелерінің қиылысында «Сиви» аталатын екі қабатты киімдер дүкені бар. Содан кейін, сұлулық салоным да бар. Өзім де, анам да киім үлгілерін сызамыз. Соған қарамастан, дайын шетелдік тауарларды да қоямыз. Белгілі бір брендке ұмтылмаймын, өз қолымнан киім қалайтын келушілерге ақылдаса отырып, киім дизайнын сызамын.
– Сиви Махмуди ғаламторда қандай образда? Әлеуметтік желілерді қалай пайдаланасыз?
– Ғаламторға қызықпаймын деп ашық айта аламын. Жеке парақшаларым да жоқ. Себебі десеңіз, уақытым жоқ. Менің әрбір минутым бағалы және оны басқа пайдалы дүниеге жұмсауды құп көремін. Тек қана Инстаграмда отырамын. Ол өз бизнесім үшін керек, халыққа жақындаудың, жаңалықтарымды жариялаудың жолы үшін ғана жүргізіледі. «Көзден жырақ – көңілден жырақ» деп жатады, мүлде жоқ болып кетуге тағы болмайды.
Сиви және отбасы: «Сүйікті адамыңнан бала сүйгенге не жетсін?!»
– Өнер жолы оңай емес. Және халық арасында да қыз баласына осы жолда жүру қиын деген стереотип қалыптасқан. Сізге осындай сауалдар талай рет қойылған да болар. Бүгін ортақ жауапты естігіміз келеді. Отбасы мен өнерді алып жүру жеке өзіңізге қаншалықты қиын?
– Жалпы, оңай дүние жоқ деген пікірдемін. Әсіресе, мына шоу бизнес әйел адамға ғана емес, ер азаматтарға да қиын. Бастысы – бұл салада адамға қайсарлық керек, онсыз болмайды. Міндетті түрде мінез бен тіректің рөлі ойнайды. Ата-анаң, отбасын құрғаннан кейін жарың, балаларың, туған-туыс, жора-жолдас қолдап жатса, кедергілердің бәрін жеңе аласың. Ақшаның да маңыздылығы бар.
– Сіздің жеке басыңызға өнер немесе отбасы арасында таңдау жасау талабы қойылды ма?
– Алла сақтасын, ондай қиындыққа кездеспедім. Алайда, тұрмыс құрмай тұрып, өзіме осындай сауалдар қоятынмын. Жолдасым қарсы болса, өнерден бас тартамын ба деген ой да болды. Қыз баласы бәрінен бұрын аналық, әйелдік парызын орындай білу керек деген пікірдемін. Қуанышқа орай, бәрі ойдағыдай болды. Жарымның тарапынан ондай талаптар түскен жоқ. Ол мені түсінеді, әрдайым қолдауға тырысады.
– Таяуда қазақстандық сайттардың бірі сіздің тойыңыздың шетелде өткендігі туралы жазды. Естуімізше, тойға 300 мың доллар қаржы жұмсалыпты. Бұл ақпарат туралы не айтасыз?
– Қазақ десе, өзіңе тиеді, ренжисің. Бұл жерде «бар болса бере алмайды, жоқ болса көре алмайды» дегенге келіп тіреледі. Мұндай сұрақтар жиі түсіп тұрады, құлағым да үйренді. «Неге жоқ адамдарға көмектеспейсіз, бермейсіз?» дейтіндер де бар. Мен ешкімге міндетті емеспін. Әркімнің өзі өмірі бар, ішкі «асханасын» білмей, олай айтудың жөні жоқ. Жалпы, 300 мың доллар Қазақстандағы тойға да кетеді. Себебі, Алматыдағы «Royal Tulip» сарайында ұзату тойым өтті. Ата-анам да дәл сол қаржыны шығындады. "Бар дүниеңді тойға, қуанышқа шаш" дейді қазақ, ештеңені де аямадық. Аздаған өзгешелік болсын, өзгеге үлгі болсын, балаларымызға айтатын тарихымыз болсын деген оймен, мұсылман еліне барып, Дубайдағы мешітте неке қидырдық. Бәрі қазақы дәстүрмен, «Дос-Мұқасанның» «Той жырымен» өтті.
– Сіз үшін әйел бақыты деген не? Нағыз әйел қандай болуы керек? Жалпы жар таңдауда қандай кеңестер айтар едіңіз?
– Қыз баласы уақытында тұрмысқа шығуы керек. Жалған дүниеде әр нәрсені сылтауратып жүрудің жөні жоқ. Мен де өнерді қуып, кейінге қалдырсам болар еді, бірақ, әйелдік парызымды алдыңғы орынға қойдым. Ұсыныстар көп болды, ата-аналарым, туған-туыс тарапынан да түсті. Соның ішінде таңдауды өзім жасадым. Махаббатпен тұрмыс құрдым. Махаббат бар жерде барлық қиындыққа қарсы тұрасың. Әрбір қыз баласы кішкентайынан бір мінсіз адамды қиялында жасап, ақ боз атты ханзадасын күтеді. Мен де өзімнің арманымдағы адамды жолықтырдым. Мен үшін жігіттің бай болуы маңызды емес еді. Бастысы, өзі пысық, отбасын асырай алатын, әке-шешесіне тәуелсіз, өмірде өз орнын тапқан болса дейтінмін. Ол – дәл сондай адам. Қиыншылықты да, жақсылықты да көрген. Салиқалы достары өте көп, бауырмал, адамдарға көмектесуге дайын тұрады, жан-жақты. Үлкен азаматтардың өзі келіп, қолын алып жатады. Бұл да бір абырой ғой деп ойлаймын.
– Екінші рет ана атанып отырсыз. Бала сүю тағы да жоспарда бар ма?
– Алла берсе, жыл сайын босануға бармын (күлді.) Мүмкіндік болса, сүйіктіңнен бала сүйгенге не жетсін?! Екі жыл қатарынан екіқабат болып жүріп, ішімнің босағанына әлі үйрене алмай жүрмін (күліп). Денсаулықты сақтау керек, әзірге екі жыл үзіліс жарияладық.
– Әйелдеріміздің төл мерекесі – 8 наурыз жақындап келеді. Құпияңызды бөліссеңіз, жарыңыз сізге қандай ерекше сыйлық жасады?
– Бүгінге дейін ол кісіден көп сыйлық алдым. Әсіресе, тұрмысқа шықпай тұрғанда, түрлі тосын сыйлар жасалатын. Қазір, бауырым, әкем секілді болып кетті (күліп). Есімде қалған бір тосын сыйды айтайын: енді кездесіп жүргенімізде, аяқ астынан «Сыртқа шығасың ба? Жұмыстармен әуежайға барып келу керек» деді. Үй киімімен асығып шыға салғанмын, ал ол мені Түркияға алып кетті. Тойдың алдында, зияратқа барып келейік деген оймен, Түркияның барлық мешітіне кірдік. Әуежайдан түсе салып, «Сені басқа келбетте көргім келеді» деп, үлкен дүкендерге апарып, орамал тақтырды. Гүл, көлік сыйлау деген әр адамда кездеседі, сондықтан осы сый мені қатты қуантты.
– Сіздің есіміңізге бей-жай қарайтындар жоқ шығар... Айтыңызшы, «Сиви» деген қандай мағынаны береді? Қазақ қызына неге мұндай есім қойылды?
– (Күлді) Толық есімім – Сивиетта. Отбасымызда бес бала болдық, қазір үшеуміз. Өкінішке орай, Шолпан және Қайрат деген бауырларымыз қайтыс болып кетті. Үлкендердің кеңесі бойынша, біздің есімдерімізді ырымдап, басқа тілде қойыпты. Үшеуміздің есіміміз де француз тілінде: Мартин, Марсель, Сивиетта. «Сивиетта» – француз тілінен аударғанда «бақыт» деген мағынаны білдіреді.
– Ашық-жарқын әңгімеңізге алғыс білдіреміз. Келе жатқан 8 наурыз құтты болсын! Шығармашылығыңызға табыс, отбасыңызға амандық тілейміз!
Әңгімелескен: Ардақ Құлтай, Айгерім Сматуллаева
Сурет: Сиви Махмудидің жеке мұрағатынан