Шотландияда Леонардо Да Винчидің теңдесіз картинасы табылды. Бұл туралы The Daily Mail хабарлады.
Мамандардың айтуынша, Фиона Макклареннің үйінен табылған туынды ұлы суретшінің қолынан шыққан дүние болуы әбден мүмкін.
59 жасар әйел қарыздарынан құтылуды мақсат қылып, үйінде 11 жыл бойы ілініп тұрған картинаны сатуға бел буып, Sotheby's аукцион үйінің мамандарына туындыны бағалап беруін өтінген екен. Орталықтың басшысы Гарри Робертсон картинаны көрген бойда оның 500 жылдық тарихы бар екендігін айтып, Фионаға жағымды жаңалықтың шетін шығарыпты. Робертсонның айтуынша, суретте Інжілдің кейіпкері Мария Магдалена мен оның ұлы бейнеленген. Маман бұл туындыны авторы Леонардо Да Винчи екендігін айта келе, еңбекті 156 миллион долларға бағалады.
Макларен бұдан соң картинаның салынған жылын анықтап, авторы туралы шешім шығару үшін туындыны осымен айналысатын мамандарға табыс етіпті. Көптеген ғалымдардың айтуынша, да Винчи картинаның басын бастап, оны аяқтамай кеткен. Бірақ оның шәкірттері бұл істі өз мойындарына алып, суретті салып бітірген деседі. Әйтсе де, бұл факт оның бағасын әсте құлдыратпайды. Өнер туындысына қатысты соңғы қорытындыны Кэмбридж университетінің құрамындағы Hamilton Kerr Institute шығарады деп күтілуде. Зерттеу нәтижесі 2013 жылы дайын болады. Бұдан соң Макларен картинаны елдің алдыңғы қатарлы мұражайларының біріне сатпақ болып отыр.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: photo.nemiga.info, twitter.com