"Әлемдік деңгейде қазақ мәдениеті мен дәстүрінің брендін құру" атты ғылыми-зерттеу шарасының аясында Лондон қаласында қазақ ғалымы әрі тарихшысы Шоқан Уәлихановтың ағылшын тіліне аударылған шығармаларының тұсауы кесілетін болады. Бұл жөнінде мәдениеттанушы Ерлан Саиров мәлім етті.
"Жоба шеңберінде біз үш көлемді ғылыми-зерттеу жұмысын ұсынамыз. Солардың бірі - Шоқан Уәлихановтың бір топ шығармалар жинағын ағылшын тіліне аудару. Біздің жобалауымызша, бұл іс тек бір жылға ғана созылады. Ал осы жылдың аяғында Шоқан Уәлихановтың ағылшын тіліндегі шығармалар жинағының Лондон қаласында тұсауы кесілетін болады", - дейді Ерлан Саиров бейсенбіде өткен "Әлемдік деңгейде қазақ мәдениеті мен дәстүрінің брендін құру" тақырыбында ой өрбіткен дөңгелек үстелде.
Мәдениеттанушы Ерлан Саировтың сөзіне сенсек, лирикалық эпос "Қозы Көрпеш - Баян сұлуды" да ағылшын тіліне аудару жоспарда жоқ емес екен. "Біздің эпос та "Тристан мен Изольда", "Ромео мен Джульетталардан" кем емес", - дейді Саиров өз сөзінде.
Ал соңғы жоба - "ХХI ғасырдағы қазақ ақындарының антологиясын" ағылшынша сөйлету. "Бұл жобаның маңызы зор. Өйткені шетелдегілер біздің бүгінгі поэзиямыздан хабарсыз", - дейді мәдениеттанушы.
Шоқан Уәлиханов - қазақтан шыққан тарихшы-ғалым, этнограф, экономист, саяхатшы. Қазақтың мақтанышына айналған тұлғаның шығармалары ағылшын тіліне аударылып жатса, мәдениет көшінің ілгері қадам басқаны.