- Негізгі бет
- Тұлға
- Шоқан мен Любаның...
Шоқан мен Любаның махаббаты жайлы аңыз
Қазақтың ұлы ғалымы, XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда туған демократтық, ағартушылық мәдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі, шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы, сонымен қатар қазақ сурет өнеріне де үлес қосқан Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов не бары 29 жыл өмір сүрген. Ақтық демі таусылғанша бар білімін қазақ жеріне зерттеу мен ғылымға арнаған тектінің артында, бір өкініштісі, тұяқ қалмаған... Өмірінің соңғы жылдарында Шоқан дертке шалдығып, ауылына қайтқан тұста оны әкесі Тезек төренің қарындасы Айсарыға үйлендірген. Ол жайында Ешмұрат Ибрагимов: «Шоқан Үлкен ордаға кетіп, сол жерде Тезек төренің қарындасы Айсарыға үйленді. Айсары ажарлы емес-ті, бірақ ақылды болатын. Өкініштісі, онымен отау құрғаннан кейін көп ұзамай, яғни 1865 жылы Шоқан көз жұмды» деп жазады.
Алайда, Шоқан Уәлихановтың 1852 жылы Омбы қаласының Кадет корпусында оқып жүргенде, Батыс Сібір губерниясының губернаторы Густав Христианович Гасфордтың әйелі Любовь Федоровнаға ғашық болған деген аңыз әңгіме бар. Шоқанның «Оның аты да, заты да махаббатқа тұнып тұр!..» деген сөздерін осы орыс әйеліне жазған деп болжайды.
Осы махаббат оқиғасын Ресей Халық әртісі Георгий Котов өз пьесасына арқау етіп, әйгілі режиссер Владислав Казенин Омбы мемлекеттік музыкалық театрында «Любина роща» деген атпен сахналаған. Аталған музыкалық театр жыл сайын жаңа маусымын осы қойылыммен ашады.
Қойылым — Ертістің екі жағындағы салты мен дәстүрі, тілі мен діні бір-біріне мүлдем ұқсамайтын екі бөлек әлемде туып, кейіннен осы Омбыда табысқан қос тағдыр, қос жүрек – Шоқан мен Любаның махаббаты жайлы сыр шертеді. 60-ты алқымдаған Батыс Сібір губерниясының губернаторы генерал-лейтенант Густав Христианович Гасфорттың жап-жас әйелі Любовь Федоровнаға сарай маңындағы жігіттердің барлығы да ынтық болады. Бір қарағанда үлде мен бүлдеге оранып ғұмыр кешіп жатқандай көрінгенімен, Люба көптен бері құрт ауруына шалдыққан. Бірақ оны елең қылып тұрған ол жоқ, өйткені оның одан да өткен үлкен дерті – Шоқан.
Жүріс-тұрысы, сөзі, өзін-өзі ұстауы хан тұқымынан шыққан ақсүйектігін айғақтап тұрған Шоқан алғаш көргеннен-ақ Любаның көңілін аударып, келе-келе еркін түгел билеп алған-ды. Әрине, Шоқанның да Любаға деген көңілі болған. Сарай маңындағы гулеген өсек Гасфордқа да жеткен, бірақ ол қызбалыққа салынбай әрі Шоқандай сенімді қызметкерімен арадағы сыйластыққа сызат түсірмей, екеуін екі жаққа жіберумен ғана шектелген. Ең өкініштісі, қойылым соңында жас ару Шоқанның қолында жан тапсырады.
Тағы бір айта кететіні, «Любина роща» деген тіркес – Шоқанның сөзі. Кешкісін жоқ болып кететін Шоқанның достары «Қайда болдың?» деп сұраса, ол осылай жауап береді екен. Шоқанның тұсындағы шоқ тоғай бертінге дейін Омбыда сақталып, «Любина роща» аталып келген, қазір Любинский проспект деген атау алды. Онда әйгілі ару Любаның жалғызсырап отырған мүсіні бар, ал оған түйіскен даңғыл Шоқан Уәлихановтың атымен аталған.
Өмірде бірін-бірі көруге, кездесуге зар болған екі ғашықтың, бір ғажабы, бүгінде көшелері түйісіп тұр.
Мақала Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті философия кафедрасының меңгерушісі,
"Шоқан жұлдыздары" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Раушан Көшенованың
"Аңыз адам" журналына берген сұхбатының негізінде жазылған
Сурет: newfclub.ru, muzteatr-omsk.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина