- Негізгі бет
- Тұлға
- Шетелдік блогерлерден не...
Шетелдік блогерлерден не үйрену керек?
Жастар Ресурсы орталығында Самсон Безмятежный тренинг өткізді. “Біз шетелдік блогерлердің тәжірбиесінен не үйрене аламыз?” деген тақырыпта өрбіген тренингке университет студенттері және “Болашақ” ассоциациясының өкілдері қатысты.
YourVision блог-платформасында PR-директор, “7-арнада” digital-менеджер қызметін атқарған, қазір Youtube-тің қазақстандық кеңсесінде жұмыс істеп жүрген Самсон Безмятежный ең алдымен жастарды шетелдік блогосферадағы трендтермен таныстырды.
“Бірінші орынға өсек әңгімелер, екінші орында digital маркетинг, ал үшінші орынға саясат тақырыбы ілінді”, – дейді де, спикер аталмыш тенденцияларды біздің отандық контентпен теңестіреді. Ержан Рашев, Әлішер Елікбаев сынды ел аузында жүрген әлеуметтік желі жұлдыздарын да айтып кетті. Сонымен қатар, Илья Варламовтың қоғамдық резонанс тудырған Қазақстан туралы сыни жазбасын мысал ретінде келтірді.
“Біздің блогерлер одан еш кем емес, Илья жазған нәрсені біздің блогерлер де жазды, алайда біздің отандастар шетелдіктердің пікірін жоғары қояды”, – дейді Самсон.
Самсон блогерлердің азаматтық журналистер сияқты болуы керегін айта келе, қазақстандық белсенді тұлғаларды қоғамға пайдалы істер жасауға үндеді. Мысал ретінде Илья Варламовтың “Қалалық жобаларын”, А.Навальныйдың “РосЯма” автокөлік жолдарын жақсартуға арналған жобасын келтіреді.
Самсон әр мемлекеттің блогосферасы сол мемлекеттің айнасы екенін де айтты. “Соңында айтарым, бастысы – айналаңа бейжай қарамау”,- деді Самсон Безмятежный. Студенттер Самсонға көкейдегі сұрақтарын қойып, жылы лебіздерін білдірді.
@. @assel_assanova