Асқар Алматы қаласының тумасы. Жоғары білімді Англияда алған. «Grocemania» жобасының негізін қалаушы. Бұл жоба қызметі азық-түлікті қысқа мерзімде дүкеннен сатып алушыларға велосипедпен жеткізіп беруге негізделген. Асқардың жетістікке жеткен сара жолынан хабардар болу үшін кішігірім сұхбат ұйымдастырып көрдік…
Ұлан: Асқар, британдық оқу орнына қалай түстіңіз?
Асқар: Ұлыбританияда тұрып жатқаныма 5 жыл болды. Бұл жерге 9-сыныптан кейін келіп, A-levels-ке түстім. Бұл 10-11-сыныптың бағдарламасына сай келеді екен. Кейіннен Бристолдағы Foundation-де Қаржы жəне экономика курсы бойынша білім алдым. Foundation-ді тəмамдағаннан кейін студент құжаттарын 5 түрлі жоғары оқу орнына беруге құқылы. Мені 2 университет қабылдады. Бірақ, мен Кингстон университетін таңдадым. Өйткені, бұл университет бүкіл Англия бойынша студенттік стартаптар өндірісі бойынша бірінші орында.
Ұлан: Ал бұған ата-анаңыз қарсы болған жоқ па?
Асқар: Олар қарсы болған жоқ. 16 жасымнан бері ата-анамнан бөлек тұрамын. Оларға менің өзімді сүйрелеп жүрген осы мінезім ұнайды. Табыс табумен қатар, үй шаруасын да өзім істей беремін. Мен үшін «біреу бірдеңені жасап береді» деген ұғым жоқ.
Ұлан: «Grocemania» жобасы туралы идея қайдан келді?
Асқар: Бұл ұзақ əңгіме (күліп). Бала кезімнен маған бизнес əлемі ұнайтын. Оған əкемнің де септігі тиді. Университетте соңғы курс оқып жүргенімде маған диссертация орнына стартап модулін жүзеге асыруды берді. Бізде brain-storm болды, яғни 2 апта бойы түрлі жобаларды ойлап таптық. Бір күні үйде отырғанда құлпынай мен «Кит-кат» жегім келді. Көршіме дүкеннен келе жатқанда ала келуін өтіндім. Ал ол ұмытып кетіпті. Сол кезде «неге маған біреу құлпынай мен шоколадты жай ғана үйге əкеп бере салмайды?» деп ойладым. Оған ұқсас қызмет түрлері бар. Бірақ олардікі сəл басқаша. Ал, біз сатып алушыға кез келген азық-түлік дүкенінен тауар тасымалын бір сағат ішінде тиімді бағамен ұсынуға тырысамыз.
Ұлан: Сонда «Grocemania» қызметі қалай жүзеге асады?
Асқар: Grocemania – адамдарға сүйікті дүкендерінен қажетті азық-түлікке тапсырыс беріп, оны 30-40 минут ішінде алуға мүмкіндік беретін алғашқы техникалық сервис. Мəселен, сіз сайтқа кіріп «Рамстор», «Гросс» сынды дүкендердің тауарларын қарап, сол жерден тапсырыс бере аласыз. Содан кейін олар біздің software, яғни платформа дүкенге жақын тасымалдаушыларға тапсырысты жөнелтеді. Тасымалдаушылардың бірі тапсырысты қабылдаған соң бірден тапсырыс тауарларын алып сізге əкеп береді. Лондон əлемдегі аса дамыған техникалық тораптардың бірі. Англияда жылдам қанат жайып жатқан стартаптардың алғашқы сегіздігі осындай бизнес үлгіде жұмыс істеп жатыр, тек өзге бағыттарда. Deliveroo – мейрамханалар, Postmates – курьерлер, Quiqup – фастфуд деген сияқты түрлерге бөлінеді. «Серіктестерімізден» əр тапсырыс үшін алатын комиссия есебінен біз пайызымызды аламыз. Барлық баға өзіңіз дүкенге келгендегідей сақталады. Біз тек сіздің сатып алғаныңыздың 15 пайызына ие боламыз. Бұл əдеттегі аффилиат маркетинг.
Ұлан: Кімді үлгі тұтасыз?
Асқар: Əрдайым тек əкемді үлгі тұтамын.
Ұлан: Жаныңызға жақын қанатты сөзіңіз қандай?
Асқар: Əрбір жеңіліс – жаңа тəжірибе.
Ұлан: Сіз үшін адамдармен қарапайым қарым-қатынас маңызды ма, əлде бизнес пе?
Асқар: Əрине, ең маңыздысы – достық пен отбасы (күліп).
Ұлан: Болашақта бизнеске байланысты қандай жоспарларыңыз бар?
Асқар: Жасым 22-ге толғанша «Grocemania» жобасын Англияның бүкіл үлкен қалаларында жұмыс істейтіндей етіп дамытқым келеді.Негізінен бұны жүзеге асыру оңай.Бұл тұрғыда мені «Deliveroo» жобасының жетістігі шабыттандырады. Бұл жоба 3 жыл ішінде 17 елге қанат жайған. Deliveroo – тапсырыс берушінің қалаған мейрамханасынан түрлі тағамдарды жеткізіп берумен айналысады. Бизнес саласына қатысты идеялар көп. Бірақ, Қазақстанға қатты қайтқым келеді. Фото-видеоны ұнататындықтан, Қазақстанда «Film-making» студиясын ашып, отандық кинематографияны дамытуға өз үлесімді қоссам деймін. Сонымен қатар, Англиядан Қазақстанға алып келуге болатын бірер жобалар да бар.
Ұлан: Əңгімеңізге рахмет! Ісіңізге сəттілік тілейміз!