Бүгін қазақтың тұңғыш кәсіби бишісі, қазақтың музыкалық өнерінің, ұлттық биінің негізін қалаушы, алғашқы драмалық актриса, Қазақ КСР-ның халық әртісі, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген әртісі, ұстаз Шара Жиенқұлованың 100 жылдығына орай музыкалық кеш өтті. Кеш Ұлттық кітапхананың Өнер бөлімі жанындағы «Інжу-маржан» клубы аясында ұйымдастырылды.
Келген қонақтарға арналып кітапхана қорынан Шара Жиенқұлованың өмірі мен шығармашылығына арналған «Қазақ биінің падишасы» атты көркемделген кітап көрмесі ұсынылды. Шара аясында ұлттық библиография бөлімінің дайындаған «Шара Жиенқұлова (1912-1991)» атты ұсыныстық библиографиялық көрсеткішінің тұсаукесері өтті.
Кешке құрметті қонақтар да келді. Оның ішінде Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Шәрбану Құмарова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бағдат Сәмединова, танымал әншілер Тамара Асар, Айгүл Иманбаева, Жанар Айжановалар мен А.Селезнев атындағы хореография училищесінің түлектері қатысты.
Ғайникамал Бейсенова, Селезнев атындағы Алматы Хореография мектебінің мұғалімі:
- Шарадай биші қазақта бұрын-соңды болмаған. Ондай өнер адамы енді туа ма, білмеймін. Ол кісі заманның қандай екеніне қарамастан, ділді де, дінді де білді. Бала кезінен халық әндерін естіп өсті. Қазақ биінің неше түрін бір өзі жасады. Ұлттық билерді былай қойғанда, бір қазақтың биінің өзін неше түрлі етіп жүрегімен жасады. Мен ол кісінің ең бірінші шәкірттерінің бірімін. Шара Жиенқұлова елу жасына дейін билеген адам. Бұл ерлікті қайталап жүрген бишілерді естіген емеспін.
Құрметті оқырман, Серғазы Жиенқұловтың жеке мұрағатынан алынған суреттер топтамасын ұсынамыз.
Дайындаған: Ардақ ҚҰЛТАЙ
Шара Жиенқұлова жайлы толық ақпарат алғыңыз келсе мына сілтемеге өтіңіз