Шәмші Қалдаяқов туралы 10 дерек

Аса көрнекті сазгер, ән жанрының әйгілі майталманы, осы заманғы қазақ эстрадасының негізін салушылардың бірі, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқов 1930 жылдың 15 тамызында Оңтүстік Қазақстан облысының Қызылқұм ауданында дүниеге келді.

Шәмшінің әкесі он саусағынан өнер тамған ұста, зергер болғанымен, әншілікпен әуестігі жоқ болады. Сондықтан бұл қасиет бала бойына шешесінен, нағашыларынан дарыса керек.

Шәмші Қалдаяқов пиониноны да, домбыраны да жосылта тартқан.

Қазақтың музыка өнерінде Шәмшінің орны ерекше 300-ге жуық әні бар.

Лирикалық әндеріне қарай Шәмшіні „Қазақ вальсінің королі„ деп атап кеткен.

Шәмші әндеріне басқа түгіл ағылшынның өнер қайраткері Роберт Файлер таң қалып: «Мен қазақтың ұлы композиторымен танысқаныма қуаныштымын. 300 — ге жуық ән шығару деген — ұлы ерлік! Сізге ескерткіш орнату керек», — деген екен.

Шәмші «Менің Қазақстаным» әнінің туу тарихын «Ақмоланы Целиноград деп атап, бес облысты бір өлке етіп, оны Ресей жаққа бермекші болып жүрген кезбен байланыстырады.

Қазақ жері бөлшектенгелі жатқанда оның асқақтығын жырлайтын ән керектігін сезеді. Сөйтіп, «Менің Қазақстаным» әні туады. 2005 жылдан «Менің Қазақстаным» туындысы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны болып бекітілді.

1992 жылдан бастап сазгерлер мен әншілер үшін Қалдаяқов атындағы халықаралық байқау-фестиваль дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Байқау талай таланттардың тұсауын кесіп, үлкен сахнаға жолдама берді.

Шымкент қаласында облыстық филармония, Шымкент, Алматы мен Астана қалаларында көше аттары, композитор туған өлке – Шәуілдір ауылындағы музыка мектебі – Қалдаяқов есімімен аталады. Шымкент филармониясының алдына Қалдаяқов ескерткіші орнатылған.

1991 жылы Қалдаяқов жайлы ғұмырнамалық «Жылдарым менің, жырларым менің» (реж. Т. Ахметов) деген деректі телефильм түсірілді.

Сазгердің әндеріне көбінесе Мұхтар Шаханов, Сабырхан Асанов, Қадыр Мырза Әли, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Төлеген Айбергенов, Зәкір Шүкіров, Тұманбай Молдағалиев, Ғафу Қайырбеков сынды қазақтың дарынды ақындары қалам тербеген.

Шәмшінің екі ұлы әкесінің жолын қуып, бүгінде кәсіби музыкант ретінде еңбек етіп келеді.

Abai.kz