- Негізгі бет
- Тұлға
- "Шал" пәтерлі болды...
"Шал" пәтерлі болды
Алматыда Кино үйінде өткен "Құлагер - 2012" кинопремиясын табыстау салтанатты кешінде атақты актер Асанәлі Әшімов сахна төріне "Шал" кинофильмінің режисері Ермек Тұрсынов пен "Жылдың ең үздік ер адам рөлі" атағына ие болған Ерболат Тоғызақовты шақырды.
Көрермендерінің көзінше Ермек Тұрсынов алпыс төрт жастағы "Шалға" бір бөлмелі пәтердің кілті мен құжаттарын тапсырды.
Бұл актер үшін күтпеген сый болды. Сондықтан болар, көзіндегі жасын жасыра алмады.
Көрермендердің де көңілі бір босап алды. Бұл ақпаратты forbes.kz растап отыр.
- Мені БАҚ-та "Тоғызақов қаңғыбас екен" деген сөздер әбден жалықтырды, - деп тілшілерге берген сұхбатында ол ағынан жарылды. Ол расында да "Қазақфильм" киностудиясы қызметкерлеріне арналған Рысқұлов көшесіндегі жатақханада тіркелген екен.
Ерболат Тоғызақовтың жалғыз бөлмелі пәтері "Қазақфильм" ықшамауданында орналасқан. Құны - $55 мың.
- Біз сыйға тартатын пәтерді жұмысқа жаяу келсін деп осы ауданнан әдейі іздедік, - дейді Қанат Төребай.
Кино үйіндегі салтанатты жиыннан соң, Ерболаттың әріптестері мен жақындары оның жаңа шаңырағына бас сұқты.
Ағамыздың жаңа қонысына құтты болсын айтамыз!
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: forbes.kz
А. Әбілхан