«Шәкірттің ұстаздың көлеңкесін басуға да құқы жоқ»

«Шәкірттің ұстаздың көлеңкесін басуға да құқы жоқ»

Елдегі білім беру стандартын қалай жақсартамыз деген сұрақ туындағанда ұстазға деген құрмет ең бірінші орында тұруы тиіс. Қазір білім беру сапасы жоғары деңгейде болуы үшін мұғалімнің біліктілігі басты рөл атқарады деген сенім көпшілігіне тән.

 Мысалы, Финляндияда, Оңтүстік Корея мен Сингапурде мұғалім мамандығын мектеп пен университетті өте жақсы бағамен оқығандар мен әбден ысылып, тәжірибеден өткен университет түлектері ғана алуға мүмкіндігі бар. Бұл мемлекеттердің тек білімді азаматтарды ғана жұмысқа алуының тағы бір себебі – жоғары төленетін жалақы. Арнайы мамандардың зерттеуіне сүйенсек, осы елдердегі білім сапасы бүкіл әлем бойынша көш бастап тұр,  ал мұғалімдерінің жалақысы елдегі басқа мамандықтарға қарағанда ең жоғарғы көлемде беріледі.

Ұстаздардың қоғамдағы әлеуметтік, мәдени беделі, біздің оларды қаншалықты сыйлайтындығымыз – өлшеуге келмейтін мәселе. Өте білімді, болашағынан үміт күттіретін ақылды жастарға «Тәрбиелейтін оқушылары әлімжеттік көрсететін, ата-аналары сыйламайтын, жалақысы ең төмен мамандық иесі болуға қалай қарайсың?» деп айту тіптен ұят.

2013 жылы The Varkey GEMS қоры бүкіл әлем елдері өз елінде мұғалімдерді қаншалықты құрметтейтіні туралы сауалнама жүргізіп көрген. Сауалнама Азия, Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Таяу шығыс елдерінде жүргізіліп, бас-аяғы 21 мемлекеттен 21 000 адам қатысқан. Бұл сауалнамада мұғалім мамандығын дәрігер, заңгер, кітапханашы сияқты басқа мамандықтармен салыстыра отырып бағалау, балалары мұғалімдік мамандығын таңдаған жағдайда ата-ананың көзқарасы, мұғалімдерге төленетін жалақының мөлшері қандай болу керек деген сұрақтар қойылған. Осы сұрақтар арқылы 21 елдің әрқайсысы үшін индекс жасалған.

Сауалнама нәтижесінде педагогика  мамандығының беделі ең жоғары елдер Қытай мен Грекия болып шыққан. Ең төменгі көрсеткішті Израиль мен Бразилия иеленген. Еуропаның көптеген елі, Ұлыбритания мен АҚШ-ты қоса алғанда, ортаңғы орындарға жайғасқан. Кәрі құрлық елдерінің ішінен Ұлыбритания мен Финляндия мұғалім беделін анықтайтын индексте ең жоғарғы нәтиже көрсеткен. Ұлыбритания мұғалімдерінің беделі өзімен көрші елдерден анағұрлым жоғары болуы осы елдегі мектеп басшыларының аса зор құрметке ие екенінде. Көпшілік арасында мектеп директоры – «мектептің қозғалтқышы» деген пікір қалыптасқан.

Өз кезегінде Еуропа елдерінде 10-25% тұрғын оқушылар мұғалімдерді сыйлайды деп есептейтін еуропалық тұрғындар үлесі 10-25% болса, Қытайда бұл көрсеткіш - 75%. Немістердің 20%-ы баласының мұғалім болғанын қаласа, қытай халқының 50%-ы баласына осы мамандықты ұсынатынын айтыпты. Осы сауалнаманың нәтижелері мұғалімдерді аса құрметпен сыйлайтын бірден-бір халық қытайлар екенін көрсеткен. Қытайда мұғалім мамандығы дәрігерлікпен қатар қойылады. Бұл жерден дәрігерлердің де дәрежесі өте жоғары екенін байқауға болады. Білім беру мәселесі Қытайда ең бірінші қаралатын сұрақ болып табылады. Қытай билігі үшін халық білімінің жақсы болуы – жарқын болашақтың кепілі. Қытайдың кейбір мектептерінде Конфуцийдің ойларын жатқа айтқызатын сабақтар да өтеді екен. Аспан асты еліндегі мұғалімдердің орташа айлық жалақысы айына 950-1600 АҚШ долларын құрайды. Ұстаздардың көпшілігі жастар, жоғарғы оқу орындарындағы оқытушыларының 80%-ы – 45 жасқа дейінгілер.  

Грекия, Түркия және Оңтүстік Корея да Қытаймен осы орынды бөліседі.

Ертедегі Шығыс философиясында «Шәкірттің ұстаздың көлеңкесін басуға да құқы жоқ» деген сөз бар. Оңтүстік Кореяда осы пікірді қатаң ұстанады. Корея мемлекетінде білім беретіндердің басым көпшілігі – әйелдер. Бұл елде ата-аналар мұғалімдердің сырт келбетіне дейін сынауға құқылы. Егер мұғалімге көңілі толмаса, мектеп әкімшілігіне немесе жоғары органдарға арыз-шағымдарын айтуына да болады. Бұрын Кореяда ұстаз мамандығы «ақылды, бірақ кедейдің» мамандығы деп есептелсе, қазір әлеуметтік жағдайы жоғары мамандықтың бірі болып отыр. Абыройлы мамандыққа айналуының бір себебі: елдегі ерлердің 53%-ы қалыңдығының мұғалім болғанын қалайды екен. Бұл жақта 55 жаста еңбек демалысын ойлауға әлі ерте. Мұғалімдер 62 жасқа толып барып, демалысқа шығады. Кәдімгі компания қызметкеріне қарағанда зейнетке шыққан мұғалімдердің орташа зейнетақысы 2-2,5 мың АҚШ доллары. Екінші бір себебі: мұғалімдер оқу жылының соңындағы демалыс кезінде де жалақы алып отырады. Әдетте, америкалық мұғалім аптасына 31 сағаттан, аустралиялық мұғалім 20 сағаттан жұмыс істесе, кореялық ұстаз аптасына 14,5 сағат жұмыс жасайды. Кореялық Мектеп Мұғалімдері Федерациясының жүргізген сауалнамасында мұғалімдердің тек 4%-ы ғана қазіргі жұмыстарына көңілі толмайтындығын айтқан. Бұл елде мұғалімнің бір орнына 10 адам таласады екен.

Бауырлас еліміз – Түркияда ата-аналар ұстаздарға өз балаларын «Сүйегі – менікі, еті – сенікі» деп тапсырады. Егер оқушы киімін түймелемей келе жатқанда алдынан мұғалім шықса, құрмет ретінде киімін түймелеу керек деп есептейді. Ал кейде бастауыш мектеп бітіргендер бұрынғы ұстаздарына алғыс ретінде олардың қолдарын сүйеді. Бұл елде тағы бір түсінік қалыптасқан: егер ата-ана мен ұстаз арасы жақсы болса, баланың оқуы жеңілдейді. Сол себептен де, ата-аналар ұстаздарды демалыс күндері үйлеріне арнайы асқа шақырып, мереке күндері балаларынан сыйлық беріп жіберетін көрінеді. Түркияда мұғалімдердің орташа жалақысы айына 800-1000 АҚШ доллары шамасында. Тек осы елде ғана мұғалімдерге бірнеше жеңілдік қарастырылған: ғылыми дәрежесі үшін қосымша 320 АҚШ долларын, біліктілігін жоғарылатуға арналған курстарға қатысқаны үшін 210 доллар, баласы бар мұғалімдерге 165 доллар төлейді және жол жүру ақысы 50%-ға жеңілдетілген. 

Дайындаған: Назерке Смағұл

Сурет: lifeaftercubes.com, aprpress.com

Оқи отырыңыз:

Мұғалімді қалай сыйлау керек?

Мектеп формасы: халат, сари және қысқа белдемше

Студент әлемі: Студент алғашқы дәрісте


Y. Smaghul