"Серпердің" сеніміне ие болған жастар марапатталды

2013 жылғы «Серпер» жастар сыйлығының лауреаттарын марапаттау кешінің шымылдығын түрген "Серпер" жастар сыйлығы комиссиясының төрағасы Талғат Теменов:

«Кеш жарық, құрметтті жастар! Бүгінгі қазақ руханиятына нөкердей болып келген жаңа буын! Алған атақтарыңыз құтты болсын! Бұл – өнер, ғылым, спорт жолындағы алғашқы қадамдарыңыздың басы болып отыр. Аталған сыйлықты 60 жылдардың басында Комсомол комитетінің төрағасы Өзбекәлі Жәнібек ағамыз Қазақстанға бекіткен. Яғни, өзіміздің төл сыйлығымыз. Әрине, алғашында бұл сыйлықтарды алғандардың ішінде Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжімеденов, Мұхтар Шаханов, Фариза Оңғарсынова, Әлібек Дінішев, Тұңғышбай Жаманқұлов, Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, "Дос-Мұқасан", "Ялла" секілді көптеген дарындылар бар еді. Сыйлық кез келгенге беріле бермейді, сонау Кеңес Одағы кезіндегі құндылығын әлі күнге дейін түсірмей келеді. Басты мақсаты – өнер, ғылым, спорт, бейнелеу өнері саласында жүрген жас таланттардың алғашқы еңбегін бағалау, көру және дәріптеу болып табылады. Негізі, лауреаттар 2012 жылы жариялану керек болды, белгілі себептерге байланысты осы жылға қалдырылды. Бір жыл ішінде тағы да сараптауға, іріктеуге жақсы мүмкіндіктер болды. Биыл Ұлықбек Есдаулет, Асылбек Боранбай, Нұртөре Жүсіп секілді ағаларыңмен ақылдаса отырып шешім қабылдадық. Конкурсқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен кандидаттар ұсынылды. Сондықтан, жас лауреаттар, алған марапаттарыңыз құтты болсын! Бұл өнеріміздің бар екендігінің дәлелі, бұл сіздерге алдағы өнер, ғылым жолындағы берілген "аванс" деп біліңіздер. Алдарыңызда үлкен жұмыстар, шығармашылық шыңдалулар күтіп тұр. Сондықтан, жақсылықта, қуанышта, өнер мейрамында жүздесуге жазсын! – деп ағынан жарылды.

Нұриддин Сұлтанмұратов, Қазақстан Жастар Одағының төрағасы:

«Кеш жарық, құрметті қонақтар мен жастар! Дәстүрлі екі жылда бір берілетін біздің Қазақстан Жастар Одағының "Серпер" сыйлығының марапаттау кешіне қош келіпсіздер! Еліміздің белгілі азаматтарынан құралған комиссиялық топтың шешімімен 22 үміткер бес номинация бойынша, яғни, журналистика, кино, театр, эстрада, әдебиет салалары бойынша іріктелді. Нәтижесі бойынша, "Серпер» сыйлығы беріліп отыр. Қазақстан Жастар Одағының негізгі мақсаты – жастардың өзінің айналысып жүрген салаларында жеткен жетістіктерін бағалап, оларды ынталандыру. Жастарды о бастан-ақ отансүйгіштікке, әдемілікке, жақсылыққа, дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтауға тәрбиелеп, бойына сіңіріп, санасын шыңдайтын – ол әрине, өнер. Және бүгінгі жиналып отырған жастар "Серпер" сыйлығының иегері атануға лайықты деп сенемін. Елбасы Н.Назарбаев айтқандай: "Жастарымыз салт-дәстүрімізді, көздің қарашығындай бағып отыратын, адамзаттың ой көгінде ағып отыратын болуы керек" дегендей, сіздерге жүктеліп отырған міндетті ақтауға талпынып, тырысып жүрген сіздер секілді талантты жастарды шын жүректен құттықтаймын!»

Небәрі екі лебізден кейін "Серпермен" қанжығасын майлаған сыйлық иегерлерін марапаттау рәсімі де басталып кетті.

Кино номинациясы бойынша: 

Әлия Әнуарбек ("Жау жүрек мың бала", "Жас ұлан", "Ағайынды" фильміндегі актерлік шеберлігі үшін)

Құралай Анарбекова ("Менің күнәлі періштем", "Жау жүрек мың бала" фильмдеріндегі актерлік рөлі үшін)

Аян Өтепберген («Жау жүрек мың бала", "Олимп шыңы" фильмдеріндегі рөлдері үшін)

Асылхан Төлепов («Балалық шағымның аспаны», «Жау жүрек мың бала» фильмдеріндегі рөлдері үшін)

Қанағат Әбдірайым («Зұлмат», «Сұлу қыз», «Наурыздағы қарбалас» фильмдерінің сценарисі)

Әсел Садуақасова ( «Дауыс Интернешнл» тобында ән шырқаған, бірнеше фильмдердегі рөлі үшін)

Театр номинациясы бойынша:


Алмас Шаяхмеов ( М. Әуезов театрындағы «Мұрагер», «Көктөбедегі кездесу», «Еңлік-Кебек», «Шәкәрім», «Абай», «Ромео және Джульетта» қойылымдарындағы рөлдері үшін)

Еркебұлан Дайыров («Бес бойдаққа бір той», «Шырақ жанған түн», «Абай», "Жау жүрек", «Ромео мен Джульетта» қойылымдарындағы рөлдері үшін)

Динара Әбікеева (Ғ. Мүсірепов атындағы театрында «Екі жүрек», «Алтын кілт», «Бақыт» қойылымдарындағы рөлі үшін)

Дана Қоңырова («Махаббатқа табынған Фараон», «Үкілі Ыбырай», «Ана дауысы» қойылымдарындағы рөлдері үшін)

Аида Жантілеуова (Ғ. Мүсірепов театрының актрисасы, «Махаббат пен Ғадауат», «Ай-Қарагөз», «Шығыс сазындағы» рөлдері үшін)

Бану Манкеева («Ромео мен Джульетта», «Қыз Жібек», «Ақ бөбек», «Іздедім сені», «Адам болып өтейін» қойылымдарындағы рөлдері үшін)

Әсет Иманғалиев («Тазша бала», «Ғажайып қобдиша», «Тұншыққан сезім» қойылымдарындағы рөлдері үшін)

Эстрада номинациясы бойынша:


Абылай Тілепбергенов (Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының студенті, домбырашы)

Бауыржан Ордин («Тамаша» театрының актері)

Әдебиет номинациясы бойынша:


Олжас Қасымов («Боз беткей» өлеңдер жинағының авторы)

Бауыржан Әліқожа ("Ай-тұмай" өлеңдер жинағының авторы)

Дархан Бейсенбекұлы («Тағдыр тақтасы», «Әулие ағаш» кітаптарының авторы)

Журналистика номинациясы бойынша:


Динара Мыңжасар («Түркістан» газетінің тілшісі)

Мәншүк Бекбосын («Алматы ақшамы» газетінің тілшісі)

«Серпер» серпілткен сенімді жастар сыйлық туралы не дейді?

Олжас Қасым, ақын:


Сыйлықты қазақ өнеріне, мәдениетіне, әдебиетіне қызмет етіп жүрген жастарды құрметтеп, елеп, ескеріп жатқандары деп түсінемін. Бір жылы ауыз сөз айтса, адамның жүрегі жібіп қалады емес пе? Біз де қабілетіміз артып кетпесе де, шығармашылық серпін аламыз деп ойлаймын. Алға жылжып, жаңа белестерге талпыну үшін мұндай марапаттардың болып тұрғаны дұрыс. Бүгінгі «Серпердің» де, «Алаш», «Дарын» сынды мемлекеттік сыйлықтардың барлығы да еңбек етіп жүрген адамдарға деген құрмет көрсетудің бір түрі деп ойлаймын.

Еркебұлан Дайыров, актер:


«Серпер» – ең алғашқы сыйлығымның бірі. Сыйлықтың үлкен, кішісі жоқ, бастысы – сенің еңбегіңнің нәтижесінің болуы, бағалануы. Мен бұл жетістікке жалғыз жеткен жоқпын, режисерлерден бастап, біздің театрда киімдерімізді реттейтін, тіпті, көрермендерді бақылаушы қызметін атқаратын қыздардың барлығына алғыс айтқым келеді. Марапатталып отырған әріптестерімді құттықтаймын!

Асылхан Төлепов, актер:

Сыйлыққа өзімді лайықтымын немесе лайықсызбын деп айтып, баға қоя алмаймын. Мені ұсынғандарына қарағанда еңбегім де бар шығар. «Жау жүрек мың бала» фильмі шыққаннан кейін көрермендер жылы қабылдап, лебіз-тілектерін айтып жатыр. Бұл да бір Алланың берген бағы деп білемін. Осы фильм арқылы бірнеше марапатқа ие болдық. Мұның бәрі де біз үшін қуаныш, үлкен бақыт. Аталған фильмнің басты рөлдерінде болған төрт актер-актриса бірдей «Серпер» сыйлығына ие болдық. Сыйлық төртеуміз үшін де маңызды, еңбегіміздің зая кетпегендігі деп білемін. Осыдан кейін тағы да бір жетістікке жетемін деп талпынасың, шығармашылық шабытқа ие боласың деп ойлаймын.

Алмас Шаяхметов, актер:


Сыйлық иегері болғандығыма шын жүректен қуаныштымын. 2006 жылы қара шаңырақ М. Әуезов атындағы театрға келгенмін, міне, жеті жылдай уақыт бойы осы театрдың ыстығын да, суығын да бірге көріп келеміз, бірталай рөлді ойнадым. Бәріне де еңбектің арқасында жеттік деп ойлаймын. 2013 жыл мен үшін, менің әріптестерім үшін өте жемісті жыл болды. Сыйлықтың маңызы өте зор деп айқайламас едім, себебі мен атаққұмар адамдардың қатарында емеспін. Дегенмен, еңбегің ескеріліп, бағаланып жатса қуанасың, сенімге лайықты болуға тырысасың. Сол себепті, мұндай марапаттаулар өнер адамдары үшін керек деп білемін.

Еркін Тілеуқұлұлы, М. Әуезов театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі:


Шешім, нәтиженің барлығы салиқалы адамдардың сұрыптауынан кейін жарияланады. Біз өз тарапымыздан театрымызда еңбек етіп жүрген екі актеріміз: Еркебұлан Дайыров пен Алмас Шаяхметовты ұсындық. Қазақтың өнер қайраткерлерінен, өнер майталмандарынан құралған комиссиялық топ бірауыздан қабылдап, екеуі де үлкен бәйгеге ие болып отыр. Олардың алдыңғы буын ағаларының үмітін ақтай алатындығына сенемін.

Сыйлық иегері атанған барлық жастарды шын жүректен құттықтай отырып, "Серпер" тек қана жігер мен шабыт сыйласын деген тілек білдіреміз!

Арнайы Массагет. кз үшін: Айгерім Сматуллаева