- Негізгі бет
- Тұлға
- Серке Қожамқұлов -...
Серке Қожамқұлов - қазақ өнерінің серкесі
Серке (Сералы) Қожамқұлов 1896 жылы 5 мамырда Қостанай облысы, Қарабалық ауданына қарасты 13-ауылда дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі Сералы еді. Бала күнінде анасы Айкүн еркелетіп, «Серкем менің!» деп атаған.
Ол Тройцк қаласындағы медреседе білім алған. Азамат соғысы кезінде Серке Қожамқұлов Әліби Жангелдиннің партизандық отрядында болады. Кейін білімін Орынбор қаласында жалғастырады. Оқу орнында, әскерде белсенділік танытып, әуесқой қойылымдарға қатысты.
1923 жылы оқуын бітіріп, Қостанай қаласында сот тергеушісі болып жұмысқа орналасады. Әйтсе, де, өнерге құштар болып, сахнаны ұмытайды. Мұны байқаған басшылық оны 1925 жылы тұңғыш Қазақ театрына режиссерлік қызметке жібереді. Қазақтың қара шаңырағы саналатын Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының іргесін қалаушылардың бірі болды. Әкем театрда режиссер болып қана қоймай, сахнада Мырқымбай, Қоңқай, Көбікті, Қарабай, Еспембет сияқты образдарды сомдады.
Серке Қожамқұлов қазақ кинематографиясының дамуына сүбелі үлес қосты. «Амангелді», «Ақ раушан», Шәкен Аймановтың «Алдар көсе», «Біздің сүйікті дәрігер» музыкалық комедиясында бой көрсетті.
Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Социалистік Еңбек Ері, Ленин атындағы екі орден және ІІІ мәртелі Сталин сыйлығымен марапатталған.
Өмірінің соңғы күндеріне дейін ол сахнамен қоштасқан жоқ. 1979 жылы 25 желтоқсанда ол «Ана-Жер-Ана» қойылымында Ақсақал бейнесін сомдайды. Алты күннен кейін 84 жасқа қараған шағында елінің еркесі Серке Қожамқұлов дүниеден өтеді.
Суреттер yvi.kz сайтынан алынған
Ғ. Ұзақ