Семейліктер қаланың ең сұлу аруын анықтады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Семей аруы - 2013» атағын алу үшін 16 жастан 23 жасқа дейінгі 13 бойжеткен бақ сынасты. Алғашында қатысушылар бейнеролик арқылы өздері жайында айтып беруі керек болған. Сонымен қатар, қатысушы арулар хореографиялық сыннан өтіп, кешкі отырысқа арналған көйлектер мен қазақтың ұлттық киімдерін таныстырып, сән көрсеткен.
«Кастинг бақандай үш айға созылды. Мұнан кейін байқауға дайындық екі ай бойы қатысушыларды қалжыратты. Қыздар өте қатты шаршады. Байқауға қосымша қойылымдар қойдық. Оның үстіне флешмоб пен дефиле тағы бар. Әйткенмен қатысушы қыздар мұның бәріне мән берместен, 100 пайыз бәрін жеңіп шықты», - дейді Семей қаласындағы «Іңкәр сезім» этностудиясының директоры әрі қалалық «Семей аруы-2013» байқауын ұйымдастырушы Айна Тоғысова.
Әйтеуір, үш сағатқа созылған байқау мәресіне жетіп, «Семей аруы - 2013» байқауының тәжі 18 жасар студент қыз Камила Тұрғынбекке бұйырды.
«Әділ-қазылар алқасының шешім қабылдауы өте ұзаққа созылды. Біз қыздардың барлық жүріс-тұрысына, сән көрсетуіне, би қимылдары мен кескін-келбеттеріне аса назар аудардық. Сондықтан мен жеңімпазымыз Камила Тұрғынбек осы атаққа лайық деп ойлаймын», - деп түсіндірді Айна Тоғысова. Оның сөзінше, ертеңнен бастап «Семей аруы-2013» атын иеленген Камила Тұрғынбек осы жылдың соңына жоспарланып отырған республикалық байқауға дайындықты бастап кетуі керек.
Айта кетерлік жайт, әділ-қазылар алқасында танымал әзіл-сықақ пен сатира саңлақтары, «Тамаша» ойын-сауық орталығының актерлері – Асылбек Боранбай мен Марат Көккөзов те болды.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: Tengrinews.kz