The Spirit of Tengri фестивалі жалғасып жатыр. Саханың әйгілі шаңқобызшысы Юлиянадан соң Алматыға Тыва мен Аустрияның атақты әншісі Сайнхо Намчылак келді. Көмей әуені мен батыстың қазіргі заманғы музыкасын ұштастырушы импровизатордың концертіне қазақстандық «Алдаспан», Hapanasasa топтары мен диджей Нариман Исенов те қатысады.
Этникалық музыка кеші ертең сағат 20.00-де The Guns & Roses барында өтеді. Әнші акустикалық және электронды музыкадан тұратын қос бағдарламасын ұсынады. Алғашқысы тыва халқының дәстүрлі әндерінен тұрса, екіншісі - ырғақты әуендер. Музыкант осы сапары барысында жергілікті табынушыларына көмеймен және тамақпен әндету өнері бойынша шеберлік дәрістерін де өткізбек. Сайнхо қазақстандық жұртшылыққа биыл маусымның 8-інде өткен The Spirit of Tengri фестивалі кезінде етене танылған еді. Гала-концертті өз шығармашылығымен қорытындылаған әнші жергілікті тыңдармандардың қазіргі заманғы этникалық әуендердің тың ырғақтарына қызығушылығын арттыра түсті.
«The Spirit of Tengri сияқты фестивальдер - заманның белгісі. Қанда бар ежелгі дәстүрлер адамның өзімен бірге, заманына сәйкес дами береді, өте дәстүрлі дүниелер сәл дәстүрлі нәрсемен, сәл дәстүрлі нәрсе қазіргі за-манғы жаңа формалармен байланыста дамиды. Қазір өте ежелгі музыкалық дәстүрлер мен ағылшын тіліндегі қазіргі әлемдік танымал музыка арасында үлкен бос кеңістік қалып қойды. Сол кеңістікті толтыру қажет. Қазіргі заманғы музыка тек қана америкалық не еуропалық болмауы керек, басқа халықтар да сол танымал музыкаға өз дәстүрімен қосылуы тиіс. Бүгінгі клуб музыкасында да ұлттық аспаптар үні болуы керек», - деген еді сол кезде әнші. Айта кетейік, осы айда Алматыға The Spirit of Tengri жобасының тағы бір қатысушысы - қырғыз әншісі Гүлзада да келмек.
Жолдаған: Болатбек Мұхтаров
Сурет: geometria.ru