- Негізгі бет
- Тұлға
- Сатыбалды Нарымбетов: "Шәкен...
Сатыбалды Нарымбетов: "Шәкен Айманов – қазақ өнерінің бағына жаралған жарық жұлдыз"
Бүгін, 15 ақпан күн қазақ киносының классигі, қазақтың сахна өнері мен кино өнерінің қалыптасуына, шыңдалуына айрықша ықпал еткен КСРО халық артисі, көрнекті театр және кино актері, белгілі кинорежиссер Шәкен Айманов дүниеге келген күн. Осыған орай Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ басшылығы, білгілі киногерлер - Сатыбалды Нарымбетов, Дамир Манабаев, Рустем Абдрашов, Ерболат Тогузаков - және киностудияның қызметкерлері қазақ киносының майталманының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды, - деп хабарлайды "Қазақфильмнің" баспасөз қызметі.
- Шәкен Айманов – қазақ өнерінің бағына жаралған жарық жұлдыз. Оның фильмдері ұлттық кинематографтың алтын қорына енді. Сомдаған рөлдері – актерлік шеберліктің нағыз шыңы. Қазақ кино өнерінің дамуына зор үлес қосқан ол Қазақстан кинематографистер одағына жеке ғимарат, сондай-ақ "Қазақфильм" киностудиясын тұрғызып берді. Өмірі парасат пен өнегеге өрілген Аймановтың шығармашылығын келер ұрпаққа жеткізу біздің міндетіміз. Шәкен ағамыздың аруағы қолдай берсін, - деді белгілі кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов.
Айта кетсек, бүгін ақпанның 15-де сағат 21:20-да "Ел Арна" телеарнасында кино өнерінің саңлағы – Шәкен Аймановтың өмір жолы мен шығармашылығына арналған "Шәкен Айманов: аңыз адам" деректі фильмі көрсетіледі. Аталған фильмді Ш.Аймановтың 100 жылдығына орай белгілі режиссер Болат Нүсімбеков түсірген. Сондай-ақ, ертең, ақпанның 16-да сағат 19:25 "Ел Арна" телеарнасында Шәкен Аймановтың "Атамекен" фильміне арналған "Ашық көрсетілім" бағдарламасы көрсетілетін болады.
Шәкен Кенжетайұлы Айманов 1914 жылы 15 ақпанда Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген. Ол аса дарынды суреткер актер, ойшыл режиссер ретінде қазақтың сахна өнері мен кино өнерінің қалыптасып, шыңдалуына айрықша ықпал еткен, өшпес із қалдырған дара дарын иесі. М.Әуезов атындағы қазақ драма театрында 1933 жылдан еңбек етіп, 100-ден астам образдарды, оның ішінде Петруччио ("Асауға-тұсау"), Хлестаков ("Ревизор"), Отелло ("Отелло"), Ақан сері ("Ақан сері — Ақтоқты"), Қодар ("Қозы Көрпеш — Баян сұлу») сынды үздік рөлдерді сомдады.
1940 жылы "Ленфильм" режиссері М.Левин Аймановты М.Әуезовтің сценарийі бойынша қойылған "Райхан" фильміндегі Сәрсеннің рөлін сомдауға шақырады. Кейін Ш.Айманов "Ақ раушан" (ЦОКС, 1942) атты фильмінде майдангердің рөлін, "Абай өлеңдері" (1946) фильмінде оқушы Абай Шәріптің және "Алтын мүйіз" (1948) фильміндегі Досановтың рөлін сомдайды.
Шәкен Аймановтың келесі бір салмақты дүниесі – Жамбыл рөлі болды. Фильм бүкіл Кеңес Одағы ауқымындағы елдердің экранында көрсетілді. Келесі кинодағы актерлік ауқымды жұмысы – Алдар Көсе рөлі. Осы кейіпкер арқылы Айманов өзінің жылдар бойы жүрегінің түбінде жатқан халық қазынасындағы жинақы образды дүниеге алып келді.
1953-1970 жылдар аралығында Шәкен Айманов "Қазақфильм" ұлттық киностудиясының көркемдік жетекшісі қызметін атқарып, сценарийлер жазып, актер және режиссер ретінде де жұмыс істеді. Бұл уақытта ұлттық кинематография дүние-мүлік, түрлі құрал-жабдықтардың тапшылығынан тұралап жатқан болатын. Шығармашылық машақаттан қашпаған Шәкен Айманов ұйымдастырушылық қиындықтардан да бас тартқан жоқ. Бір киноны аяқтай салысымен екінші туындыны қолға aлып, тынымсыз еңбектің арқасында біртіндеп киностудияны жөнге келтірді. Соның арқасында киностудияда жаңа шығармашылық топ пайда болды. Олар: "Қыз-Жібек", "Шоқан", "Ана туралы аңыз» фильмдерін қазақ кинематография қорына енгізген саңлақтар, сол кездегі жас режиссерлер Сұлтан Қожықов, Мәжит Бегалин, Александр Карпов еді.
50-жылдардың соңына қарай Шәкен Аймановтың "Қазақфильм" киностудиясына жұмысқа келуімен киноөндірісте деректі, көркем фильмдердің саны артты. Жаңа заман тақырыбына арналған дүниелер жарыққа шықты. Шәкен Аймановтың біліктілігі арқасында республикалық кино өндірісі материалдық және шығармашылық тұрғыда нығайды. Осы кезеңде Қазақстан кинематографистер Одағы құрылды. Бұны Шәкен Аймановтың өзі басқарды.
1984 жылы "Қазақфильм" киностудиясына Шәкен Аймановтың есімі берілді.
Шәкен Кенжетайұлы ұлттық кинематографияның алтын қорына енген 10-нан астам көркем фильм түсірді. Олар: "Махаббат дастаны" (1954, режиссерлік дебют), "Дала қызы» (1954) , "Біз осында тұрамыз" (1956), "Біздің сүйікті дәрігер" (1957), "Бір ауданда" (1961), "Ән шақырады" (1961) , "Жол торабы" (1962) , "Алдар көсе" (1964), "Атамекен" (1966), "Тақиялы періште" (1968), "Атаманның ақыры"(1970). Сонымен қатар, Шәкен Айманов актер ретінде "Райхан" (1940) фильмінде Сәрсеннің рөлін, "Ақ раушан" (ЦОКС, 1942) фильмінде майдангердің рөлін, "Абай әндері" (1946) фильмінде Абайдың шәкірті Шәріптің рөлін, "Алтын мүйіз" (1948) фильмінде Жәкен Досановтың рөлін және "Жамбыл" (1953) фильмінде Жамбыл Жабаевтың рөлін сомдап шықты.
Н. Үсенова