Испаниялық суретші Сальвадор Далидің денесі эксгумацияланатын болды. Мұндай шешімді Мадрид соты шығарған.
Мария Пилар Абель Мартинес есімді әйел бірнеше жыл бойы өзін атақты қылқалам шеберінің қызы деп жариялап келеді. Осы фактіні дәлелдегенше тыным таппай жүрген Мартинестің айтуынша, суретші 1955 жылы оның анасына ғашық болған. Жалпы, Дали мен оның жұбайы Гала (Елена Дьяконова) екеуінен ешқандай ұрпақ қалмаған. Дали 1989 жылы 85 жасында бақилық болып, туған қаласы Фигераста жерленген. Көзі тірісінде суретші не қызы, не оның анасы туралы ешқандай естелік жазбаған.
Эксгумация жасау туралы шешім шығарудың себебі – өтініш білдірушінің оған туыс екенін анықтайтын биологиялық материалдар немесе ДНК-тестке қолдануға болатын заттың болмауы.
Жоғарыда айтылған мәселеге қатысты Gala Dalí Foundation қоры ешқандай комментарий бермеді. Мартинестің не 300 миллион евро мұраға көз тіккен алаяқ, не шынымен ұлы суретшінің жалғыз ұрпағы екені алдағы айда белгілі болады.