- Негізгі бет
- Тұлға
- Сал ауруына шалдыққан...
Сал ауруына шалдыққан алматылық жеңімпаз атанған
Tengrinews.kz редакциясы «Қазақстанның дарынды балалары» атты жобаны жарыққа шығарғанын хабарлаған едік. Бұл жоба аясында жас болғанына қарамастан жетістікке жеткен балалар жайлы мақалалар жарық көреді. Бүгінгі кейіпкер 15 жастағы алматылық бозбала – Амир Исаев. Ол Нұр-Сұлтан қаласында ментальды арифметикадан өткен Еуразия интеллектуалдық олимпиадасында үшінші орынға және кубокқа ие болған.
«Балалардың церебраль сал ауруына» (ДЦП) шалдыққан бозбала Қазақстан, Беларусь, Өзбекстан, Ресей сияқты елдердің 1000-нан астам қатысушылары қатынасқан олимпиаданың жүлдегері атанды. Айтпақшы, олимпиада барысында рекорд орнатылды – «Математикалық матрицаны шешу бойынша ең көп қатысушылар» тіркелді. Бұл рекорд World Records Union және Asia Book of Records кітабына түсті. 935 бала қиын тапсырмаларды бір уақытта шешкен. Бұл жағдайды рекордтар кітабының мүшесі Рой Човдхуры Бисварооп бағалаған.
Ата-анасының балаға деген махаббаты мен қамқорлығының арқасында оның өмірі өзге балалардан бөлектеніп тұрған жоқ. Кішкентай күнінен ол салауатты өмір салтын ұстанады: футбол, шахмат ойнайды, ағылшын үйренеді, ән салады, билейді және болашаққа жарқын жоспар құрады.
Амир 10 жасқа толғанда, әкесі оны ой-өрісін дамыту үшін ментальды арифметика орталығына берген. Сол уақыттан бастап, осы сала бойынша жаттығып келе жатқан бала бүгінде үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Қазір ол кітаптың тұтас азбацын жаттап ала алады. Бойдағы қабілетін шыңдап келе жатқан бала осы уақытқа дейін түрлі олимпиадаларға қатысып, екінші, үшінші орынға ие болған.
«Мен бұл байқауға қатысу үшін бірнеше ай жаттықтым. Ақтық кезеңде кішкене толқыдым, алайда, өзімді толық бақылауда ұстай алдым. Үшінші орын мен үшін сондай маңызды. Осыдан кейін, одан әрі талпынуға көмегін тигізді», - деді Амир Исаев.
Амир – 2016 жылы өткен «Балапан жұлдыз» байқауының лауреаты, «Балалар асфальтке сурет салады» конкурсының бірінші орын иегері. 2014 жылы елордада өткен «Барлық армандар орындалады» қайырымдылық концертінде балалар үйінің тәрбиеленушілерімен бірігіп «қара жорға» биін билеген. Ол бұл байқауда Батырхан Шүкеновпен танысты. Сонымен қатар, ол «Балаларға өмір сыйла», «Жолды жүрген адам жеңеді» фильмдеріне түскен. Амир Ресейдің танымал футболшысы Андрей Аршавинмен де кездескен. Ол уақытта футболшы Алматының «Қайратында» ойнап жүрген еді.
Амир биыл сегізінші сыныпты аяқтады. Мектепте әлі екі жыл оқитынына қарамастан, ол болашақ мамандығын таңдап қойған.
«Мен әкем мен ағамның ізін жалғап заңгер боламын деп шештім. Біріншіден, бұл беделді мамандық. Екіншіден, мен сәтсіз жағдайға тап болған жақсы адамдарды қорғағым келеді. Әділетсіз шешім қабылданғанда, мен оларға қорған болғым келеді. Қазіргі уақыттан осы салаға, сот істеріне қатысты бағдарламалар мен фильмдер қараймын. Бұрын мен Украинаның Трускавец қаласындағы дәрігерім Владимир Ильич Козявкин сияқты дәрігер болғым келетін. Алайда, дәрігер болу үшін адамда сол салаға деген әуестік болу керектігін түсіндім. Болашақтың қалай болатынын көре жатармыз», - деп ой бөлісті Амир Исаев.
Жоғарыда айтып өткендей, біздің кейіпкеріміз футбол спортын жақсы көреді. Ол теледидардан футбол матчтарын бақылап отырады және футболға қатысты видеоойындарды ойнағанды жақсы көреді. Оған кішкентай күнінен бастап түрлі футбол клубтардың жейделерін сыйға тартқан. Қазір оның коллекциясында 50-дей футбол формасы бар.
«Мен футболды қатты жақсы көремін, кішкентай күнімнен бастап футбол қараймын. Ауладағы, мектептегі достарыммен бірігіп жиі футбол ойнап тұрамын. Теледидардан футбол матчтарын, чемаионаттарды үзбей қарап жүремін. Екі жыл бұрын мен «Реал Мадрид» командасына жанкүйер едім, ал қазір «Челсиге» қолдау білдіремін. Менің ағам, дәл осы «Челсидің» фанаты, ақырында ол мені де бұл командаға жақтас болуға көндірді. Бірақ, маған атаған екі командам да ұнайды. Айтпақшы, мен он екі жасқа толғанда менің жақындарым маған тосын сый жасады. Олар испаниялық «Реал Мадид» Академиясының жаттықтырушылары Алматыға келгенде, оларға ұсыныс білдіріп менімен кездесу ұйымдастырды. Жаттықтырушылар өздерінің қолтаңбалары қойылған допты және клубтың жейдешесін маған сыйға тартты. Мен қатты қуандым», - дейді бозбала.
Америкалық танымал боксшы Рой Джонс та Амирге қолтаңбасы қойылған бокс қолғабын сыйға тартыпты.
2015 жылы Олимпиада чемпионы Александр Винокуров Амирге велосипед сыйлады. Бұл кездесуді ұйымдастыруға Аружан Саин көмектескен.
«Мен ол күні сыйлық аламын деп мүлде ойламаған едім. Әкем екеуіміз ойын-сауық орталығына барғанбыз, ал ол жерде мені үлкен сыйлық күтіп тұрған екен. Бұл екі доңғалақты веловипедті мүлде күтпедім, қуанышымда шек болған жоқ», - дейді Амир.
Жақында, ата-анасы оған ересектерге арналған үш доңғалақты велосипед алып беріпті. Енді қала көшелерінде серуендеу Амир үшін ыңғайлы бола түсті. Амир футбол жейделерінен бөлек ретромобильдерді де жинайды. Ойыншықтарды сақтайтын жеке шкафында ескі автокөлік түрлерінің түр-түрін кездестіруге болады.
2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласында балаларға арналған «Қазақстан, балаға қамқор» форум-фестивалінде Амир бұл шараға дарынды бала ретінде қатысты.
Амирдің айтуынша, оның осындай биік шыңдарды бағындыруына, кездескен түрлі қиындықтармен күресе алуына ата-анасы, туған-туыстары себепкер болды.
«Бұл өмірдегі ең басты нәрсе – жігер және рухани мықтылық. Осы қасиеттер адамның бойынан табылса, ол адам жетістікке жете алады. Менің жақындарым мені әрдайым қолдап отырады. Мектепте немесе байқауларда жолым болмай қалса, олар әрқашан жанымнан табылып, жылы сөздерін айтып жігерлендіреді. Қатарластарыма «ешқашан мойымаңдар» дегім келеді және біліңдер, сенің қасыңда саған сенетін адамдар жүр, - деп ақ тілегін ақтарды Амир.
Исаевтар отбасында Амир үшінші бала. 16 жылдық үзілістен кейін дүниеге келген Амир Зухра мен Кенжебайдың отбасына үлкен қуаныш әкелді. Бірақ, анасы уақыт өте баланың денсаулығы жақсы еместігін аңғарады. Расында, сол уақытта ата-анаға ДЦП жайлы хабар беріледі.
«Диагнозды білгенде, мен басында сене алмадым. Өзімді, дәрігерлерді кінәләдім. Сосын, өз-өзімді қолға алып, дәрігерлерден бұл ауру жайлы ақпарат жинай бастадым. Уақыт өте ұлымның ерекше қабілеттерге ие екенін ұқтым. Амир біздің өмірімізді түбегейлі өзгертіп жіберді. Үлкен ұлым Амирдің арқасында мамандығын ауыстырып, қазір тұлғалық даму бойынша тренер болды. Екіншім, өрт сөндіруші болып қызмет істейтін, Амирге көмектесіп жүріп массаж жасауды меңгеріп алды. Қазір осы бағытта еңбектеніп, ерекше қабілетті балаларға арналған жаттығу залын ашқалы жатыр. Мен Амирді дүниеге әкелерде дәрігерлер «балаңыз жүре алмайды, сөйлей алмайды» деген. Алайда, Амир көпшілікті өзін мойындатты. Ол бала кезінен өзін түрлі салада дамытқысы келді. Сол себепті, біз оны әнге, биге, шахматқа, түрлі үйірмеге бердік. Қазір ол ержетіп келеді. Алға қойған мақсаттары бар. Мен оның жаны қалаған жұмыспен айналысқанын қалаймын және өзі қалаған мамандықты таңдауына мүмкіндік беремін. Біз тек оны қолдап, қасынан табылатын боламыз. Әрбір ата-ана баласын сүю керек және мына ортада мықты азамат болып қалыптасуына жағдай жасау керек», - дейді Зухра Исаева.
Амирдің денсаулығындағы өзгерістер Украинадағы Трускавец қаласындағы клиникаға барып келгеннен кейін біліне бастаған.
«Бірінші барғанда біз баланың бойынан жақсы өзгерістерді байқадық. Екінші рет барып келгеннен кейін жарты жыл өткенде ұлым өзі отыра алды. Ол кезде Амир, небәрі екі жаста еді. Төрт жасында аяққа тұрып, жүре бастады. Айтпақшы, ұлымның неше жаста сөйлегенін білесіз бе? 9 айында. «Ана» деген сөзді анық естідім. Жарты жылдан кейін сөйлеммен сөйлейтін болды. Ол автомобильдердің барлық маркасын жатқа білді. Бір күні көлікпен келе жатсақ, «Анашым, қарашы, КамАз жылап тұр, ал мына джип оған ұрсып тұр. Ал анау тұрған «Тойота» күліп тұр», - дейді. Ол көліктерді өзгеше танитын. Эмоция арқылы көлікті сипаттайтын», - деп күлді Амирдің анасы.
Кенжебай Исаев Амирдің өміріндегі ең маңызды адамдардың қатарында. Полковник дәрежесіне дейін көтеріліп, полицияда қызмет еткен әкесі ұлын емдеумен толыққанды айналысу үшін жұмысын тастауға мәжбүр болған.
«Дәрігерлер бізге, «ата-анасының біреуі баланың қасында үнемі болған жағдайда ғана нәтиже болады» дегеннен кейін мен жұмыстан шығып, баламның қасында болдым. Трускавецке алғаш барғанда ұлымды анасы апарды. Екінші мәрте барғанда өзім алып бардым. Ол кезде ол 1 жас 9 айлық сәби еді. «Аурушаң балаңды қалай адам қылмақшысың» деп достарым таңқалатын. Ештеңе емес, қолымнан келді, онымен қоса өзгелерге де көмектестім. Бұндай диагнозды көргенде ерлі-зайыптылар ажырасып кетіп жатады. Ең қорқыныштысы, әкелері әйеліне бар ауыртпалықты артып, тайып тұрады. Трускавецке барғанда, дәл біз сияқты уайыммен барған 200-дей адам болды. Соның ішінде тек үш-ақ әке жүр. Әйелдермен сөйлестім, «әкесі бізді тастап кетті» деген нәзік жандылар көп. Еркектер барлық кінәні әйеліні үйіп, «мен тазамын» деп кетіп қалатын көрінеді. Жоқ, бұндай сәтте ерлі-зайыптылар арасында аталған жағдай орын алмау керек. Еркек мықтылығын көрсетіп, ауыртпалықты көтере білу керек», - дейді Амирдің әкесі Кенжебай Исаев.
Науқастанған баланы емдету үшін ерлі-зайыптылар тек Укаинаға ғана емес, Қытайға, Қырғызстанға да барған. Әр сапар сайын кемінде $5000 қажет болған. Бұндай қаражатты жинауға ата-анаға туысқандары мен жақындары көмектескен. Сонымен қатар, Аружан Саинның қайырымдылық қоры да қол ұшын созыпты. Бұрынғы Алматы қалалық мәслихат депутаты Ғалым Садибеков те қолынан келген көмегін көрсеткен.
«Біз үшін, Амир – Құдайдың бізге берген сыйы. Ол біздің өмірімізді, ойлау жүйемізді өзгертті. Мен 30 жыл милициядан қызмет еттім. Оның қасында жүргенде мен барлығын ұмытамын. Біз әрқашан біргеміз. Бірге ән айтамыз, сахнаға шығамыз, билейміз, түрлі конкурстарға қатысамыз. Ұлымның қуанышына көзайым болып жүріп менің өмірім толығымен өзгерді», - дейді ұлын құшағына алған Кенжебай Исаев.
Осыдан бірнеше жыл бұрын, Кенжебай достарының және ұйғыр диаспорасының қолдауымен мүгедек балаларға арналған «Амир» қоғамдық қорын құрды. Ол қазір ұлымен бірге балаларға арналған түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырып, көмекке зәру балаларға қолынан келгенінше қолдау білдіреді.
Tengrinews.kz редакциясы дарынымен көпті мойындатып жүрген талантты балаларды насихаттау мақсатында «Қазақстанның дарынды балалары» жобасын іске қосты. Біздің елімізде түрлі сала бойынша жастығына қарамастан жетістік жолын тапқан балалар аз емес. Егер сіз Давид сияқты дарынымен көптен ерекшеленіп тұрған баланың ата-анасы немесе танысы болсаңыз редакция поштасына kids@tn.kz хат жолдаңыз. Сонымен қатар, Tengrinews.kz сайтында көрсетілген телефон нөміріне қоңырау шалу арқылы редакциямен байланыса аласыз.
Жоба ERG компаниясының қолдауымен жүзеге асуда. Сонымен қатар, осыған дейін ERG компаниясымен бірлескен «Батырлар арамызда», «Жеңімпаздар» жобалары жарыққа шыққан еді.
А. Қажиев