- Негізгі бет
- Тұлға
- Сахна саңлағы сексеннің...
Сахна саңлағы сексеннің сеңгірінде
Кеше қазақ өнерінің қара шаңырағы М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрда Қазақстанның Халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері Нүкетай Мышбаеваның 80 жасқа толу мерейтойы аталып өтті.
Алтынның сынығы, ескінің көзі болып отырған ақ жаулықты ана театр сахнасында 60 жыл бойы еңбек еткен. Театр өнерінің негізін қалаған майталмандардың көзін көріп, тәрбиесін алған Нүкетай Мышбаева Асқар Тоқпановтың дарынды шәкірттерінің бірі. Бірнеше буын көрерменнің сүйікті актрисасына айналған Нүкетай Мышбаеваның сексеннің сеңгіріне шыққан тойына мәдениет пен әдебиет, өнер саласының қайраткерлері, театр ұжымы, көрермен қауым көп жиналып, зал лық толды.
Кеш шымылдығы құттықтаулармен ашылды. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықованың, Сенат төрағасы Қасым Жомарт Тоқаевтың құттықтауларын оқып берді.
Актрисаның қанаттас достарының атынан Сәбит Оразбаев атамыз әдемі естеліктермен өрілген әсерлі құттықтауын арнады.
Өнердегі өмірінде үлгі санап, артынан ерген сіңлілерінің бірқатары актрисаға ән арнап, сыйларын тарту етті.
Мерей той барысында Нүкетай Мышбаеваның 60 жылдық еңбек жолындағы сомдаған рөлдерінен бейнебаян ұсынылып, көрермен қазақ өнерінің тарихына саяхаттап қайтты.
Сахна төріндегі “80 жас” деген жазу ғана болмаса, актриса әлі сергек қалыбын жоғалтпаған. Кеш соңында келісті биі мен сыңғырлаған күлкісі халық жүрегінде орын алған Нүкебай Мышбаева қыздай кербездене сөз сөйледі: “ Жұрт маған сексенге келдің дейді. Ал, мен сол сексенді сезінбеймін. Өмірімді ұзартатын осы отырған зал толы алтын көрермендеріме рахмет. Мен өміріме ризамын. Өнеріме ризамын. Қара шаңыраққа ризамын”.
Көпшілік көне көз қарияның бойында сақталған қуаты мен әлі күнге өшпеген театр актрисасына тән харизмасына сүйсініп, Хабиба анамыздың жасын тіледі. Жүзінің ажары кетпеген жарқын бейне иесі келер ұрпақ ұқсауға тырысып бағатын бағдар болып қала бермек.
А. Оралқызы