Бүгін, яғни мамырдың бірі, әдебиет ардың ісі, әдебиетке детазалық керек деп азаматтық позициясын айқындап кеткен белгілі публицист, сыншы, тележурналист, жазушы әрі қоғам қайраткеріСағат Әшімбаевтың туған күні. 44жыл өмірінде Сағат Әшімбаев артына Сын мұраты, Талантқа тағзым, Парасатқа құштарлық, Шындыққа сүйіспеншілік, Ақиқатқа іңкәрлік, Азаматтыққа адалдық сынды кітаптар қалдырып кетті. Сонымен қатар абайтанушы ретінде детанымал болған Сағат Әшімбайұлы кейінгі журналист ұрпақтың есінде тоғышарлық атты індетпен күресуші күрескер ретінде сақталып қалды. Сынның тууы адамзат көркемдік ой-санасының бір адым ілгерілегендігінің айғағы, деп Сағат Әшімбаевтың өзі айтқандай, оның негізгі тақырыбы сын жанры болды. Оның қаламынан туған зерттеу-талдау тұжырымы, көңілге қонымды сын мақалалары мерзімді баспасөз бетінде жүйелі жарияланып, қазақ телевизиясын жаңа биікке көтерді және артына мол мұра қалдырып кетті. Тағылымды тағдырымен талай шәкіртін жақсылыққа тәрбиеледі. Игі істерге жетеледі. Ұлттық сананың өсуіне үлес қосқан таланттың ұлтына деген сүйіспеншілігі ерекше. Сағат ақынжанды сыншы. Әдебиет әлемін түпнұсқасынан тани білер қырағылығына күмән-күдігіңіз болмасын! Әдебиетші Әшімбаев, сыншы Сағат қашанғы дағдысындай өзіне сенімді һәм сергек. Әшірбек Сығай. * Бір адамды бақытты етіп, жүзіне мұң көлеңкесін, жанына қайғы ізін түсірмеу әркімнің қолынан келеді. *Өсектің өртінен гөрі қолқаңды қауып, деміңді тарылтатын дерті жаман. *Тау суындай тұнық та мөлдір ар. *Адамшылықтың сұлтаны. *Күй астарында терең философиялық ойлар жатады. *Әдебиеттегі шарттылық қауыз іспеттес: ол жазушының түрлі ниетін танытудың бір тәсілі. *Шығарма мәйегін түйсіну жазушы пафосын түсіну деген сөз. *Өлеңнің жаны сұлулық. *Өлең өмірдің үзіліп түскен мөлдір тамшысы. *Үйрену мен жаттығу да еңбек. *Шын мәніндегі сұлу поэзияда өнердің басқа салаларының да элементтері қойындасып жүреді. *Сұлулық пен образ егіз ұғымдар: бірі жоқ жерде екіншісі де болмайды. *Образдылық әлем поэзиясына тән қасиет болғанымен, сыртқы түр жағынан да, ішкі мазмұн тұрғысынан да ұлттық ерекшеліктері болады. *Өлең сұлулығының басты өлшемі (критерий) мазмұн мен түр арасындағы жанды жарасым (пропорция) сақталып, диалектикалық байланыстың үзілмеуі. *Өлеңде ой мен сезім болғанымен, олар лайықты формада (түр) көрініс таппаған болса үстінде лыпа жоқ, киімсіз адамдай рабайсыз көрінеді. Керісінше, түрі (форма) келісіп, бірақ ой мен сезім парасаттылығы жетпей жатса өлең өлең емес, құр айғай болып шықпақ. *Туған халқыңа деген ұлы махаббат туған жерге деген сүйіспеншіліктен басталады. *Туған жерге деген махаббаттан да адамның моральдік бет-бейнесі көрінеді. *Туған босағасын сағынбаған туған жерін де сағынбайды. *Кітап белгілі бір дәуірдің, уақыттың алға қойып отырған көкейтесті мәселелері туралы парасатты жүректің рухани толғанысы, аңдыздаған ойы, ақшаңқан сезімі, эрудициясы, дүниеге көзқарасы. *Әңгіме шеберлік мектебі, шеберліктану әліппесі. *Адам уақыт туындысы, дәуірдің жанды бөлшегі. *Творчество тәуекелге көнбейді. *Нағыз жазушы өз заманындағы әлеуметтік-саяси, философиялық, эстетикалық ой-сананың, білімнің, танымның, идеялардың биігінде тұруға тиіс. *Оңтайлы деген оңай деген сөз емес. *Ақындық интуиция табиғаттың сиы, ал ақындық мәдениет оқу, орта, ізденіс арқылы қалыптасады. *Өлең ой мен сезімнің образға айналған көркемдік жарасымы. *Өлең оқу үшін де өре керек. *Ойлы әдебиет биік парасаттан, терең білімнен туады. *Өнер туындысы өмірді түсінудің кілті. *Театр күрделі интеллектуальдық гармониядан тұратын, үш жақтан бірдей қиыннан қиысқан сахналық өнер. *Қай халықтың да ұлылығы санының аз-көптігімен емес, рухани мәдениетінің жалпы адам баласына ортақтығымен, гуманистік және интернационалдық сипатымен өлшенсе керек. *Рухани мәдениетінің өрісі басқаларға да ортақ болу дәрежесіне жету халықтың жасампаздығының кепілдігі. *Әдебиеттің атқаратын оразан зор қызметімен ештеңе де теңесе алмайды.