- Негізгі бет
- Тұлға
- Рейхстагқа ту тіккен...
Рейхстагқа ту тіккен батырға 90 жыл
Алматыда Рейхстагқа ту тіккен батырдың 90 жылдығына арналған басқосу өтті, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі «Алаш айнасы» басылымына сілтеме жасай отырып. Шараның өтуіне батырдың өзі қызмет атқарған «Алматы» қонақүйі мұрындық болды.
Рақымжан Қошқарбаев – 1962 жылдан 1967 жылға дейін салынып, 1992 жылдан бері еліміздің тарихи-мәдени ескерткіштерінің бірі саналып келе жатқан «Алматы» қонақүйінің алғашқы директоры.
Шара барысында батырдың соғыс кездегі ерліктері еске алынып, бейбіт күнде атқарған қызметтері тілге тиек болды. Батыр жайлы естеліктерімен бөліскен қарулас, әріптес жолдастары өз ойларын ортаға салып, Қошқарбаевты еске алды.
Сөз кезегінде Рақымжан Қошқарбаевтың жолдасы, өмірлік досы Жанша Жанасов: «Мен де биыл 90 жасқа келіп отырмын. Ол екеуміз құрдас едік, соғысқа да бірге барып, бірге келіп, кешегі өмірінің соңғы күндеріне дейін бірге жүріп-тұрған едік. Рақымжанның 90-ға келуімен осы қонақүйдің ұжымын құттықтаймын», - деді.
Қазақ «Армансыз адам болмайды» дейді. Рақымжанның арманы өз еңбегінің жемісін көру еді. Бірақ оны көре алмады. Осы ретте Бауыржан Момышұлы үлкен ерлік жасап Рақымжан туралы Ресейдің мұрағатынан Рейхстагқа ту тіккені жайлы тауып, оны сол кезде «Лениншіл жаста» жұмыс жасайтын Кәкімжан Қазыбаевқа беріп, халыққа жеткізді», - деді батырдың майдандас досы Олжабай Темірханов.
Рақымжан Қошқарбаев Берлин операциясы кезінде Рейхстагқа жеңіс туын тігіп асқан ерлік көрсеткен қазақтың батыры. Батыр атамыз 1924 жылы Ақмола облысында өмірге келген. Биыл батырдың дүниеге келгеніне 90 жыл толып отыр.
Сурет: forum-eurasica.ru
M. Auelkhan