Райхан Қалиолдинаның мерейтойлық бенефис-кеші өтеді

Райхан Қалиолдинаның  мерейтойлық бенефис-кеші өтеді

Маусым айының 17-сі күні сағат 16.00-де Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар және жасөспірімдер театрында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері – Райхан Қалиолдинаның мерейтойлық бенефис-кеші өтпек. 

1. Мерейтой иесінің қатысуымен «Жақсы кісі» ( авт. Ә. Тарази, реж. Ж. Хаджиев ) трагикомедиясы көрсетіледі (өту уақыты: 1 сағ., 15 мин.)

2. Арнайы бейне-баян ( 15 мин. )

3. Мерейтой иесін құттықтау рәсімі ( өту уақыты: 20-25 мин. )

Райхан Нәбиолдақызы Қалиолдина  – 1962 жылы 12 шілдеде Алматы облысы, Ақсу ауданы, Ақсу ауылында дүниеге келген. 1969-1979 жылы Талдықорған облысы, Ақсу ауданы, Қаракемер орта мектебін үздік бітірді. Осы жылы Алматы Мемлекеттік театр және сурет өнері институтының театр факультетінің драма және кино актері мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1983 жылы бітіріп шығады.

1983 жылы жолдама бойынша, Мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрына актриса болып қабылданады. Міне, содан бері Райхан Қалиолдина жастар театрының қара шаңырағында 30 жылдан астам еңбек етіп келеді. Ол бүгіндері Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар және жасөспірімдер театрында әртістер құрамының труппа жетекшісі болып та қызмет етіп келеді. 


Райхан Қалиолдина әрі театр, әрі кино актері болғандықтан ол осы уақытқа дейін талай отандық кинофильмдер мен телехикаяларда бой көрсетті. 

30 жыл ішінде ойнаған рөлдері:

М.Әуезов «Алуа»- Жанар, Ғ.Мүсірепов «Ақан сері-Ақтоқты» – Ақтоқты, М.Байджиев «Ерте, ерте, ертеде» – Зылиха ханшайым, Ш.Айтматов «Желсіз түнде жарық ай» Ұлжан, Н.Мирошниченко «Алау  жалды арғымақ» Оксана Орлик, Т.Минилун «Диляфруздың төрт күйеуі»- Диляфруз, Ә.Тауасаров «Сен жанбасаң»- Жанар, С.Балғабаев «Қыз 20-ға толғанда» – Жібек, Гаухар, «Ең әдемі келіншек» – Мадина,  С.Сматаев «Зар заман» -Қолаң сұлу, Е.Аманшаев «1001-шітүн» Якутат Аль-Кальб, Д.Исабеков «Ескерткіш операциясы» – миссис Чарльтон, У.Шекспир «Махаббат айдыны» -Ева,  Б.Әлімжанов «Құдалық» – Құдаша, Ғ.Мүсірепов «Қыз Жібек» – Батсайы, «Рабиғаның махаббаты» – мұғалім, І.Жансүгіров «Исатай мен Махамбет»- Фатима, М.Әуезов «Ділдәнің зары»- келін, В.Омар «1001 күн»- Ана, Ф.Родари «Чипполлино және оның достары»-Асқабақ, М.Ахманов «Алдардың айласы»- сиыр, Е.Елубаев «Асар» - мекиен, Б.Мұқай «Шындық детекторы» – Сәния, Б.Жәкиев «Әке тағдыры» - Зура, Ғ.Мүсірепов «Ұлпан-Есеней» - Шынар, Ш.Мұртаза «Жетім бұрыш» - Сырға, С.Балғабаев «Жымбала, Мико және қасқыр» - Ботакөз, И.Вовнянко «Стриптизердің өлімі» - сот, Ханкелдин «Керемет» - Қамқа ханша, В.Алшынбаев «Керқұла атты Кендебай» - Айғаным, А.Островский «Адам аласы ішінде» - Машенька, т.б.

Райхан "Шығыс хикаясында" аспаз қыздың рөлінде

Райхан "Базарбаевтар" телехикаясында Айғаным Базарбаеваның рөлінде

Райхан Қалиолдина 2006 жылы «Ерен еңбегі» үшін медалінің иегері болып, 2012 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанды. Сонымен қатар, талантты актриса «Дарын» Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

 

Анықтама телефондары: 271-38-12, 271-42-37

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер Райхан Қалиолдинаның жеке мұрағатынан алынды

А. Әбілхан