- Негізгі бет
- Тұлға
- Рамазан Стамғазиев: «Бейнебаян...
Рамазан Стамғазиев: «Бейнебаян түсіруден түбегейлі бас тарттым»
Массагет қазақ жастар порталы қазақтың халық әндері мен дәстүрлі әндерін кеңінен насихаттап жүрген, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, "Құрмет" орденінің иегері Рамазан Стамғазиевтен сұхбат алды.
– Эстрадалық әндермен салыстырғанда қазіргі дәстүрлі әннің деңгейі қандай?
– Бұл сұраққа жауап беру үшін эстрада деген сөздің мәнін ашып алу керек. Эстрада – өнер көрсететін алаң. Ол жерде барлық өнер иесі болады. Соған байланысты қазір әншілерге «эстрада әншісі» деген айдар тағып алдық.
Қазір ғаламтордан кез келген адам өзге ұлттың әуендерін тыңдай алады. Қазақстанда да өзге елден келген өзбек және басқа да ұлттың азаматтары ән өңдеу (аранжировка) қызметін атқарып, кәсіби түрде арзанқол қызмет көрсетіп отыр. Олардың қазақ әндеріне қосып жіберген өзге ұлтқа тән милизмдері, жат әуездері біздің әндерімізді өз тұғырынан тайдырып жібереді. Оны тыңдап, өзге ұлттың әуендерімен әрленген әндерді құлағына сіңіріп өскен қазақ жастары халық әні мен жат әнді ажырата алмай қалады. Қазақтың әні қайсы десең, өзбектің әнін көрсетеді. Жетісудегі, Арқа төсіндегі сал-серілерден қалған, Батыстағы Мұхит салдан, Маңғыстаудағы жеті қайқыдан қалған дәстүрлі әндер ғана тұғырын берік ұстап, қаймағын бұзбай тұр, сонысымен құнды. Шеттен келген қонақтар эстрадалық әндерді емес, дәстүрлі әндерді іздеп, сұрайды. Себебі дәстүрлі әндер талай ғасырға куә болды. Кейінгі ұрпаққа, қазақ деген жұртқа тәрбие бере алады. Есті жаулаған эстрададан дәстүрлі орындаушылар кейін қалды деп ойламаймын.
– Дәстүрлі әннің аудиториясын көбейту үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Тыңдармандарды көбейту үшін үкімет, мәдениет министрлігі қолдау жасау керек. Концерттік бағдарламаларды ай сайын, апта сайын, сағат сайын дәстүрлі әндерге арнап, экрандарға жол ашып, коммерциялық, ақпараттық жүйелер жоғары жақтан ұлттық музыканы дәріптеуге бұйрық шығаруы керек. Астанада, Алматыда консерваторияларда, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының өзінде дәстүрлі әнге арналған бес мамандық бар. Байқаулар ұйымдастырылса, бір номинацияның өзіне 60-70 бала сапта тұрады. Таланты тасып тұрған, дауысы алты қырдан асатын өнерлі балалар көп, бірақ сол өнерлі өрендер мен халықтың арасына көпір сала алмаймыз. Мемлекет тарапынан қазақтың ұлттық орындаушыларына қолдау жасау керек.
– Көбінесе ата-аналары балаларына «өнер ауыр жол, лас жол» деп таңдауына қарсы болып жатады. Оларға не айтасыз?
– Менің бір досым бар. Әкесі ағаларын агроном, зоотехник еткен. Кезек досымның өзіне келген кезде, ол консерваторияға түседі, оны естіген әкесі «Мылжың мұғалім болады, ақымақ әртіс болады» деп аттың бауырына алып сабаған екен. Сөйтіп заман ауысқан кезде ағалары оқыған мамандығы бойынша жарытып табыс таба алмады. Ал кенже інісі әр концертке шыққан сайын көп ақша алады, шетелге шығады. Бауырларының, ата-анасының түгелдей жағдайын жасады. Сол кезде әкесі баласының консерваторияда оқығанына қуанды.
Адам өнер адамы боламын деп бола салмайды. Оның істейтін шаруасы шаш етектен. Әуелден бастап іргетасы өз деңгейінде қаланбаса, орта жолда қалып қояды, оның әрбір этабынан өтуі керек. Адамға Алла тағала бір рет беретін өмірді ол өнерге арнауы керек. Бір мамандықта жүріп өнерге жай ғана ақша табу үшін уақытша келемін деуге болмайды. Алдыңғы ұстаздарымыздың өнерге сіңірген еңбегі ересен зор. Біз де солар сияқты жүргіміз келді, аузынан ән жазып алып қалдық. Сол жолмен жүріп келе жатырмыз ба, ізін жалғай алдық па, кейінгі ұрпаққа жеткізе алдық па деп ұяламыз. Жастар да солай етуі керек.
– Шәкірт тәрбиелеуде ұстанатын қағидаларыңыз?
– Мен үшін ата-анам, ұстаздарым жерге қарамауы тиіс. Менің өмірлік позициям – осы. Шәкірттеріме де осыны айтамын. Айналып келгенде негізгі түйін ұят, аманат дегенге келіп тіреледі.
– Шәкірттеріңізге әдеби кітап оқуға талап қоясыз ба?
– Қайрат Байбосынов, Жәнібек Кәрменов ағаларымыз кітаптардың тізімін беретін. Ең алғаш келе салып мұрын тіреп оқыған кітабымыз Ахмет Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» деген кітабы. Сол кітапта автордың еңбектері, қай әнді кім орындады, кім жеткізді деген мәліметтер келтіріледі. Ұстаздарымыз оқығанымызды тексеріп отырады.
Мысалы балалар Кененнің «Бозторғай» әнін орындау үшін реферат жазғызамын. Жазу үшін Кененнің бүкіл шығармашылығымен танысады. Әнді айтып отырғанда Кененді түсінеді, оның образына енеді, кейде отырып жылайды. Ақан серінің қыстақта жатып өлгені, Мәдидің, Естайдың, Біржан салдың өмірі – барлығын оқымайынша, өнер адамының санасы шайқалмайды, идеясы оянбайды. Кітап оқымаған бала әуен мен сөз жаттаудың шекарасынан шыға алмай қапаста қалады. Әнді үйреніп айту әншілік емес, әнді зерделеп салу – әншілік. Тарих пен әннің кіндігі байланған, ажырата алмайсыз.
– Өзіңіз ісіңізбен қаншалықты үлгі болып жүрсіз?
– Мен қазір балалық кезді еске алайыншы деп Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» кітабын қайталап оқып жатырмын. Тұнып тұрған классика ғой. Балалық кездегі ауылдағы бастан кешкендері жүрек қылын қозғамай қоймайды. Ғабит Мүсірепов, Ақселеу Сейдімбек кітаптарын қайталап оқып тұрамын. Ақанның «Құлагерін» үйрену үшін Ілияс Жансүгіровтің поэмасын жаттадық. Әдеби кітаптар да қажет, бірақ күнделікті өмірге қажетті кітаптарды көп оқимын.
– Өзіңіз әскер қатарында болған екенсіз. Қазір түрлі сылтау айтып, әскерге барғысы келмейтін жігіттерге не айтасыз?
– Біздің кезімізде «әскерге бармапты», «әскерден қашыпты» деген сөздер ең сорақы адамға қатысты айтылатын. Біреудің баласы армияға бармапты, борышын өтемепті десе, ол ауру не есі дұрыс емес деп қабылдайтынбыз. Менімен бірге оқығандар барлығы спортпен айналысқан, таяқты да, сөзді де көтеретін балалар болды. Олар, керісінше, әскерден шынығып келді. Орысша білмейтін балалар орысша үйреніп, басқа қырынан танылып, мүлде өзге азамат боп келді. Мен әскерде жүргенде әкем артымнан сәлемдеме ретінде домбыра салып жіберді. Жанымда қазақ балалар болды, домбырамен өлең айтсам жылайтын... Қазіргі жастар бір жылға барып келеді, Отан алдындағы міндетті борышы ғой, қалмауы керек.
– Сіздіңше, хит ән қандай шарттарға сай болуы керек?
– Хитті бір жақты қарауға болмайды. Адамдар кейде жер теуіп, билеуге жарайтын әнді хит ән деп ойлайды. Шәмшінің, Әсеттің, Нұрғисаның әндері бүгінге дейін хит болып қалды. Үш этап – балалар, орта буын, ересек буын айтты, кейін солардың тілімен сөйлей білді. Ырғағы көңілге қонымды, жас та, кәрі де айта алады. Абайдың өлеңдері сияқты жабылып айтты. Хит әннің қоғамда тәрбиелік қызметі болу керек.
Мен бейнебаян түсіруден түбегейлі бас тарттым. Мысалы әнді миллиардтаған адам естиді де, миллион түрлі керек дүниесін іздеп тауып алады. Бейнебаянын көрген соң миллиондаған тыңдарман бір нүктеге шоғырланады. Көп клип халыққа қызмет ете алмайды. Керісінше, миллиондаған тыңдарманды мүгедек етеді. Клипті көріп отырады да, алдамшы дүниенің құрбанына айналады. «Аспан ашық, бірақ жаңбыр жауып тұр» деген әндер бар, соған билейді. «Отыздан асып барамын» деп билейді. Мұқағалиді оқыса, олай болмас еді. Ол «Шашымның санап әр ағын» деп қиналып жазды.
Бұрын мынадай жағдай болған. «Аңшының зары» деген күйге кәріс жігіт қойылым қояды. Айнаға қарайды, шашын тарайды, қуанышты. Кейін оған күйдің тарихын айтып бердік. Екі ағайынды аңшы аңға шығып, біреуі ана сайға, біреуі мына сайға кетіп қалады. Ағасы марал атып алады. Терісін сыпырып, күнге қақтап отырған кезде жаңбыр жауып кетеді. Сол кезде інісі мына жағынан келіп марал екен деп ағасын атады. Келсе, өзінің ағасы. Ауылына келіп домбырамен күй тарту арқылы суық хабарды жеткізеді. Қазір ән-күйдің, арғы жағына, шығу тарихына қарамайды. Өмір сүретін нәрсе жасаса, хит деген сол.
– Оқырмандарды біраз тың мәліметпен сусындаттыңыз деген ойдамыз. Сұхбатыңызға рақмет!
@. @assel_assanova