- Негізгі бет
- Тұлға
- Рафаэль Сантидің ұрланған...
Рафаэль Сантидің ұрланған картинасы табылды
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қолды болған әйгілі Рафаэль Сантидің "Жасөспірім портреті" туындысы табылды. Бұл туралы РИА Жаңалықтар хабарлады.
Рафаэль Сантидің Өркендеу дәуірінде өмір сүрген дарынды суретші екендігін айтып өтелік. Бұл туралы Польшаның сыртқы істер министрлігінің өкілі, профессор Войчех Ковальский: "Картина қазіргі таңда бір банктің сейфінде сақтаулы тұр", - деді TOK FM радиостанциясына берген сұхбатында.
Шенеунік кенептің қай елдегі банкте сақтаулы екендігн ашып айтқан жоқ. Картинаның қалай табылып, польшалықтардың қолына қалай түскендігі туралы да анық ақпарат жоқ. Дегенмен анығы туындының ерте ме, кеш пе Польшаға қайтарылатындығы болып тұр.
Рафаэльдің XVI ғасырда жасап шыққан туындысы XIX ғасырда Чарторый поляк князьдарының қолына түсіп, сақталған. Әйтсе де екінші дүниежүзілік соғыс кезінде гитлерліктер картинаны тартып алған. Бұдан кейін бұл шедеврдің қайда қалғандығы белгісіз болып қалған еді. Бірақ ел арасындағы әңгіме бойынша "Жасөспірім портреті" швейцарлық банкирлердің қолында сақталып, кейін Ресейге, Ресейден АҚШ-қа сатылған.
Рафаэль Санти (1483-1520) барлық кезеңдердегі суретшілермен тең тұрарлық дарын. Оның артынан "Сикстиндік Мадонна", "Афиндік мектеп", "Дева Марияның некелесуі", "Форнарина" секілді көптеген жұрттың таңдайын қақтырған суреттер қалған.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: bibliotekar.ru