- Негізгі бет
- Тұлға
- Пол Уокердің ерлі-зайыптыларға...
Пол Уокердің ерлі-зайыптыларға жасаған жақсылығы
Актерлік дарыны бала кезінен байқалып, кино саласында еңбек сіңірген Пол Уокерді білмейтіндер аз шығар. "Форсаж" фильмі арқылы танымал болған Американың актері өмір бойы талай жанға көмек қолын созып, қарапайымдылығымен көпшілікті таңғалдырған. 2013 жылы қайырымдылық шарасынан шығып, көлік апатынан қаза тапқан Полды жанкүйерлері ешқашан естен шығармайтыны белгілі. Бүгін біз актер қайтыс болғаннан кейін ғаламторға шығып, елді дүрліктірген ақпаратты назарларыңызға ұсынамыз.
Бірде Американың белгісіз бір зергерлік дүкеніне жаңадан отбасын құруға ниеттенген ерлі-зайыпты сақина таңдауға келген екен. Әшекей бұйымдарға қызығатын қыз баласы бірден жауһар тастармен көмкерілген бұйымға көзі түсіп, қолына алады. Әлгі сақинаны саусағына өлшеп таңырқап тұрып, жазылған бағасына қарайды. Қалтасы жұқа жандар саудагердің алдында өздерін ыңғайсыз сезініп, қайтадан орнына қойып, арзандауын іздей бастайды. Сол уақытта артқы жақтан:
– Қымбатын алыңыздар,– деген дауыс естіледі. Арттарына қараса, атақты актер Пол Уокер екен. Қуанғанын жасыра алмаған жұп қалай айғайлап жібергендерін де байқамай қалады. Бөгде жанкүйерлерінің назарын аудармауды қалаған актер, бірден сабырға шақырады. Жігіт өзінің әскери адам екенін айтып, қымбат бұйымды қалтасы көтермейтінін актерге айтады. Біраз сөйлескеннен кейін Пол Уокер мен жас отбасы ешқандай сақина алмастан дүкеннен шығып кетеді. Арада біраз уақыт өткеннен кейін ерлі-зайыптылардың үйіне арнайы жеткізуші маман сыйлық әкеледі. Ашып қараса, екеуі қызыққан неке жүзігі екен. Ішінде кішкене ғана хат бар көрінеді. "Мен миллиондаған адамды күлдіріп қаржыға кенеліп жүргенде, біздің ұйқымызды күзетушілердің жұбайына бір жүзік сыйлай алмауы жаныма қатты батты" деген екен.
Өзінің тума таланты мен қарапайымдығының арқасында елдің сүйікті актеріне айналған Пол Уокердің осы жақсылығы өмірден озғаннан кейін ғана жария болған.
B. ZHAQSYMBET