- Негізгі бет
- Тұлға
- Поэзия падишасы дүниеге...
Поэзия падишасы дүниеге келген күн
Бүгін қазақтың ақын қызы, поэзия падишасы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының халық жазушысы Фариза Оңғарсынованың дүниеге келген күні. Фариза Оңғарсынова осындан 77 жыл бұрын 1939 жылы 25 желтоқсанда Атырау облысы Манаш ауылында дүниеге келген.
Алғашқы өлеңдері баспасөз беттерінде 1958 жылдан бастап шыққан. Әр жылдары 20-дан астам өлеңдер жинақтары, очерктері, таңдамалы шығармалары, "Біздің Камшат" повесі, аудармалары "Жазушы", "Жалын", "Молодая гвардия" баспаларынан жарық көрді.
Ақынның шығармашылығына тән басты қасиет - шындыққа бас ию. Оның бұл қасиеті кез келген туындысынан да айқын көрініп тұрады. 1979 жылы жарық көрген «Сенің махаббатың» жинағындағы «Сырласу немесе ақын әйелдің анасымен диалогы» атты поэмасы ақын шығармашылығының шындық шырқауы, негізгі қағидасы. Шындық, қайсарлық, адамгершілік, махаббат, сенім сияқты философиялық категориялар Фариза Оңғарсынованың поэмасында нанымды, салмақты көрініс тапқан.
Фариза Оңғарсынованың өлеңдерінде жасандылық жоқ, азаматтық лирикасы сыншылдығымен, қоғамдағы, адам мінезіндегі келеңсіз тұстарды дәл нысанаға алуымен ерекшеленеді.