- Негізгі бет
- Тұлға
- Пьер Корнель –...
Пьер Корнель – классицистік трагедияның атасы
XVII ғасырда трагедия жанры классицизм секілді ұлық болып есептелінген. Ал көне грек драматургтері Эсхил, Софокл, Еврипид және Сенекалардың трагедиялары қайта өрлеу дәуіріндегі драматургияның үлгілері іспеттес еді. Антика аңыздары мен тарихи сюжеттер классицистік трагедияның негізгі мәліметтер көзі болған. Классицизм дәуіріндегі ұлы трагик ақындарының бірі – Пьер Корнель.
Классицизмнің трагедиялары
Трагедия жанрындағы классицистер құрастырған заңнамалар өте қатаң болған. Сюжет (тарихи немесе шындыққа жанасқан аңыз) Көне Рим мен Грекия секілді антикалық заманды қамтуға тиіс еді. Сондай-ақ, пьесаның тарихи астары оның алғашқы қатарларынан белгілі болса, нағыз классицизмнің үздік жауһарына айналатын болған.
Трагедияның теориясында үш бірліктің принципі негізгі орынды алады. Ол принциптер Аристотельдің театрға қарсы концепциясына негізделіп, XVI ғасырдағы итальян және француз гуманистерінің туындыларында жазылған болатын. Дегенмен, тек XVII ғасырдың драматургтері классицистік трагедияның шыңына жете алды.
Дегенмен, XVII ғасырда трагедия сюжеттік дағдарысқа тап болады. Корнельдің эпостық жанрдағы трагедияларын лирикалық трагедия ауыстыра бастайды. Бұл жаңа жанрда не басты кейіпкер батыр болмайтын, не қоғамдық проблемалар алдыңғы қатарда талқыланбайтын. Сюжеттің негізгі құрылымында кейіпкердің жеке өмірі мен сезімі суреттеледі.
Пьердің үш мәнері
Әлем классицизмнің тұңғыш трагик ақыны деп, шын мәнінде, француз драматургі Пьер Корнельді мойындайды. 1636 жылы Корнель классицизмнің алғашқы ұлы туындысына айналған «Сид» трагедиясын (траги-комедия – П.К.) жазады. 1636-1643 жылдары жазылған «Сид», «Гораций», «Цинна», «Помпейдің өлімі» атты пьесалар Корнельдің бірінші мәнері.
Пьердің бірінші мәнеріне тоқтала кетсек. Мұнда драматург азаматтық ұлықтау мен ел билеудің саналы жолдарына көп көңіл бөледі. Сонымен қатар, Корнель монархияның көне және орта кезеңдік құрылымдарына ерекше тоқталады. Ал 1643 жылдан кейін жазылған пьесаларын автордың екінші мәнеріне топтастырамыз. Кейінірек, ақының шынайы өмірге деген көзқарасы түпкілікті өзгере бастайды. Трагедияның ең басты тақырыбы таққа таласу ортасына ауысады. Туындылардың сюжетімен танысқан кезде, оқырманның кейіпкерлерге деген тамаша көзқарасы емес, керісінше жеккөрушілік пайда болады. Корнельдің замандастары оған барокко эстетикасының әсері болғанын айтады. Корнель даңққа бөленеді. Дегенмен, Корнельдің үшінші мәнеріне (1659-1674 ж.ж.) жататын туындыларынан алдыңғыларындай ешбір тілге тиек ететіні болмағандықтан, өмірінің соңғы жылдарында оның көркемдік жаңалығы болған жоқ.
«Сид»
Испан жазушысы, Лопе де Веганың шәкірті Гильена де Кастроның екі бөлімді «Сидтің жастық шағы» атты драмасы Корнельдің «Сид» шығармасына негізгі дереккөз болды. Корнель аталған шығармасында адамның жеке сезімі мен оның борышы арасындағы күресті сипаттауға тырысады. Алдымен, Родриго және оның сүйіктісі Хименаның образдары (инфанта образы) арқылы жеке және феодалдық борыштың астарына тереңінен түңіледі. Сосын Хименаның Родригоға деген сезімінен баз кешіп, мемлекеттің алдындағы борышын орындамақ болатын инфанта образымен жалғасады.
Нақтырақ талдауға кіріссек. Родриго мен Химена жастайынан бір-біріне ғашық болады. Бірақ олардың жанұялары арасында жанжал туады. Хименаның әкесі дон Гомес пен Родригоның әкесі дон Диего тақ мұрагерінің тәрбиесімен айналысуға кімнің құқығы көбірек екеніне байланысты сөзге келіп, дон Гомес дон Диегоға қол жұмсап жібереді. Абыройдан ада болған дон Диего ұлы Родригодан кек алуын сұрайды. Родриго Хименаны сүйеді, бірақ әкесінің қорлығы үшін кек алуға тиіс. Осылай Родриго сезім мен борыштың арашасында қалып қояды. Ол өз шешімін қабылдап, дуэльде дон Гоместі өлтіреді. Енді Химена тура Родригоның таңдауына тап болады. Ол да таңдау жасауы тиіс: не Родригоға деген ғашықтық сезімі, не әкесінің өліміне қатысты жанұялық борышы. Химена да Родриго секілді борышты сезімнен жоғары қойып, Родригоның өлімін талап етеді. Мұнда Корнель Родриго мен Хименаның трагедиялық махаббатына оң шешім болатын үшінші күшті енгізуді мақұл көреді. Ол Кастилияның королі Фернандо болатын. Автор бір айға созылатын сюжетті 30 минуттың межесіне сыйдырады. Корольдің басты шешімі шыққанша, маврлармен қақтығыс болып, Родриго Кастилияның батырына айналып, елге оралады. Енді үшінші инфанта, яғни король тура сондай келеңсіз жағдайға тап болған еді. Феодалдық тәртіптің талабы бойынша Родриго өлімге кесілуі керек немесе мемлекеттік мәртебеге орай Родриго қаһарман атануы керек. Король тіл қата алмайды.
Корнель мұнда да иірімнің шегін табатын жаңа бағытты таба алады. Корольден қайыр болмағаннан кейін, Химена Родригоны жекпе-жекте жеңген адаммен алдағы өмірін жалғайтыны туралы хабарлайды. Хименаға сырттай ғашық болып жүрген кастилиялық ақсүйек дон Санчо Родригомен дуэлге шығып, жер құшады. Осыдан Король Фернандо Родриго мен Хименаның үйлену тойын жариялап, үлкен феодалдық шиеленістің аяқталғанын қуанышпен хабарлайды.
Ж. Өрісбай