- Негізгі бет
- Тұлға
- Өшпес ізі қалған...
Өшпес ізі қалған
Батыр Қазыбаев қазақстандық журналистика тарихында ерекше із қалдырған мықты медиаменеджер болды. Ол Қазақстан журналистикасында ел үшін елеулі жобалар жасады. Өкінішке қарай, біздің медиа алаңымызды нұрландырған, көптеген ірі жобалар мен өзіндік журналистика мектебін туғызған тұлға 53 жасында өмірден өтті. Оның қазасы қазақ журналистикасын орны толмас қайғыға душар етті.
Бүгін, 6 қаңтарда Батыр Қазыбаевтың туған күні. Осы орайда Massaget.kz порталы Батыр Қазыбаевтың бала кезден бірге өскен досы, Б.Момышұлының немересі, журналист Ержан Момышұлының естелігін ұсынады.
Өшпес ізі қалған
"Әттең, бір қапы дүние-ай" деген екен ертеде өткен дүлдүл ақын Мұрат Мөңкеұлы. Өкініші көп өткінші өмірдің өзегіңді өртейтін олқысы мен кемдігін аһ ұра айтыпты. Одан кейін де пенделер үшін ештеңе өзгермеген, өзгермейді де. Өйткені дүние жаралғалы бері бір ізге түскен тақтайдай түзу, кедергісіз, өкінішсіз тіршілік болған емес. Әлемді былай қойғанда әрқайсымыздың жеке өмірімізде үлкенді-кішілі қапы кеткен талай-талай өкініштерді бастан кешіргеніміз анық. Адам баласы саналы тіршілік иесі болғандықтан сол өкініштердің орнын толтыруға тырысады. Өлімнен басқаны ерте ме, кеш пе өзгерте алады. Ал өлім - Жаратқанның жазуы. Бір күн тумақ бар, бір күн өлмек бар, үшінші мүмкіндік жоқ. Алланың сызығынан ешкім аттап өте алмайды. Құдайдың пешенемізге өлшеп берген несібесі таусылғанша жер бетінде жүрген жолаушымыз. Сапарымыз қашан аяқталады, дәм-тұзымыз қашан ада болады, ол тек бір Аллаға аян. Мұның бәрін ақылмен түсінесің, мойындайсың. Басқа амалың жоқ. Өйткені жаратылыс шындығы сол. Алайда жақыныңнан, жанашыр қимасыңнан айырылғанда сана тұманданып ақыл кейін шегінеді. Жүрек тыншымай бұлқынып көнгісі келмей, сенгісі келмей аласұра қиналады. Қабырғаң тұтас қаусағандай орны толмас өкініш жаныңды жегідей жейді. Мен тура осы халды басымнан кешірдім. Бала жастан тел өскен досымнан көз жазып қалдым. Кеудемізді өксікке, жанарымызды жасқа толтырып мәңгі мекеніне кете барды.
Уақытта тоқтам бар ма, сол қаралы күннен бері айлар айналып, жыл жылжып жетіпті. Күні кеше көз алдымызда тынымсыз тіршіліктің қызу ортасында жайраңдап жүрген, бүгінде қасымызда жоқ дос туралы қалам тербеу, ой толғау қандай қиын еді! Өміріміздің талай кезеңін бірге өткізсек те енді ол жайлы өткен шақта сөйлей алмай, ақ қағазға ештеңе жаза алмай күйзеліске түстім. Бірақ Алланың аманатын арқалап жүрген ажалды пенде екеніміз мәңгілік ақиқат. Оған бағынбау мүмкін емес.
Біздің достығымыз өзіміз өмірге келмей тұрып-ақ белгіленген деуге болады. Бұлай пайымдауымның өз себебі бар. Екі отбасы - Момышұлы шаңырағы мен Қазыбаевтар әулетінің өзара ерекше қарым-қатынасы, ата-аналарымыздың кіршіксіз рухани ынтымақ-бірліктері ес білген кезімізден бойымызға сіңіп, біз туған бауырлардай болып өстік. Батыр екеуіміз бір жылдың төліміз, мектепті де бір жылда бітірдік. Екеуіміз екі мектепте оқысақ та уақытымыздың көбін бірге өткізіп, бірге армандайтынбыз. Біз оныншы сыныпта оқып жүргенде КазГУ-дың журналистика факультетіне барамыз деп жоспарладық. "Су аққан жерден су ағады" дегендей бұл шешім бізге кездейсоқ келген жоқ. Екеуіміздің де әкелеріміз жазушы әрі журналист болғандықтан біздің табиғатымызға ертеден етене жұғысты мақсат еді.
Ол кезде журфакқа түсу үшін "творческий конкурстан" өту керек болатын. Конкурс үш сатыдан тұратын. Біріншісі баспасөз бетінде жарияланған кем дегенде үш-төрт мақалаң болу керек. Екіншісі арнайы берілген тақырыпқа мақала жазу. Үшіншісі журфак ұстаздарымен әңгіме сұхбат өткізу. Батыр екеуіміз мектептегі кезімізден-ақ шамамызға қарай мақала жазып жүрдік. Батырдың жазбалары "Огни Алатау", "Дружные ребята", "Ленинская смена" газеттерінде, ал менің жазғандарым "Қазақстан пионері", "Лениншіл жас" пен "Жетісу" газеттерінде шығып еді. Сонымен, аман-есен мектепті бітірдік, екеуіміз де алтын медаль алдық. Біраз демалған соң құжаттарымызды С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университеті журналистика факультетінің Қабылдау комиссиясына өткіздік. Емтиханға дайындалу үшін қаланың шуынан аулақ тыныш жерге кеттік. Ол жер - атамның жақын інісі, абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметовтың саяжайы еді. Оңаша, ешбір мазасыздық жоқ, кедергі-бөгетсіз дайындалдық. Бір жағынан біз үшін керемет демалыс болды. Кешкілікте от жағып, гитармен ән салдық, отқа ет қақтап, қоламтаға картоп көміп пісіріп, мәз болатынбыз. Қайран дәурен-ай, ол да бір ғажап кезең екен ғой. Кейін сол әрекетімізді сағынышпен талай еске алып едік.
Саяжайдағы дайындық кезінде жадымнан өшпейтін бір нәрсе - біз тіл мен әдебиетті бөлек оқысақ та, сол кезде негізгі пән болып саналатын "Қоғамтанудың" оқулығын бірге оқыдық. Өйткені идеологиялық факультет қатарындағы журфак үшін бұл пән ерекше маңызды еді. Батыр екеуіміз бір-бірімізге тақырыптарды айтып, талдай отырып пысықтау әдісін қолдандық. Батыр "Обществоведение" деген оқулығын әкелген, негізінен соған сүйендік. Шынын айтқанда бұл маған жақсы көмек болды. Неге десеңіз қазақ тіліндегі "Қоғамтану" кітабындағы бірсыпыра терминдер мен түсініктердің орысша баламасы әлдеқайда ұғымды болып көрінді. Батыр әкелген оқулықтың пайдасын кейін емтихан тапсырғанда көрдім. Ол кезде бестік бағаға жауап берген абитуриентті комиссияға апарып тексертетін. Менен емтихан қабылдаған ағай сол комиссияға ертіп апарды. Ол жерде маған қазақша да, орысша да сұраулар қойылды. Міне, сол кезде Батырмен бірге оқып дайындалғанымның нәтижесін көрдім. Еш іркілместен қазақша да, орысша да жауап бере алдым.
Сонымен екеуіміз де еңбегіміз жанып, емтихандарды сәтті тапсырып оқуға түстік. Батыр мен сияқты тұйықтау әрі жайбасар емес еді. Адамдармен тез танысып, лезде тіл табысып кететін. Оқу басталмай тұрып-ақ курстастармен Батырдың көпшілдігінің арқасында оңай араласып кеттік. Осы жерде бір кішкене қызықтау көріністі айта кетейін. Сабақтың басталғанына бір-апта өткенде Батырдың группаласы, қазіргі белгілі журналист, мықты фототілші Григорий Беденко факультет коридорында мені көріп:
– Ержан, сен неге сабаққа келмей жүрсің? Универде күнде көремін, бірақ сабаққа неге кірмейсің? - деді.
– Күнде сабақтамын, мен тек қазақ бөлімінде оқимын ғой, - дегенімде ол таң қалып:
– Қайдан білейін, Батыр екеуің үнемі жұбың жазылмай жүресіңдер, бір мектепті бітірген кластастар деп ойлаппын, - деп күлді.
Шындығында солай, екеуіміз екі бөлімде оқысақ та былайғы уақыттарда бірге жүретінбіз. Әсіресе Батырдың курстасы, досымыз, бүгінде танымал Motor-Roller рок-тобының жетекшісі Ильяс Аутов бізді студенттік театрға қатысуға шақырғаннан кейін тіпті қосақталып жүретін болдық. Театр "Анфас" деп аталатын. Сол театр Батыр екеуіміздің студенттік өміріміздің ажырамас үлкен бір бөлігіне айналып еді. Біз театрмен бірге Новосибирск, Тольятти, Кемерово секілді қалаларда болып, сол жақтың студенттерімен танысып-білісіп, талайға дейін хабарласып өрісіміз кеңейіп еді. Ал "Анфастың" құрамында болған әріптестерімізбен күні бүгінге дейін достық байланысымыз үзілген жоқ.
Батыр бала кезінен-ақ өте іздемпаз, тың нәрсеге жаны құштар болатын. Әрине, жас балалардың бәрі дерлік қоршаған ортасына, айналасына қызыға қарап, оны білгісі келіп тұратыны табиғи жағдай ғой. Бірақ өсе келе бұл әуестік бәрінде сақтала бермейді. Ал Батырда төңірегін түгелдеу, әлемді тануға деген құлшынысы жылдан жылға күшеймесе кеміген жоқ. Бұл тек бойында нағыз творчестволық қасиеті бар адамдарда ғана болады. Батыр ерте бастан көп нәрсені үйренуге, түсінуге, оны істеп көруге ұмтылатын. Айталық, домбыра, гитара, шаңқобыз, үскірік, пианино, тіпті блок-флейта секілді аспаптарды үйреніп ойнай білді. Әнді де жақсы айтатын. Тіпті екеуіміз бірігіп ән де жазып едік. Сонымен бірге спорт түрлерімен де айналысты. Скейтборд тебуді үйренді. Бильярдты да талайлардан артық ойнайтын. Ал шахмат пен дойбыны айтпасам да болады. Батыр озық әдеби кітаптарды оқып, жақсы кинолар мен театр қойылымдарынан қалмауға тырысатын. Ол саяхаттауды ерекше ұнататын. Яғни жаңа жер, өзге елді көргісі келіп тұратын. Африканың ыстық құмын басып, заңғар таудың қарлы шаңына шығып, айдынды мұхиттарды да шарлады. Бұлардың бәрін не үшін тізбектеп айтып отыр дейсіз? Батыр өмір-тіршіліктің әр қыры мен құбылысынан өзіне ерекше әсер алатын. Көргенінен, білгенінен ой түйіп, рухани байып отырды. Мемлекеттік қызметте де, бизнесте де, творчестволық жобаларда да білім және тәжірибе жинаумен бірге сол салалардан алған әсерін қорытындылады. Осының бәрі кейін "Alash Media Group" атты үлкен холдингті құрып ұйымдастырғанда өзінің табиғи еңбекқорлығы мен қайсарлығына қоса беломыртқа тірек болды. Көп салалы холдингтің атқаратын істері, тақырыптық бағыттары, оқырман-көрермендері саналуан болғандықтан оны басқару тек Батырдай ұғым-түсінігі мол, тәжірибелі де білікті адамның қолынан ғана келер еді.
Меніңше, журналистиканың атқаратын ең басты екі функциясы, екі міндеті бар. Оның біреуі мәлімет беру болса, екіншісі адамдардың сана-сезіміне әсер ету. Екеуі қатар жүру керек. Кез келген жанрдағы материалдың ақпараттық та, эмоционалдық та жағы болады. Бірінші жағы кәсіпке және ғылымға жақын, ал екіншісі өнер және әдебиетке жақын. Батыр журналист ретінде екіншісіне жақын болды. Өйткені ол өмір тіршілікті негізінен құрғақ деректерден көрі сезім арқылы танитын. Десе де лап етіп жанып, жалп етіп сөнетін жеңіл-желпі сезімге берілмейтін. Қандай істі қолға алса да жетесіне жеткізуге күш салып, тер төгетін. Сондықтан болар, Батыр адамдарға рухани әсері басым журналистика құралдары мен тетіктерін пайдаланды. Атап айтқанда "7-канал" мен "СТВ" телеарналары, "Tengri FM" мен "Жұлдыз FM" радиоарналары соған дәлел. Батыр бастап ұйымдастырған, жүзеге асырған жобалардың бәрі алдымен адамның жүрегіне, сезіміне әсер етуге бағытталған. Дүниежүзіне белгілі болып, жоғары баға алған дәстүрлі "Spirit of Tengri" этномузыкалық фестивалі неге тұрады! Бірнеше жылдан бері келе жатқан "Победители. Батырларға тағзым" атты тарихи-патриоттық жобаның оқырмандарға берер рухани әсері қаншама! Ер-азаматтарға арналған "Er-Batyr" жобасы көпшілікке көп әсер беріп отырған жоқ па! Батыр журналистиканың ақпараттық жағын да кенжелеткен емес. Оның дәлелі Қазақстандағы ең ірі әрі беделді ақпараттық TengriNews.kz порталы мен спорт саласындағы Vesti.kz сайты. Әдетте нағыз идеологтар мен насихаттың хас шеберлері ең алдымен адамдардың сана-сезімін оятып, жандүниесіне қозғау салуды көздейді, күш-қайратын соған жұмсайды. Ал Батыр үшін мұның бәрі жаратылысында бар туа біткен қасиет еді. Осы құнды қазынасын өзінің адамгершілігі мен ұлтжандылығының арқасында елінің игілігіне жұмсай білді.
Батыр кісілік келбетін ерте кезден-ақ таныта бастаған еді. Есейе келе көпті көрген, көп жасаған қарияларша сөз саптап, терең пайымдайтын болды. Ол әрбір өзекті істі қолға алып бастағанда кем өлшеп, артық пішпейтін. Жан-жақты барлау жасап, мұқият дайындалатын, сұрыптайтын. Бір сөзбен айтқанда алдағысын алты күн бұрын ойластыратын. Мұндай жауапкершілік мақсат еткен шаруаның сәтті орындалуының кепіліндей еді. Әйтсе де, толымды да татымды дайындалған жобаны ішкі немесе сыртқы жағдайлардың өзгеруіне байланысты тоқтатудан қаймықпайтын. Егер ұлттың мүддесіне жасудай кесірін, зиянын тигізетіндей болса ойланбастан жобаны жабатын. Нақты бір мысал келтірейін. Батырдың идеясымен Rod.kz жобасы дайындалып еді. Бұл бізде бұрын-соңды болмаған әлеуметтік желінің ерекше түрі болатын. Оның өзгешелігі қазақ шежіресіне негізделген. Яғни, қолданушы желіге тіркелгенде руын, жеті атасын парақшасында белгілеп, өзінің жеке шежіресін жасауы керек. Содан кейін өзімен рулас басқа адамдармен желіде байланысып, шежірелерін салыстырып, толықтырып, жансақ кеткен қателерін түзеп бір жөнге келтіре алады. Руластарын желіде оңай табу үшін топтар мен қауымдастықтар ру атымен және ру тармақтары атымен аталуы керек. Тіпті бір әулеттің, бір отбасының да топтары болу керек еді. Сонымен бірге қолданушының парақшасында үш жұртын - өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұртының да шежіресін жүргізу мүмкіндігі ескерілген еді. Сөйтіп желінің негізінде біртіндеп толық қазақ шежіресі қалыптасады деген мақсат болған. Желінің тағы бір көздегені бұрыннан баршаға аты белгілі батырлар, билер, ақын-жыраулар ғана емес әр әулеттің мақтан тұтатын тұлғаларының да тарихын айту, жазып қалдыру ниет етілген. Кез-келген отбасында өз ата-бабалары туралы аңыз-әңгіме, естелік, деректер, құнды жәдігерлер, көне суреттер сақталуы әбден мүмкін ғой. Соларды жинастырып жариялау осы әлеуметтік желінің бір қызметі болады деп жоспарланған. Сонда жеке адамдардың қатысуымен тарихи-этнографиялық қор жиналады. Ал мұның өзі ғалымдар үшін бағалы мәлімет көзі болары анық еді. Міне осыған қарап-ақ Батыр әр жобасын тереңнен ойлап, тамырынан тарқататынын көруге болады.
Сонымен rod.kz жобасы қызу дайындалып жатты. Мықты программистерді жұмысқа тартып, дизайнерлерге тапсырмалар берілді. Rod.kz домендік мекенжай ғана болғандықтан жобаның мән-мағынасын ашатындай қазақи атау да қарастырылды. Әр жылдары жарияланған шежірелерді кітапханалар мен дүкендерден іздеп тауып, жинақтау қолға алынды. Өкінішке қарай жобаның осындай дайындық жұмыстары жан-жақты жүріп жатқанда Интернетте руға байланысты әлдебір адамдардың арасында дау шықты. Бір-бірінің ата-бабаларына, руына тіл тигізуге дейін барды. Олардың әрқайсын жақтайтын топтар араласып дауды тіпті өршіте түсті. Қоғамда кәдімгідей дүрбелең туып барып әйтеуір әупіріммен әрең басылды. Осы кезде Батыр талай жұмысы жасалып, айтарлықтай қаржы жұмсалған жобаны бірден тоқтатты. Істің осылай аяқталғанына холдингтің құрамына кіретін "Effective Media Liaison" компаниясының директоры Сұңқар Қарабалин екеуіміз өкініш білдірдік. Сонда Батыр былай деді:
Бұл жобаның қазірше уақыты келмепті. Рудың мән-мағынасын дұрыс түсінбейтін шолақ ойлылар әлі де көп екен. Соған көзім жетті. Кез келген керемет жоба, шыққан шығын ұлттың бірлігінен, тұтастығынан садаға кетсін. Мүмкін уақыт өте келе айналып қайта соғармын. Мен қазіргі өсіп келе жатқан жастарға сеніммен қараймын. Олар "Қазақ руларға бөлінбейді, қазақ рулардан тұрады" деген ұстанымға келеді деп үміттенем.
Одан бері де оншақты жыл өтті. Амал қанша, Батыр бұл жобаға қайта оралып үлгермеді. Бірақ осы жобаның бір тетігін алып, оны басқа жағынан дамытып Тенгриде "Победители" жобасын іске асырып, ол әлі күнге дейін сәтімен жүріп жатыр.
Батыр түрлі ауқымды тірліктерді атқарғанда бәрі кедергісіз оңай орындала салған жоқ. Оның да жолында іштарлықтан туған тосқауылдар кездесті. Алайда "әлдіменен алысып, жүйріктімен жарысып" дегендей бағдар тұтар қарауыл қазығына жетуге, игілікті істі игеру үшін өзінде барды сарқып беруге асығатын. Иә, үнемі асығып жүретін. Талмай шабатын тұлпардай, тынбай ұшатын сұңқардай үздіксіз қозғалыста, ұдайы жолда сапарлайтын күш-қуат қайдан туындап жатыр деп таңғалатынмын. Досым ретінде әрбір ісін қоштап тілеулес болсам да оның қарқынды екпініне ілесе алмадым. Белгісіз бір құдіретті тылсым күш әдейі асықтырып алға қарай жетеледі ме екен, кім білсін.
Ержан Момышұлы мен Ильяс Аутов
Батыр қарбалас қыруар жұмыстарының арасында жора-жолдас, достарын іздеп ұмытпай хабарласуға уақыт табатын. Әлі есімде, 2011-жылдың шілде айы еді. Үйде отырып аударма жасап және бір кітаптың редакторлық өңдеуімен айланысып жатқам. Шынымды айтсам, кітап нашарлау екен, әбден жалықтырып жіберді. Сонда да бұл тапсырыстан тезірек құтылғым келіп бас көтермей істеп отырдым. Осы кезде телефон сылдыр ете қалды, қарасам Батыр досым звондапты. Телефонды көтеріп сәлемдесіп, хал-жағдай сұрасып қауқылдасып қалдық. Содан соң Батыр:
- Ержан, сен қазір немен айналысып жүрсің, - деп сұрады.
– Аударма және кітап редакциялау жұмысымен, үйде істеп отырмын. Негізінен техникалық ғылыми кітаптар, монографиялар жөндеумен, өңдеумен айналысып жүрмін. Жұмыс жағынан кемдік жоқ, ақысы да тәуір. Бірақ ғылыми дүниелердің тілі тым құрғақ, жұтаң, түсінуге ауыр. Мен соны оқуға жеңілдеу етіп, әсіресе журналдарға шығатын ғылыми мақалалардың тілін өңдеймін. Екі дипломымның - журналист пен радиоинженер болғанымның пайдасы осы жерде тиіп жатыр. Сонда да біреудің жетпегенін жеткізем деу адамды шаршатады екен, - деп ағымнан жарылдым.
– Е, онда білгендей хабарласыппын ғой. Саған бір ұсыныс айтпақшымын. Мен қазір қазақ тілді үлкен бір жаңа жобаны жасап, іске асыруды бастап жібердім. Екі айдай болды жұмыс жүріп жатыр. Атауы Massaget.kz.
– О, іске сәт! Қазақ тілді сайттар өте аз ғой. Жақсы болған екен, деп сөзін бөлдім.
- Дұрыс айтасың, қазақ тілді сайттардың саны кем екені рас. Мына жобаны бастардан бұрын мен зерттеу жасаттым. Сонда бүкіл Ғаламторда тәулігіне 500 адамнан артық кіретін сайттар саны отызға жетер-жетпес екен. Өте мардымсыз ғой. Бұл жағдай басқа ұлт өкілдерінің алдында ұят емес пе? Егемен, жеке дара, өз тіліндегі Интернетті он жылдан аса уақытта дамыта алмаған қазақтар бейшара екен демей ме? Осы жаныма қатты батқандықтан таза қазақша Массагетті ашуды ұйғардым.
– Мынауың табылған ақыл екен. Қазір компьютерді ашып сайтты қарап көрейін. Massaget.kz дедің бе?
– Тоқта, асықпа. Сайт Интернетке әлі қосылған жоқ. Қазір қажетті техникалық жұмыстарды, сайттың ішкі жүйесі мен құрылымы, интерфейстің дизайны, сайттың ішкі архитектурасы мен басқару панелі секілді керек жақтарын программистеріміз жасап жатыр. Ең бастысы сайт ашылғанда жарияланатын мақалалар мен суреттер алдын ала дайындалу керек қой. Тым болмағанда түрлі бағыттағы 100-150 материал дайын болғаны жөн. Жаңа ашылған сайтқа алғаш кірген оқырман өзін қызықтыратын тақырыптағы мақаланы таба алу керек. Шұқшиған оншақты мәтінмен аша салып, әрі қарай оқырманын жинай алмайтын сайттар толып жатыр. Біз бұлардың кебісін кимеуіміз керек. Бір рет жай қызық көріп кірген оқырманды ұстап қалу, оның қайта оралуына жағдай жасаймыз.
– Сонда сайттың негізгі бағыты қандай болмақ? TengiNews сияқты ақпараттық сайт па? Әлде атуына қарағанда тарихқа барасың ба? - деп сұрадым.
– Жоқ, ақпараттық емес. Бұл жастар порталы болады. Танымдық жағынан да, ойын-сауық жағынан да қазақ жастарына тартымды етіп ұсынатын қазақ тілді ғаламтордың бір діңгегіне айналуы қажет. Менің мақсатым сол. Қазақ тілді интернетті дамытудың бір драйвері болады деп сенемін, - деді.
– Жастар порталы шынымен де өте керек. Әйтпесе біздің балаларымыз Фейсбук, ВКонтакте, Одноклассники сияқты желілерде отырады, керегін тек рунеттен орыс тілінде іздеп табады. Бұл жағдайды өзгертудің идеологиялық маңызы үлкен.
– Дұрыс түсініп отырсың. Бұл ұлттық интернеттің дамуы және еліміздің ақпараттық тәуелсіздігінің нығаюына үлес қосады.
– Ұқтым. Сонымен маған қандай ұсыныс жасамақ болдың? Сайтың жастарға арналған, мен болсам қырықтан асқан жасамыспын. Ал біреуге бастық болу, ұйымдастыру жұмыстарымен айналысуға құлқым жоқ әрі қабілетім де жетпейді, - дедім.
– Оны айтпасаң да білем ғой. Сенің табиғатыңның ондайға икемі жоқ екенін ұмытты дейсің бе. Бірақ сенің қолыңнан жақсы келетін іс бар. Ол екінің бірінің бойынан табыла бермейтін қасиет - білгеніңді өзгеге ұқтыра аласың. Ал сенің білетінің көп. Мен мұны досың ретінде айтып отырғам жоқ. Сен нағыз ұстазсың. Сондықтан Массагеттің қыз-жігіттеріне ақылшы, кеңесші, тәрбиеші болғаныңды қалаймын. Саған осы ұсынысты айту үшін арнап хабарласып тұрмын. Массагет жобасын тікелей басқарып, ұйымдастырып отырған білімді де білікті, тәжірибелі адам бар. Тіл мен шығармашылық жағынан оған да кеңесші болуың керек, өйткені ол кісі орыс тілді.
– Батыр, сен мені тым асыра мақтап жібердің ғой. Сенің мықты бастық екеніңе тағы бір рет көзім жетті. Бастықтың негізгі қасиеттерінің бірі - дұрыс адамды керек орынға қоя білуі. Әр кірпішті өз орнын тауып қалау керек емес пе? - деп едім, Батыр рақаттана күлді де:
– Екеуміз көптен бері бір-бірімізді мақтамаған едік, риза болып қалдым ғой. Екеуміз де мықтымыз, ә? Сонымен сенің жауабың қандай?
– Маған сенім артқаныңа рақмет. Бірақ дәл қазір мойнымда бітіретін біраз жұмысым бар. Соны біржақты еткенше сенің ұсынысыңды да ойланайын. Айдың аяғында өзім хабарласып, жауабын берейін.
– Келістік. Бірақ сен былтырғы On.kz әлеуметтік желісіне шақырғанымда бас тартып келмей қойып едің, тағы да сылтау айтпай осы тірліктің бір жағын көтерісіп бер. Досым ретінде саған артқан сенімімді ақта, - деп салмақ сала сөзін аяқтады. Осымен қош айтыстық. Мен аудармаға қайта отырдым. Бірақ ойым шашырай берді. Батырдың ұсынысы жаққа көңілім ауа берді. Сайт құру бұрын істеп көрмеген жұмысым, мен үшін тың шаруа болғандықтан қызықтырды.
Сөздің қысқасы 2011 жылдың 1-тамызынан бастап бас кеңесші болып жұмысқа шықтым. Содан табан аудармай он жылдан аса Массагетпен бірге өмір сүрдім. Осы жылдардың ішінде талай қиындықтарды да, әртүрлі өзгерістерді де бастан кешірдік. Алайда Батырдың іскерлігі кез келген шаруаның көзін таба білетін тапқырлығының арқасында Массагет алған бағытынан қайтпай дамып, өсіп отырды. Әубастан Батыр белгілеген Массагеттің негізгі үш бағыты ешқашан өзгермеді. Атап айтқанда олар мыналар: білім, салауатты өмір салты, ұлттық менталитет. Ал саясат пен дін тақырыптарын көтермейміз деп келістік. Себебі бұл әрі терең, әрі күрделі салалар. Оларға әншейін атүсті немқұрайлы қарауға болмайды. Массагет дамуының белгілі бір биік деңгейіне жеткенде ғана бұл тақырыптарға баруға болады деп шешкенбіз. Тағы бір баса айтатын әңгіме Батыр Қазақстан ақпарат құралдарына жарнама беретін компаниялар мен фирмалардың иелері мен басшыларына қазақша жарнама берудің тиімділігін ұқтырудан, түсіндіруден жалыққан емес. Тоқсаныншы жылдардың өзінде-ақ жарнама нарығын бөліп алған бірнеше агенттік әлі күнге дейін қазақ басылымдары, сайттары және арналарына жарнама бергілері келмейді. Қазақшаға мұрнын шүйіріп қарайды. Міне, осы астамшылық жағдайды Батыр бұзғысы келді, әрі бұзып та жүрді.
Батыр жауапкершілігі зор, көп салалы істерді ұйымдастырып, басқарғандықтан әртүрлі қиындықтар ең алдымен оның жүйкесіне соққы болып тиетін. Бірақ ешқашан қиналғанын, шаршағанын көрсетпейтін. Бір күні маған телефон соғып, қайда екенімді сұрады. Үйде жұмыс істеп отырғанымды естіген соң ол "бір сағаттан соң кіріп шығам" деді. Батырдың келетінін естіген мамам қатты қуанды да: "Көптен бері бұл үйге келмеп еді. Батырым жақсы көретін ащы-тұщы лағман жасайыншы" деп іске кірісіп кетті. Сол күні Батыр баяғыдай ашылып сөйлеп, әзілдеп, көңілді отырды. Өткен-кеткенді еске түсіріп, талай әңгіменің басын шалдық. Бір кезде ол:
– Бұрын жиі кездесуші едік, уақыт жетпей ме, әлде мына күрделі заман ағымы қысып тастады ма, әйтеуір бас қосуымыз тым сиреп кетті. Папам мен Бақытжан аға бар кезде керемет еді, дастархан басында ұдайы жиналатынбыз. Папам домбыра шертіп, қоңыр даусымен ән салатын. Бақытжан аға өзінің әдемі әзілдерімен бәрімізді көңілдендіріп жіберетін. Сол күндерді сағынамын, аңсаймын. Тегінде жақсы көретін жақыныңмен уақыт бөлісу де бір ғанибет екен, - деді.
Батырмен қайтып біздің үйде қайтадан "уақыт бөлісуді" Алла нәсіп етпеді. Әттеңі көп жалған дүние деген осы екен. Ол аз өмірінің ішінде ұшаңтеңіз игілікті жұмыстарды атқарды, артына өшпестей із қалдырды. Халқымызда "Әке сөзі парыз, ана сүті қарыз" дейтін нұсқалы нақыл бар. Батыр парызды да, қарызды да өтей алды. Ел-жұрты алдындағы перзенттік, азаматтық борышын да толығымен орындап кетті.
Ержан Момышұлы
Алматы, 2022 жыл, желтоқсан