Бүгін - "Қазақ" газетінің дүниеге келген күні. 1913 жылдың 2 ақпанында Қазақ даласында қауызын жарып "Қазақ" газеті жарық көрді. 1918 жылға дейін ғана халық үнін жария етіп, тарихта таңба қалдырған басылымға бүгін 100 жыл. Бұл - бүкіл ұлттың атаулы күні. Бүкіл ұлттың "көзі, құлағы, һәм тілі" болып, азаттықты көксеген аз ғана басылымдардың алдында көш бастаған асыл газеттің қазақтың қазақ болып қалыптасу жолындағы алар орны айрықша. Бүгінгі атаулы мереке жайында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің деканы, Филология ғылымдарының докторы, профессор, Ахметтанушы ғалым Өмірхан Әбдиманұлымен сұхбат құрып едік.
- Қайырлы күн, аға! Барша қазаққа ортақ "Қазақтың" мерекесі құтты болсын! Ұлт атын иеленген "Қазақ" газеті қалай өмірге келді?
- «Қазақ» газеті - жиырмасыншы ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынов дүниеге әкелген басылым. Бұл газет сол кездегі жаңа өмірдің өріне көтерілген, жаңаша ойлауды меңгерген, өз білгендерін халық пайдасына жаратуға ұмтылған қазақ зиялыларының іс-әрекетінің нәтежиесінде жарыққа шықты. Бұл сол тұлғалардың жеңісі мен жемісі. Ал сол кездегі қазақ зиялылары білім мен ғылымды қазақ ұлтының санасын оятуға, өзінің ұлт ретінде қалыптасуына және жеке мемлекетін құруға бағыштап, осы жолда өздерінің саналы ғұмыры мен білік-білімін азаттық пен тәуелсіздікке қол жеткізу жолында күрескен азаматтар. 1905 жылдан кейін Ресей өкіметінде үлкен толқулар басталды. Бұл қозғалыстар шеттегі бұратана халықтардың оянуына алып келді. Сол жылы қазақ зиялылары Қарқаралыда үлкен құрылтай өткізіп, нәтижесінде петиция қабылдады. Қабылданған петицияны патшалық өкіметтің алдына қойды. Соның «Қазаққа не керек?» деген он бірінші пунктінде ұлтқа баспасыз ашу керектігі туралы жазылды. Сол 1905 жылдың нәтижесі 1913 жылы көрінді. Оған дейін газеттер шықты. Бірақ олардың ғұмыры ұзаққа бара қоймады. 1913 жылы қазақ даласында «Қазақ» газеті ашылды. Бұл жаңашыл ойдың бастауы болды. Осыдан бастап қазақтың азаттық санасы ояна бастады. Ахмет Байтұрсынов 1905 жылы Қарқаралыдағы жағдайға байланысты көп қудаланып, 1909 жылы Қарқаралыда ұсталып, Семейдің түрмесіне қамалды.
Семейдің түрмесінен шыққаннан кейін бұл кісіні жер аудармақшы болды. Оған Қазақстанда тұруға рұқсат етілмегендіктен Орынбор қаласына өз еркімен жер аударды. Себебі ол кездері Орынборда татар-башқұрттардың көп газет-журналдары шығып тұратын. Ондай жерде Ахаңа газет шығаруға мүмкіндік туды. Басқа өңірлерге қарағанда Орынбор қаласында топографияға мүмкіндік мол болды. Ахмет Байтұрсынов 1910 жылы 5 қаңтарда Орынборға келіп, жұмысқа орналасты. Үш жылдың ішінде «Қазақ» газетінің сұлбасын жасап шығарды.
- "Қазақтың" қазаққа жетуіне еңбек сіңірген тек Ахаң ғана емес, әрине. Газеттің керегесін керіп, шаңыраған көтерген Алаш азматтары жайлы айта кетсеңіз?
- Бұл газеттің шығуында үш адамның еңбегі ерен. Олар Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және Әлихан Бөкейханов.
Үшеуі «Қазақта» шыққан материалдардың 60 пайызының авторы. Бірі саясатты шолып, бірі оқу-ағарту мәселесін көтеріп, бірі әдебиет пен өнер саласынан хабар беріп отырды. Газетте жарияланған бүкіл мақалаларды өздері өңдеп, өздері жарыққа шығарып отырды.
- "Қазақ" газеті қазаққа не берді? Оның тарихтағы орны қандай?
- «Қазақ» газеті қазақтың оянған санасының ұясына айналды. Сонымен қатар, азаттыққа бастаған саяси күрестегі іс-әрекеттің әрі ұйытқысы әрі орталығы болды. Шынын айтқанда, "Қазақты" Алаш партиясынан кейінгі негізгі органға айналды деуге болады. «Қазақ» газеті қазақ зиялылары бастаған ұлт қазғалысының ұйытқысы болған орта. Сондықтан да бұл газеттің алдында үлкен мақсаттары болды. Ол мақсаттар жүзеге асты да. Бірақ Кеңес өкіметінің бұйрығымен 1918 жылдың 16 қыркүйегінде газет жұмысын тоқтатты. «Қазақтың» сол кезде 265 нөмірі шыққан. 265-ші нөмірін қолына алып үлгерген халық Ахаңның "Қазағымен" қоштасты. «Қазақ» газеті - ұлтқа, отанға қызмет етудің, ел болудың және жеке мемлекет болудың идеялық негізін қалаған басылым.
- Бүгінгі «Қазақ» газеті кешегі Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ» газетінің жалғасы ма?
- Бүгінгі қазақ газетінің жөні бөлек. Ол кездегі «Қазақ» Алаш азаматтарының газеті. Ол кездегі газеттің мақсаты мен міндеті бөлек. Ол тарихта таңбаланып қалатын ескерткіш. Ол тарихты ешкім бұза алмайды. Ол - кезіндегі замананың шежіресі. Сол кездегі «Қазақ» уақыттың өлшемінде қалатын дүние. Ал қазіргі Қоғабай Сәрсекеев ағамыз жасап отырған «Қазақ» газетінің де мақсаты бөлек. Бұл газетті кешегі "Қазақтың" жалғасы деуге болмайды. Өйткені ол газеттің мұрагерлігін ешкім ешкімге берген жоқ. Бірақ «Қазақ» атымен де, «Айқап» атымен де газет-журнал шығаруға болады, әрине. Ешкім оған қарсы да емес. Бірақ бүгінгі "Қазақ" сол идеяларды, сол танымды жалғастырушы. Өйткені ол өлмес идея. Атау тарихтың еншісінде болуы керек. Ахметтің «Қазағы» болды. Бірақ ол сол уақытында қалды. «Қазақ» газетінің өмір сүрген уақыты – 1913-1918 ж.ж. Оны бүгінге әкелуге болмайды.
Бүгінгі ой мен кешегі ойдың екеуі екі басқа. Екеуінің айтары да - басқа. Міндеттері де - бөлек. Бұрынғы газет тәуелсіздікке қол жеткізу жолын көздеді. «Қалай тәуелсіз ел боламыз?" Ұлтымыздың тілі мен ділін қалай қайтарамыз?», «Біз қалай қазақ деген ел болып қаламыз?» деген мәселелерді көтерді. Мұның мақсаты бөлек. Ал бүгінгі газет "Енді тәуелсіздікті қалай баянды етеміз?" деген оймен жұмыс жасайды.
- Рақмет!
Сұхбаттасқан және суретке түсірген Ақерке Әбілхан
Басқа суреттер kz.abyroi.kz, baq.kz, kazprose.wordpress.com сайттарынан алынды