- Негізгі бет
- Тұлға
- Өмір. Өнер. Өлім......
Өмір. Өнер. Өлім...
Өмір... Өнер... Осы екі сөзді шынайы дарынымен астастыра білген тұлғалар тағы бір сөзді осы екеуіне ұштастырады. Ол – өлім... Өмір адамды өнермен байланыстырса, ал сол өнер өзіне шын берілген әртісті өліммен жалғайды. Бұл, әрине, барлық өнер иесіне тән нәрсе емес. Өнер жолында ақтық демін алып, ажалмен арпалыспай, талай тұлғалар аттанып кетті ана дүниеге. Олар кімдер?
Уилльям Кларк Гейбл (01.02.1901 – 16.11.1960) — «Голливуд королі» атанған америкалық актер, киножұлдыз. 1934 жылы «Бұл таңертең болған жағдай» киносында ең үздік ер адам ролін сомдағаны үшін «Оскар» премиясын еншілеген. «Мен үшін емес», «Могамбо», «Жалғыз жұлдыз», «Мені жіберіп алма», «Қаланың кілті», «Икс мырза», «Шулы қала», «Қызыл шаң», «Ақ адам», «Солтүстік жұлдызы», «Қылмыс» сынды сексенге тарта кинофильмдерде басты және қосалқы ролдерді сомдаған. Голивудтың бағын ашып, кино саласында қажырлы еңбек еткен тұлға 1960 жылы 16 қарашада түсірілім алаңында жүрек талмасынан көз жұмады.
Николай Павлович Хмелёв (28.07.1901) — КСРО-ның еңбек сіңірген әртісі, Сталиндік сыйлықтың лауреаты, режиссер. 1916 жылдан бастап 6-шы Мәскеулік гимназияда оқыды. Ал 1919 жылдан бастап Мәскеу университетінің тарих-филология мамандығында оқыды. 1924 жылдан бастап Мәскеу көркемөнер театр труппасында қызмет етіп, әрі режиссердің, әрі оқытушының жүгін қатар алып жүрді.1932 жылы өзі театр орталығын ашты. 1943-1945 жылдар арасында Мәскеу көркемөнер театрында көркемдік жетекші болып қызмет атқарды. «Өлі үй», «Жеңімпаздың ұрпағы», «Саламандра» сынды киноларда тамаша ролдерді сомдады. А.Н Толстойдың «Қиын жылдар» спектакліне ақтық дайындық кезінде көз жұмды. Сол спектакльде Иван Грозныйдың рөлін ойнамақ болған еді.
Джузеппе Синополи (02.11.1946-20.04.2011) — италиялық дирижер және композитор. Ол 1975 жылы «Бруно Мадерны Ансамблін» құрып, 1979 жылы Берлиндік Симфониялық оркестрдің құрамында болаған. 1978 жылдан бастап опералық саханаларда дебют жасаған. 1983-1994 жылдар аралығында «Филормония » атты Лондондық Оркестрде жетекші дирижер болады. 1991 жылдан бастап, Дрезден Мемлекеттік Капелланы басқарады. Ол 2011 жылы сәуір айының жиырмасы күні театрда Вердидің «Аида» операсына дирижерлік етіп тұрған кезінде қайтыс болады.
Джонатан Саусвос «Джон» Риттер (17.09.1948- 11.09.2003) — атақты «Мінезді бала » фильмімен танымал болған америкалық актер. «Никелодеон», «Олардың бәрі күлді», «Бізбен қал», «Монтана», «Қалыңдық Чаки», «Клиника» сынды және т.б фильмдерде рол сомдаған актер өзінің 55 жылдық мерейтойына небәрі 6-ақ күн қалғанда, туа біткен жүрек талмасының кесірінен өмірден озған. Есте сақтау мақсатында «Клиника» фильмінің төртінші маусымының алтыншы сериясын актерге арнаған және де ондағы сюжет бойынша Джей Ди (Джон Риттердің өз ойнаған) дәл актер секілді қайтыс болады. Сонымен қатар актерге «Нашар Санта 8» фильмі де арналған.
Александр Александрович Барыкин (18.02.1952 – 26.03.2011) - Ресей Федерациясына еңбек сіңірген әртіс, кеңестік және ресейлік рок-музыкант, әнші, композитор. Белгілі «Карнавал» тобының әрі әншісі, әрі әндерінің авторы ретінде танылған. Ең танымал әндері — «Чудо-остров», «Букет», «Аэропорт», «Спасательный круг», «20:00», «За той рекой». Өмірінің соңғы жыладарында ол екінші әйелінің туған жері Брянскіде тұрды. 2010 жылы күз мезгілінде Александр қатерлі гипертониялық криз ауруына шалдығып, Брянскідегі кордиологиялық диспансерде ем қабылдады. Әйткенмен, әншінің денсаулығы тағы да сыр беріп, Оренбург қаласында гастрольдік сапарының бірінде 2011 жылы наурыз айының 26 жұлдызында қайтыс болды. Ол сахнада жан қиналысымен соңғы әнін айтқан да, кулисаның артына беттеген. Ертесіне әншіні өзі операция жасатқан емханасына «Жедел жәрдеммен» жеткізген. Әнші таңға жуық сол емханада жан тәсілім еткен.
Даррелл Лэнс Эбботт (20.08.1966 – 08.12.2004) — америкалық музыкант, гитарашы, вокалшы және «Pantera», «Damageplan» сияқты атақты топтардың негізін қалаушы. Музыкалық карьерасын алғаш бастағанда Даррелл «Dean» деп аталатын сүйікті гитарасын қолынан тастамады. Өмірінің соңына дейін неше түрлі музыкалық аспаптарды пайдаланған музыкант гитараның құлағында ойнаған. Тыңдарманының құлақ құрышын қандыратын музыканттың ажалы неден болды? 2004 жылдың 8 желтоқсанында Коламбуста «Alrosa Villa» деп аталатын клубта өз концертін өткізіп жатқан жерінде «Рantera» тобының психикалық ауруға шалдыққан Натан Гейл есімді бір табынушысы сахнада тұрған төрт музыкантты атады. Олардың ішінде екеуі қатты жараланады да, бес жерінен ауыр жарақат алған Даррелл көз жұмады. Небәрі 38-ақ жыл ғұмыр кешкен Даррелл музыка саласына көп еңбек сіңірді.
Мұнымен сахнада, не түсірілім алаңында жан тәсілім еткен жандардың тізімі біткен жоқ. Олар баршылық... Өнер жолында өлімін қарсы алғандардың халқына арнаған өмірлік қазынасы өлшеусіз. Олардың бейнелері ескі архивтер мен бейнежазбаларда ғана емес, көрермен мен тыңдарманның санасында да қалып қоярына шүбә келтірмейміз.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: thestagemiami.com, kk.wikipedia.org ,belcanto.ru, megafilm.kz
А. Әбілхан