Американың атақты актрисасы Одри Хепберн 1929 жылы 4 мамырда өмірге келген. Ол 19 жасынан бастап 60 жасына дейін киноға түсіп келді. Ал сол аралықтағы бірде-бір киноны көрмеген адамның өзіне «Одри» десе, атты кісі түсіп, жаяу кісі жатып қарайтындай сұлулық, белі мойнымен бірдей талдырмаштық, нұрлы жарықтан көзін ұяла ашқан гүлдей нәзіктік елестейтін болар. Ал ол ойнаған 28 фильмді көріп, сүйіспеншілік сезімі бүр жарған адамның санасына мына сұрақ келеді: актрисаның кадрден тыс өмірі қандай екен?
Актриса бала кезінде: «Ата-анам маған уақыттарын арнап, көңілдерін бөлмейді. Өзімді ешкімге қажетсіз сезінемін. Менің жалғыз махаббатым – шоколад, ол мені ешқашан тастамайды»,- деген екен, соңғы сөйлемді үнемі қайталап жүретін болған.
Одри Хепберн джаздық әуендерді жанындай жақсы көрді, сүйікті пластинкаларын үнемі өзімен бірге алып жүретін. Бала кезінен көп кітап оқуға құмартқан, соның ішінде Иван Сергеевич Тургеневті сүйіп оқыды. Осы сезімі үшін орыс тілін үйренуді де қалаған. Римде тұрған кезінде итальян тілін үйренген, испан тілін өздігінен меңгерген, ағылшын, голланд, француз тілдерінде сөйлей білген.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қызғалдақ бадамымен азықтанды. Ағзасындағы зат алмасу процесі бұзылғандықтан, өмірінің соңына дейін салмағы 46 килодан аспады, бойы – 170 см, мықынының өлшемі – 50 см. Аяғына 41 өлшемді аяқ киім киетін болғандықтан, бір кездері оны балетке қабылдамаған.
«Тиффанидегі таңғы ас» фильмінде киген күннен қорғайтын көзілдірігін көптеген адам «Ray-Ban Wayfarer» үлгісіндегі классикалық көзілдірік деп шатастырады. Шындығында, бұл – Ray-Ban брендінен бірнеше уақыт бұрын шыққан Oliver Goldsmith.
Бос уақытында тоқыма өнерімен айналысқан. Түсірілімдегі үзіліс кездерінде де тоқумен шұғылданды.
Кино саласына келгенге дейін тіс дәрігерінің көмекшісі қызметін атқарды. Продюсерлер мен режиссерлер Одридің басты рөлдегі сұлу кейіпкерді шебер ойнай алатынына күмәнмен қарағанда: «Мен жай ғана алма тістеген сәтімде немесе жаңбыр астында тұрған кезімде еліктіргіш пішінде бола аламын»,- деген.
«Калория жоюдың ең тиімді тәсілі – күлкі екеніне сенемін, мені күлдіре білетін адамдарды құрметтеймін және өмірдегі ең маңыздысы – күлкі деп есептеймін. Ол сансыз сырқатқа ем болады»,- деген сөз қалдырып, 1993 жылы 20 қаңтарда жалған өмірден мәңгілік сапарға аттанды.
Ұқсас жазбалар:
Одри Хепберн сияқты сұлу боламын десеңіз...
Аяулым, сен бақытты болуға лайықсың #2