- Негізгі бет
- Тұлға
- Ньютонның ескі кітаптары...
Ньютонның ескі кітаптары табылды
АҚШ-тың Калифорния технологиялық институты мен Германияның Мангейм Университетінің тарихшылары бірігіп Исаак Ньютонның "Табиғат философиясының математикалық қағидалары" еңбегінің тағы 386 данасын тапты.
"Табиғат философиясының математикалық қағидалары" шығармасы – Ньютонның бүкіләлемдік тартылыс заңы мен үш қозғалыс заңын сипаттап жазған іргелі еңбегі. Бұл физикалық заңдар классикалық механиканың негізіне айналып, Ньютонның есімін ғылымда қалдырды.
"Математикалық қағидалар" кітабының қазіргі ғылымда 187 данасы белгілі. Ол 1953 жылы табылған. Енді кітаптың ескі данасының саны тағы екі есе көбейді. Жалпы Ньютонның бұл еңбегі 1687 жылы жарық көрген, шамамен, 600-750 данасы басып шығарылған. Сондықтан ғалымдар бұл кітаптың тағы 200-ге жуық данасы бір жерде жатуы мүмкін деп болжаған.
Табылған ескі кітаптардың кейбірінде оны қолына алған адамдардың есеп-қисап жазып, ескертпе жасап, Ньютонның іліміне қызыққан, таңқалған жазбалар жазып қалдырған. Соған қарағанда сол дәуірдің ғалымдары Ньютонның ілімін түсінген, ұғынғанға ұқсайды.
Қ. Слямбек