Нұрлан Абдуллин тыңдармандарын 2015 жылдың 27 наурыз күні Республика сарайы сахнасында өтетін «Өмірімнің 7 нотасы» атты мерейтойлық концертіне шақырады.
Әншінің айтуынша, бұл концертке өнерде жүрген Мәскеудегі достары мен қазақстандық жұлдыздар қатысады. Бүгінде бар күш-жігерін осы мерейтойдың дайындығына арнап жүрген ағамыз шығармашылық жаңалықтың бәрі осы күні жария болатынын айтты.
Естеріңізде болса, Нұрлан Абдуллин бой көрсеткен «Бешбармақ шоу» мен «БЕШ» бейнебаяны көпшіліктің көңілінен бірдей шыға қоймады. Бұл жөнінде: «Қазекең деген сол ғой: бар болса, бере алмайды, жоқ болса, көре алмайды. «Бешбармақ шоу» бағдарламасы арқылы ұлттық тағамымызды дәріптемек едік. Осы бағдарлама арқылы біздің қарагөз қыздарымыз ет асып, қамыр жаюды үйрене бастаған болатын. Онымен қоса, аруларымыз қонақтың алдына табақ тарту тәртібін де меңгеріп келе жатқан еді. Ал «БЕШ» композициясы туралы айтар болсақ, оның да өмірі ұзаққа бармады. Клиптің продюсері мені «Аға, қоңыр даусыңызбен келіп, бір шумағын ғана айтып кетіңізші» деп шақырды. Мен бұл әннен де еш ағаттық көрмедім. Бұл да қазақтың бешбармағын жарнамалап, дәріптеудің бір жолы. Біз бейнебаянда етті қорлайтындай ештеңе жасаған жоқпыз», - дейді әнші. Нұрлан Абдуллин сөз соңында: «Енді етті тек үйде ғана жейтін болдық», - деп әзілдеді.
2014 жылы Роза Рымбаева, Әли Оқапов және Нұрлан Абдуллин түскен бейнебаян жарыққа шыққан болатын. Бейнебаянды қолдағандармен қатар қарсы пікір білдіргендер де табылды. Ал Нұрлан Абдуллин қазылық ететін «Бешбармақ шоу» бағдарамасы КТК телеарнасынан көрсетілді. Халық бұл бағдарламаны да аса ұната қоймады. Бірі тағамның атынан мін іздесе, бірі бағдарлама форматы мен қатысушыларына көңілдерінің толмағанын білдірген.
Сурет: ©Massaget.kz