- Нұржан аға, «Алдаспан» тобы Soulfy тобымен бірге өнер көрсетеді деген сыбыс естідік. Бұл қаншалықты рас? Мұнымен қатар, тобыңыздың басқа да жаңалықтарымен таныстырсаңыз.
- Біріншіден, «Алдаспан» жаңа күйтабағын шығарды. Бірақ оның тұсаукесерін құдай қаласа The Spirit of Tengri фестивалінің продюсері Жан Қастеевпен бірге ашуды көздеп отырмыз. Оған Tengri FM радиосы мен Меломан қолдау көрсетіп отыр. Осы күйтабақтар сол дүкендер желісінде сатылатын болады. Альбомның «Жол» деп аталатын бастапқы әніне бейнебаян да түсіріп қойдық. Бұл жұмыспен AIMVI продюсерлік орталығы айналысты. Бейнебаян Hit tv, СТВ арналарынан да көрсетілді.
Сонымен қатар, екінші бір жаңалығымыз – Астана қаласында мамырдың 24 жұлдызында өтетін MMA халықаралық жекпе-жек жарысын «Алдаспан» тобы әнмен әрлейтін болады. Ішінде жеке номерлеріміз де бар. Бұл жарысқа әлемге аты шыққан төбелес өнерінің шебері Федор Емельяненко келеді. Бұл доданы Ресейдің «Россия 2» және «Боец» телеарналары тікелей эфирден бермекші. Өзім де бала кезімнен күреске қатысқанмын. Спортты өте жақсы көремін. Естеріңізде болса, «Қазақстан барысы» додасында да «Алдаспан» тобы музыкалық қолдау көрсеткен болатын. Бұл біздің тобымыздың хоббиі десек те болады. Себебі тобымызбен спорттық шараларды ұйымдастырғанды жақсы көреміз.
Үшінші әрі басты жаңалығымыз Трэш Метал (Thrash Metal) жанрында әлемнің үздік ондығына кіретін топ Soulfy елімізге келе жатыр. Оның жетекшісі Макс Кавалера (Max Cavalera). Бұл концерт осы таяудағы 10 мамырда Алматы қаласындағы «Дафрик» («Dafreak») клубында өтеді. Макс Кавалера жеке өзі біздің шығармашылығымыз бен әндерімізді қарап шыққан соң өз концертінің тұсаукесерінің ашылуында жарты сағат бойы ән орындауға рұқсат етті.
- Макс Кавалераны еліміздің жұртшылығы да біле жүрсін. Толығырақ таныстырып өтсеңіз.
- Макс Кавалера мен оның інісі Игорь Кавалера Бразилияда туып өскен. Олар Белу-Аризонте қаласынан шыққан. Олар тұңғыш рет Sepultura деген топ құрады. Бұл 1980 жылдардан бері танылып келе жатқан топ. Топ Roadrunnerrecords деген фирмамен 9 альбомға келісім шарт жасасады. Бірақ 1996 жылы Макс Кавалера өзі жеке топтан шығып,«Соулфлай» («Soulfly») деген топ құрады. Осы күнге дейін осы топпен танылып келеді. Олардың орындайтын жанры өте ауыр рок, яғни Трэш Метал деп түсіндіріледі. Бұлар осы жанрдағы музыкада әлемнің үздік ондығына кіреді.
Бұл жанрдың негізін Америкада Metallica деген атақты топ қалаған. Одан кейін Megadeth, Slayer, Anthrax сияқты топтармен бірге біздің елге келейін деп жатқан Соулфлай да бар. Олардың бір ұтқан тұсы – олар Бразилияның ежелгі тұрғындарының этникалық музыкасын рокпен синтездеп, мүлдем жаңа әуен шығарды. Жалпы рок әлеуметтік пробеламарды қозғап, әділетсіздікті сөгеді, саяси жағдайларды айтып, әскери тематикаға да араласады. Бұл біздің қазақтың терме-күйлерінде де бар ғой. Рокты қазірде батыс Еуропа, Америка, Аргентина, Бразилия, Жапония сияқты алып мемлекеттер көп тыңдайды. Бізде рокты бірінші болып бастаған «Ұлытау» тобы. Олар хардрокқа домбыраны қосты. Ал біз ары қарай барғымыз келді. Гитарадан құтылып, электродомбыраға өттік. Өйткені гитарада күйлерді ойнай алмайсыз, міне, сол себептен электродомбыраны шығардық. Қазақстандағы рокты дамытады деп осы «Байдана», «Шарапат» топтарын айта аламын. Бірақ олардың айтатын рок жанры тым ауыр болмайды. Роктың бір артықшылығы – тірідей ойнау. Жалпы фонограмма деген рок емес.
- «Алдаспан» тобында әрі продюсерсіз, әрі ұрмалы аспапта ойнайсыз. Өзіңіздің тағы да басқа жобаларыңызбен таныстырып өтсеңіз.
- Мен тек өз тобыма тікелей продюсерлігімді көрсеттім, жақында досым құрған AIMVI продюсерлік орталығына қосылдым, бұдан былай сол орталықтың қызметіне қараймыз продюсерлік жағынан. Сол AIMVI продюсерлік орталығына «Шарапат» тобы электрожетігенмен өнер көрсетеді. Ал «Baidana» деген тағы бір жоба бар, оның бір ұрмалыдан басқа үш мүшесі де электробалалайка аспаптарымен ән орындайтын болады. Әрбір мүшесі электробалалайканың соло, ритм, бас, ұрмалы түрлерінде ойнайды. Шахаризат Сейдахмет жайлы көрермен біледі деп ойлаймын. Осы топтардың барлығының тұсаукесерлері 7 маусым күні Республика сарайында өтетін The Spirit of Tengri фестивалінде болады.
- Бұл жобалардан не күтесіз? Халық қалай қабылдайды деп ойлайсыз?
- Менің пікірімше, бұлар да «Алдаспан» тобы сияқты биік деңгейге жетеді. Мәселен «Алдаспан» тобы домбырамыздың көпқырлылығын көрсетсе, ал жоғарыда аталған топтар басқа да аспаптардың шеберлігін көрсетеді. Мәселен, жетігеннің қандай дауыс шығара алатынын байқауға әбден болады. Ал «Байдана» тобы электробалалайканы насихаттап жатыр деп ойлап қалмаңыз. Барлық ұлттың аспаптары бір-біріне туысқан екенін көрсеткіміз келеді. Себебі біздің тарихта дәл балалайканың формасындай домбыра болған. Яғни балалайканың түп тамыры түркі халықтарынан, бізден сол жаққа көшкен деп те пікір айтуға болады.
- Жаңалықтарыңызбен бөліскеніңізге рақмет! Сәттілік тілейміз!
Әңгімелескен Ардақ Құлтай
Сурет: Нұржан Тойшы