Күйші-сазгер, ҚР Халық қаһарманы, дирижер Нұрғиса Тілендиев көзінің тірісінде-ақ қазақ музыкасының сайыпқыраны атанған еді. Оның сазы талай тыңдарманның жүрегінен орын тауып, қазақ киносын әсем әуенмен әрлеген болатын.
Қаһарман Нұрғиса домбыра тартуды бес жасында әкесінен үйренген екен. Күндердің күнінде ауылға пойызбен Ахмет Жұбанов келеді. Пойыздан түскен ол там үстінде домбыра тартып отырған бала Нұрғисаны байқап қалады. Кейін баланың шешесіне барып: «Жеңге, атым – Ахмет. Пойыздан жаңа түскен бетте назарым балаңызға ауды. Баланың бойында талант тұнып тұр, музыка мектебіне беру керек» деп айтады. Нұрғиса осылай ұстазы Ахмет Жұбановпен жолығып, музыка мектебінде, кейін консерваторияда білім алады.
Домбырамен қатар, Нұрғиса бокс қолғаптарын серік еткен екен. Алайда, Ахмет Жұбанов: «Не бокс, не музыка!» деп шарт қояды. Нұрғиса өнерді таңдайды. Консерваторияда білім алып жүрген кезде ол күй саңлағы Дина Нұрпейісованың көзін көріп, бірталай күйді үйренген.
Сазгер Нұрғиса ән жазғанда белгілі бір уақытты таңдамайтын. Көбіне үйде жұмыс істейтін. Әуен ойына оралған кезде дереу рояльге отырып, жаңа әнді дүниеге әкелетін. Одан кейін Тұманбай Молдағалиев не Қадыр Мырза Әліге хабарласып, әнді естіртіп, өлең жазып берулерін айтады.
Сазгердің Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған «Куә бол» әні айлы түнде дүниеге келген. Нұрғиса Тілендиев жұбайы Дариғамен Алматы өзенінің жағасымен қыдырып келе жатады. Бір кезде сазгер өзен жағасындағы тастың үстіне шығып, біресе айға, біресе жұлдыздарға қарап:
«Куә бол, жұлдыз,
Куә бол, айым,
Куә бол, Алатауым!» - деп әндете жөнеледі. Кейін сөздерін ақын інісіне жаздыртып алады.
writeFlash({"src":"https://www.youtube-nocookie.com/v/tlPKE855dc0?version=3&hl=ru_RU","width":"450","height":"330"});
Бірде сазгердің шаңырағына қонаққа ақиық ақын Мұқағали Мақатаев келеді. Сазгер мен ақын екеуі әңгіме-дүкен құрып отырады. Бір кезде Нұрғиса: «Даха, домбырамды берші маған» деп жары Дариғаға домбырасын алғызып, «Аққу», «Арман» күйлерін тартып береді. Осы кезде ақын інісі «Дариға, домбырамды берші маған» атты өлең жазып береді. Кейін сазы жазылады.
Бұл кездесуден кейін ақын бір ай сазгредің үйінде жатып, екеуі 32 әнді дүниеге әкеледі. Атап айтсақ, «Саржайлау», «Кел, еркем, Алатауыңа», «Мен сендерді іздеймін», «Сөнбейді, әже, шырағың» т.с.с. Екі өнер қыранының бірлесе отырып жазған соңғы әні - «Есіңе мені алғайсың».
writeFlash({"src":"https://www.youtube-nocookie.com/v/jx8v8lZpMEQ?version=3&hl=ru_RU","width":"450","height":"330"});
Нұрғиса Тілендиев қазақ мультфильмдерінің атасы атанған Әмен Қайдардың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан» сияқты ертегі-аңыз желісімен жасалған жұмыстарына ән жазған еді. Сондай-ақ, ол «Менің атым Қожа», «Қилы кезең», «Қыз Жібек» сияқты қазақ фильмдерін әуенмен әрлеген.
Нұрғисаның күйі «Қыз Жібек» фильмдеріндегі «аққуларды билеткен». Сценарий бойынша, Төлеген мен Жібек некесі қиылған соң, махаббат нышаны ретінде айдында жүзіп жүрген аққуларды көрсетеді. Алайда, аққулар бір-біріне жақындамайды. Су астындағы сүңгуір мамандар аққуларды қосуға тырысып бақса да, екеуі екі жаққа жүзіп кетеді. Осы кезде фильм режиссері Сұлтан Қожықов пен Нұрғиса Тілендиев ақылдасып, алдын ала таспаға жазылып алынған «Аққу» күйін қосады. Күйді естіген бойда екі аққу бір-біріне жақындап келіп, бастарын түйістіріп, ырғалып билей жөнеледі.
writeFlash({"src":"https://www.youtube-nocookie.com/v/wIUyf_7yN4w?version=3&hl=ru_RU","width":"450","height":"330"});
Нұрғиса Тілендиев жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың жақын туысы болып келеді. Өмірден өтерінен бір жыл бұрын ол Жамбыл мазарына барып: «Ата, маған қасыңнан бір метр жер берші, өзіңді күзетіп жатайын» деп сөйлейді. Бір жылдан кейін көз жұмбас бұрын: «Мені Жамбыл атамның жанына қойыңдар. «Құстар қайтып барады» әнімен шығарып салыңдар» деп аманат сөздерін айтқан екен.
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Суреттер: yvi.kz, thenews.kz