Бүгін – ұлттық театр сахнасы мен кино әлемінде өзінің шығармашылық болмысымен, талант-танымымен жарық жұлдыздай ағып өткен саңлақ актерлердің бірі Нұрмұхан Жантөриннің туған күні. Актер 1928 жылы 22 сәуірде Атырау облысының Махамбет ауданында дүниеге келген. Мектепті бітіріп Алматыға жол тартқан Н.Жантөрин киномеханиктер дайындайтын мектепке түскен, осы кезде тағдырдың өзі оның бойындағы әртістік қасиетін көре білген ұстаздарға жолықтырып, Алматының актерлер дайындайтын мектебінің студенті болады. Кешікпей Ташкент театр өнері институты актерлік факультетінің 3-ші курсына қабылданып, оны 1952 жылы бітіріп шығады.
Өнер табалдырығын осылай аттаған Нұрмұхан аға өмірінің соңына дейін М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының сахнасында, сонымен қатар «Қазақфильм» киностудиясында көптеген спектакль мен фильмдерде ойнап, актерлік шеберліктің озық өрнегін көрсетті.
С.Мұқановтың «Шоқан Уәлихановында» – Шоқан, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» – Қодар, М.Әуезовтің «Еңлік–Кебек» пен «Қарагөзінде» – Кебек пен Сырымды, М.Булгаковтың «Жендеттерінде» – Мольер, У.Шекспирдің «Отеллосы» мен «Макбетінде» – Яго мен Макбет, А.Пушкиннің «Шағын трагедияларында» Сальери, Барон және Дон Жуан рөлдерін ойнаса, «Оның уақыты келеді» фильмінде – Ш.Уәлиханов, «Атаманның ақырында» – Абылайханов, «Құрманғазыда» – Құрманғазы, «Сапар құдығында» – Сапар, «Көлеңкесін қуған шалда» – қария, «Сұлтан Бейбарыста» – Сұлтан Бейбарыс сияқты басқа да көптеген тұлғалы бейнелерді асқан ынтамен сомдап, өзгеше адами әрі актерлік қырынан танылды.
Режиссер Б.Мансұров қойған «Сұлтан Бейбарыс» фильміндегі Бейбарыс бейнесі тек Жантөриннің емес, қазақ киносының ірі табысы болды. Бұл фильм туралы актердің жұбайы, театр зерттеушісі Маргарита Иоглева-Жантөрина: «Сұлтан Бейбарыс образы актер Нұрмұхан Жантөриннің ұлы шығармашылығы екенінде дау жоқ. Сұлтандыққа жанкештілікпен жеткен адамның тағдыры. Менің мәскеулік актер достарым «Сұлтан Бейбарысты» орысша дыбыстандырған кезде Сергей Федоровичтің таңғалысын айтқан болатын. Ол үзіліс кезінде «Не деген актер, не деген керемет тұлға! Оның сөздерін дыбыстандырудың өзі бір ғанибет!» деп ризалық білдірген екен», – деп жазған. Осы рөлі үшін Н.Жантөрин кеңес киносы актерлерінің Бүкілодақтық «Созвездие – 90» фестивалінде «Актер мамандығына қосқан аса зор үлесі үшін» сыйлығын жеңіп алып, арнайы дипломмен марапатталды. Бүкілодақтық фестиваль күндері Тверь қаласы көшелерінде Нұрмұхан Жантөринді халық «Сұл-тан Бей-барс!.. Сұл-тан Бей-барс!..» – деп қошеметтеп, қолпаштап тұрып алған екен.
Нұрмұхан Жантөрин «Қазақфильм», «Қырғызфильм», «Өзбекфильм», «Мосфильм», «Ленфильм», т.б. көптеген киностудиялармен шығармашылық байланыста болды.
Сондай-ақ, "Еңлік–Кебектегі" Абыздың Н.Жантөрин жасаған философиялық бейнесі сахнада сирек кездесетін құбылыс. Ол қандай рөлді ойнаса да ой мен әрекет тұтастығын таба білді, кейіпкерінің бойына өзінше жан бітіруге талпынды. М. Бегалиннің "Оның уақыты келеді" (1957 ж.) фильмінде Шоқан Уәлиханов образымен өнер күмбезіне жүлдыздай жарқырап шықты. В. Мажурин қойған М.А.Булгаковтың "Мольер" қойылымы Жантөриннің асқан шеберлікпен ойнауы арқасында Мәскеу театр сүйер қауымын дүр сілкіндірді, - деп еске алады актриса Лейло Бекназар-Ханинга.
Пайғамбар жасына қараған шағында о дүниелік болған актер: «Мендегі бар қымбат нәрсені осынау жарық дүниеге тастап кеткім келеді-ақ. Жинап-терген, түйсініп-түйген тәжірибем, бар білімім мен білігім топырақтағы құрттарға жем болмаса екен деймін! Әлі көп нәрсе істегім келеді… Жұмыс жасағым келеді...», – деген арманын жазады. Бүгінгі ұрпақтың актерді әлі күнге дейін ұмытауы, үлгі тұтуы, құрметтеуі бұл арманның орындалғаны деп білеміз...
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Материалды дайындау барысында ғаламтор беттеріндегі мәліметтер пайдаланылды
Сурет: М. Әуезов театрының баспасөз қызметі, kino-teatr.ru