"Не деген актер, не деген керемет тұлға!"

"Не деген актер, не деген керемет тұлға!"

Бүгін – ұлттық театр сахнасы мен кино әлемінде өзінің шығармашылық болмысымен, талант-танымымен жарық жұлдыздай ағып өткен саңлақ актерлердің бірі Нұрмұхан Жантөриннің туған күні. Актер 1928 жылы 22 сәуірде Атырау облысының Махамбет ауданында дүниеге келген. Мектепті бітіріп Алматыға жол тартқан Н.Жантөрин киномеханиктер дайындайтын мектепке түскен, осы кезде тағдырдың өзі оның бойындағы әртістік қасиетін көре білген ұстаздарға жолықтырып, Алматының актерлер дайындайтын мектебінің студенті болады. Кешікпей Ташкент театр өнері институты актерлік факультетінің 3-ші курсына қабылданып, оны 1952 жылы бітіріп шығады. 

Өнер табалдырығын осылай аттаған Нұ­­рмұхан аға өмірінің соңына дейін М.Әуезов атын­дағы академиялық қазақ драма теа­тр­ы­ның сахнасында, сонымен қатар «Қа­зақфильм» киностудиясында көптеген спек­такль мен фильмдерде ойнап, ак­тер­лік шеберліктің озық өрнегін көрсетті.


С.Мұқановтың «Шоқан Уәлихановында» – Шо­қан, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» – Қодар, М.Әуезовтің «Ең­­лік–Кебек» пен «Қарагөзінде» – Кебек пен Сырым­ды, М.Булгаковтың «Жендетте­рін­де» – Мольер, У.Шекспирдің «Отелло­сы» мен «Макбетінде» – Яго мен Макбет, А.Пуш­кин­нің «Шағын трагедияларында» Саль­е­ри, Барон және Дон Жуан рөлдерін ой­на­са, «Оның уақыты келеді» фильмінде – Ш.Уә­лиханов, «Атаманның ақырында» – Абы­лай­ханов, «Құрманғазыда» – Құр­ман­­ға­зы, «Сапар құдығында» – Сапар, «Кө­­лең­ке­сін қуған шалда» – қария, «Сұл­тан Бей­ба­рыс­та» – Сұлтан Бейбарыс сияқ­ты басқа да көп­теген тұлғалы бейнелерді ас­қан ын­та­мен сомдап, өзгеше адами әрі ак­терлік қы­рынан танылды.

Режиссер Б.Мансұров қойған «Сұлтан Бейбарыс» фильміндегі Бейбарыс бейнесі тек Жантөриннің емес, қазақ киносының ірі табысы болды. Бұл фильм туралы актердің жұбайы, театр зерттеушісі Мар­га­рита Иоглева-Жантөрина: «Сұлтан Бей­барыс образы актер Нұрмұхан Жан­тө­риннің ұлы шығармашылығы екенінде дау жоқ. Сұлтандыққа жанкештілікпен жеткен адамның тағдыры. Менің мәскеулік актер достарым «Сұлтан Бейбарысты» орысша дыбыстандырған кезде Сергей Фе­до­ро­вич­тің таңғалысын айтқан болатын. Ол үзіліс кезінде «Не деген актер, не деген керемет тұлға! Оның сөздерін дыбыстандырудың өзі бір ға­нибет!» деп ризалық білдірген екен», – деп жазған. Осы рөлі үшін Н.Жантөрин ке­ңес киносы актерлерінің Бүкілодақтық «Соз­вездие – 90» фестивалінде «Актер ма­мандығына қосқан аса зор үлесі үшін» сый­лығын жеңіп алып, арнайы дипломмен марапатталды. Бүкілодақтық фестиваль күн­дері Тверь қаласы көшелерінде Нұр­мұхан Жантөринді халық «Сұл-тан Бей-барс!.. Сұл-тан Бей-барс!..» – деп қошемет­теп, қолпаштап тұрып алған екен.

Нұрмұхан Жантөрин «Қазақфильм», «Қыр­ғызфильм», «Өзбекфильм», «Мосфильм», «Ленфильм», т.б. көптеген киностудиялармен шығармашылық байланыста болды. 

Сондай-ақ, "Еңлік–Кебектегі" Абыздың Н.Жантөрин жасаған философиялық бейнесі сахнада сирек кездесетін құбылыс. Ол қандай рөлді ойнаса да ой мен әрекет тұтастығын таба білді, кейіпкерінің бойына өзінше жан бітіруге талпынды. М. Бегалиннің "Оның уақыты келеді" (1957 ж.) фильмінде Шоқан Уәлиханов образымен өнер күмбезіне жүлдыздай жарқырап шықты. В. Мажурин қойған М.А.Булгаковтың "Мольер" қойылымы Жантөриннің асқан шеберлікпен ойнауы арқасында Мәскеу театр сүйер қауымын дүр сілкіндірді, - деп еске алады актриса Лейло Бекназар-Ханинга.

Пайғамбар жасына қараған шағында о дүниелік болған актер: «Мен­дегі бар қымбат нәрсені осынау жа­рық дүниеге тастап кеткім келеді-ақ. Жи­нап-терген, түйсініп-түйген тәжірибем, бар білімім мен білігім топырақтағы құрт­тар­ға жем болмаса екен деймін! Әлі көп нәр­се істегім келеді… Жұмыс жасағым ке­леді...», – деген арманын жазады. Бүгінгі ұрпақтың актерді әлі күнге дейін ұмытауы, үлгі тұтуы, құрметтеуі бұл арманның орындалғаны деп білеміз...

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Материалды дайындау барысында ғаламтор беттеріндегі мәліметтер пайдаланылды

Сурет: М. Әуезов театрының баспасөз қызметі, kino-teatr.ru