Қазақ әдебиетін дәуірлеу, оның ішінде көне жазбаларды зерттеу ісі бір ғасырға созылған ұзақ кезеңді басынан өткергені белгілі. Бұл кеңестік идеологияның қырын қарауының cалдарынан аршылмаған көмбе тәрізді, көпшілік ғалымдар бара қоймаған тың тақырыптардың бірі болды.
Өткен ғасырдың 60-70-жылдарына қарай ғана қазақ әдебиетінің ерте кезеңдерін зерттеу және жүйелеу мәселесі біртіндеп қолға алына бастады. Аталған салада, дәлірегі ежелгі жазба ескерткіштерін, басқа да көне жәдігерлерді зерттеуде Н.Сауранбаев, Ғ.Айдаров, І.Кеңесбаев, Е.Жанпейісов, Ә.Құрышжанов, Ә.Ибатов, М.Томанов, Ж.Бектұров, М.Балақаев, С.Аманжолов, Р.Сыздықова, Б.Әбілқасымов, М.Исаев сынды көптеген тілші-ғалым үлкен үлес қосты. Сонымен қатар қазақ әдебиеттануында М.Әуезов, С.Мұқанов, Ә.Қоңыратбаев, Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаевтар көне мұраларды алғаш зерттеген ғалымдар болды. Сол ұлылардың ізін жалғап, там тұмдап айтыла бастаған тақырып төңірегінде уақыттың қиындығы мен күрделі кедергілерге қарамастан, Алтын Орда тұсындағы әдебиетті зерттеген ғалымдардың бірі – Алма Мүтәліпқызы Қыраубаева еді.
Алма Мүтәліпқызы толымды ізденісі мен қажырлы еңбегінің арқасында ұстазы Бейсенбай Кенжебаевтың асыл мұратын жалғап, үмітін ақтаған шәкірті бола білді. Бұлай деуімізге себеп, қазақ әдебиетін Бұқар жыраудан бастау туралы нақтылы тұжырымдарды бұзып жарып, әдебиет тарихының тым арыдан басталатынын дәлелдеу ерлікпен тең іс еді. Қазақ әдебиетінің тарихын сонау ескі заманнан бастауды көздеген ғалым Бейсенбай Кенжебаев Орхон-Енесей жазбаларын Мырзатай Жолдасбековке жүктесе, Мұхтар Мағауинге ХІV-ХVІ ғасыр әдебиетін, Қабибола Сыдиықовқа ХVІІ-ХVІІІ ғасырдағы жыраулар поэзиясын, ал Алма Қыраубаеваға орта ғасыр әдебиетін ғылыми негіздеуді ұсынады. Жастығына қарамастан, бір ұлттың тағдыры жазылған тарихтың батпандай жүгін арқалаған жас ғалым, ғылымдағы жолын осындай үлкен жауапкершілікпен бастайды. Нәтижесінде, Алма Мүтәліпқызы 1974 жылы «Қисаc-и Рабғузи» мен «Махаббатнаманың» идеялық-көркемдік ерекшеліктері» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады.
1985 жылы Хорезмидің «Махаббатнама» дастанын тұңғыш рет қазақ тіліне аударды. Тиянақты зерттеу мен тыңғылықты ізденіс барысында 1988 жылы «Ғасырлар мұрасы» атты еңбегін жазды. Араға жылдар салып, 1997 жылы «Қазақ әдебиетіндегі шығыстық қисса-дастандардың түп-төркіні мен қалыптасуы» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. Сонымен қатар ол қазақ ғылымының қоржынын 1988 жылы «Түркі әдебиеті», 1999 жылы «Ежелгі әдебиет», 2001 жылы «Ежелгі дәуір әдебиеті» сынды оқу құралдарымен толықтырды. «Ұзақ ғасырлар бойында жарияланбай келген «Махаббатнама» жыры соңғы кезде ғана шет пұшпақтап тексеріле бастаған. Бұл дастанды қазақ әдебиетшiлерi мен тiлшiлерi келешекте зерттеп шығуы парыз» деген аға буын аманатын болашаққа жалғаған ғалымдардың бірегейі, әдебиеттанушы Алма Қыраубаева. Oның бойынан ғалым Н.Конрадтың: «Настоящий филолог не имеет права быть только лингвистом. За явлениями языка он должен видеть самый язык, а через него – мышление, ум. За романом или стихотворением он должен уметь разглядеть творческий гений народа. Филолог должен быть и историком, но таким, который видит в истории всю целостность жизни, борьбы и творчества» деп нағыз филологке берген сипаттамасы толық табылады.
Алма Мүтәліпқызы шығыстанушы-филолог мектебінен өтіп, барлық филологиялық біліммен қаруланып, филологиялық зерттеу әдісін меңгерген толыққанды маман бола білді. Бұл жайлы профессор Өмірхан Әбдиманұлы: «Алтын Орда – қыпшақ дəуірінің жауһар жəдігерлері «Рабғузи қиссалары», Хорезмидің «Махаббатнамасы» оңай шағылар жаңғақ емес, оған қайтпас қажыр, жасымас жігер, бірегей білім, ересен еңбек керек. Алма бойынан осының бəрі де табылды» десе, профессор Тұрсынбек Кәкішев: «Алма Қыраубаеваның «Қазақ əдебиетінің қысқаша тарихына» жазып берген «Ежелгі түрік əдебиеті» бөлімінің əрбір тақырыпшасының өзі арнайы зерттеуді қажет ететін жəне күні бүгінге дейін көбіміздің тісіміз батпайтын арналар екенін мойындауға тиістіміз» деп азаматтық пікірін білдірген болатын.
Бір сөзбен айтқанда, Алма Мүтәліпқызы қазақ әдебиеттануында жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдарынан бастап қарқынды дамыған тың тақырыптың зерттелуіне бар ғұмыры мен қажыр-қайратын арнаған ғалым. Ол өзінен кейінгі буынның Алтын Орда әдебиеті, оның ішінде Хорезмидің «Махаббатнамасын» терең зерттеп білуіне, сондай-ақ «нама» жанрын зерделеуге жол ашқан әдебиеттанушы десек, қате айтқандық емес.
Ғалым Алма Қыраубаева Түркі халықтары əдебиетінің жанрында араб, парсы терминдері «Қисса», «Хамса», «Нама», т.б. көп қолданылады деуі арқылы, қазақ әдебиеттануында «қисса, хамса» секілді «наманың» да өзіндік орны бар екенін меңзейді. Сонымен қатар қазақ әдебиеті тарихында «наманы» жанрлық формаларына қарай топтастырудың үлгісін жасап, оны ХХ ғасырдың соңғы ширегінде әдебиеттанушылар назарына ұсынған да осы Алма Қыраубаева болатын. Ғалым наманың жанрлық формалары көп. Оларға: «Эпикалық поэмалардың циклі» (Шаһнама); «Жеке поэмалар» (Ескендірнама, Шайбанинама, Бабурнама, т.б.); «Саяхатта, сапарда көрген-білгені, алған əсері жайындағы шығарма»; «Өлеңмен жазылған арнау» (Хорезмидің «Махаббатнамасы», Ходжендидің «Латафатнамасы», Амиридің «Дахнамасы») жатады дейді өз зерттеуінде.
Әдебиет тарихында ертеде жазылып, бүгінге жеткен түркі өркениетіне ортақ әдеби жазба ескерткіштер молынан кездеседі. Арада мың жылға жуық уақыт өтсе де өз құнын жоймаған, түркілердің өшпес өнегесіндей болған ортағасырлық асыл мұралар жетерлік. Сондай құнды жәдігердің бірі – Хорезмидің «Махаббатнамасы». Бұл жайлы ғалым: «Алтын Орда дәуіріндегі әдебиет өкілі Хорезми «намашылдыққа» алғаш жол ашты. Оның «Махаббатнамасы» – көне дəуірдегі жазба ескерткіштердің ішіндегі ең бір мəнді, қызғылықты дастан» деп баға береді.
Алма Мүтәліпқызының «нама» жанрына алғаш классификация жасауы бүгінгі қазақ ғылымында «наманың» жеке жанр ретінде қарастырылып, нама жанрына қатысты жаңа көзқарастар мен ортақ заңдылықтардың қалыптасып, зерттеу тәжірибесінің әрі қарай дамуына жол ашты.
Әрбір көркем шығармаға арқау болған жекелеген тақырыптар мен идеялар бір-бірімен тоғысып, ұштаса жалғасып, бір сағаға құяды. Осыдан келіп, оқырманда дәл осы шығармаға деген бүтін, тұтас бір көзқарас туады да, нәтижесінде, шығармадағы орталық, өзекті мәселе айқындалады. Алайда әр жаңа дәуірдің оқырманы шығармаға өз кезеңінің идеяларын сіңіруі бұл заңдылық. Мәселен, Кеңес заманындағы зерттеушілер жұмысын сол кездегі идеологияға негіздеп жеткізуге мәжбүр болды. Себебі орта ғасыр әдебиеті жауһарларының дені діни сипат алған туындылардан, дұрысы Ислам дінінің көркемдігін сөзбен насихаттаған шығармалардан тұрды.
Түркітанушы Т.Қыдырдың сөзімен айтқанда: «Ортағасырлық әдеби жәдігерлерді зерттеудегі басты кедергі – ол шығармалардың діни астар алуында, не дінді көркем тілмен үгіттеуінде еді». Алайда ғалымның: «Хорезми творчествосы әр қырынан қарағанда әртүрлі құлпыратын, тылсым сыры тереңде жасырынған асыл тас тәрізді, әр қилы мәселе ретiнде жаңа қасиеттері ашылып, əдеби танымымызды байыта беретiн шығарма» деуінің өзі ашық айтпаса да, шығарманың діни астарын меңзеп тұрғандай көрінеді. Ендігі біздің міндет, кеткен олқылықтардың орнын толтырып, тақырыпты жаңа көзқараспен түсіндірудің теориясы мен әдістемесі, герменевтиканың қағидаларына негіздей отырып, нама жанрында жазылған шығармалардың сопылық астарына мән бере зерттеу жүргізу.
Егемен Қазақстан