Адамзат баласын әлсіздер мен мықтылар деп екі топқа бөліп қарастыруға болады. Заман ағымына қарай олар үнемі осы екі таптың бірінің өкілі ретінде өмір сүріп келеді. Бірақ назар аударарлық бір жайт бар. Олар қай жағынан мықты не әлсіз. Бірі, денсаулық тұрғысынан мықтылық пен әлсіздік танытса, енді бірі рухани құлдырап, әлсізденіп жатады.
Қоғамда мықты адамдардың беделі биік. Оларға деген сенім де, жауапкершілік те басқаша тұрғыдан өрбіп отырады. Иә, олар – мықты. Олар ешқашан өзгелерге ұқсап ауырғанын не сағынғанын айтпайды. Сезімін ашық білдіре бермейді. Бет-бейнесінен-ақ, сұсты, өзгеше бір реңкті байқайсыз. Олармен арнайы бір тақырып төңірегінде ғана тілдесе аласыз. Олардан рухани не қаржылай көмек сұрауға дағдыланып қаламыз. Өзге тақырыпта сөз қозғау қиынның-қиыны болмақ. Мықты адамдарды әрдайым жылы ілтипат білдіріп, алғыс айтумен ғана шығарып саламыз. Олар да әлсіздер секілді күй кешіп, іштей қынжылғандарымен көзқарастары бөлектеу болмақ. Мықтылар әрдайым «намысқа» тырысып, мықтылығын танытады. Олар өнеге алуға тұрарлық жандар. Бірақ... Кімнен өнеге аламыз, әлсіздік танытып сезімдерін білдіргендерден бе әлде іштей қынжылып, өзді-өзі күйінгендерден бе? Ойланарлық жағдай.
Аш қасқыр аспанға қарап ұлиды демекші, мықты адамдардың да рухани ашқарақтығы ұстап, түнде сезім жетегіне ермесіне кім кепіл?
Өмірден ерте озған адамдардың артынан кейде «мықты» адам болатын, сондықтан өмірден ерте кетті деп жатады. Іштей өртеніп, өкініші мен өксігін кімге айтарын білмей, бәлкім анда-санда тілдесерге жан таппай, сезімдері көкке ұшқандықтан көтере алмай ерте кететін де болар?! Жауапсыз жұмбағы мол дүние...
Сондықтан да, мықты адамдарыңыздың жан дүниесіне өңілгейсіз. Сізге, әлсіздерге қорған болып жүрген жанның жан жағдайын көргейсіз. Олар да ет пен сүйектен жаратылған адамдар екенін ескергейсіз.