Бірнеше күн бұрын ғана Мұрат Мұтырғановтың цирк саласынан кеткендігі туралы хабар тараған болатын, ал бүгін біз жас өнерпазды жаңа қызмет орнымен құттықтағалы отырмыз. Қандай қызмет дейсіз бе? Жанкүйерлер енді Мұратты хайуанаттар бағынан таба алады. Ол енді жаңадан құрылған қоғамдық кеңестің құрамында жұмыс істейтін болады.
Жұлдыз өз сөзінде жаңа қызметте жарнамаға, акцияларға, концерттерге жауап беретіндігін және менеджер ретінде байқап көргісі келетіндігін айтқан.
Цирк өнерінің шеберінің жаңалықтары мұнымен бітпейді. Ол Hit TV-ға қайта келіп, бұрынғы жұмысын жалғастыратын болады, жанкүйерлердің де риза екендігі байқалады.
Естеріңізге сала кетейік, Мұрат Мұтырғанов 23 қыркүйек күні Қазақ мемлекеттік циркінің директорының орынбасары қызметінен өз еркімен кеткен болатын. Мұрат пен цирк басшысының цирк өнерін дамытудағы ойлары бір жерден шықпады: Cirque du Soleil әлеміне ұқсас дүниені жасағысы келді, ал ескі көзқарастың адамы классиканы қолдайды. Алматылық зообақта Cirque du Soleil-ге ұқсас өзгерістердің болуы да мүмкін.
Мұрат тілшілерге берген сұхбатында "әр істің бір қайыры бар, бәлкім, мен өзімнің жеке циркімді ашып қалармын" дегенді де айтып қалған. Ендеше, Мұрат цирк өнеріне қайта келіп жатса, таңғалмайтын боламыз.
22 жасында ол «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атағын алған дарынды өнерпаздың алар асуының молдығына күмәніміз де жоқ. Әзірге оған жаңа қызметте сәттілік тілегіміз келеді.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: season.kz