Кеше, яғни 25 қараша күні сағат 16.00-де Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар және жасөспірімдер театрында Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Бақтыгереевтің туғанына 80 жыл толуына орай актерді еске алу кеші өтті.
Кештің шымылдығы Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясының шығармашылық тобы дайындаған актердің өмір жолы мен өнер жолынан сыр шертетін деректі көркем фильммен ашылды. Фильмде актердің кино, театр және дубляж саласындағы еңбек жолы мен алтын қордағы фотосуреттері және ол жайлы құнды ақпараттар айтылды. Фильмдегі көрнекі деректер мен фотосуреттерді жинауда актердің жары мен қыздары Айгүл және Құралай Бақтыгереевалардың үлесі көп. Ал дубляж, театр және кино саласындағы бейнежазбаларын жинауға Мемлекеттік мұрағат пен "Қазақфильм" киностудиясының шығармашылық тобы көмектескен. Актердің 80 жылдық мерейтойына арнайы дайындалған деректі фильмде актердің жетпіс және өзінің тірі кезінде тойланған алпыс жылдық мерейтойларынан естелік бейнежазбалар да көрсетіледі.
Актерді еске алу кешіне оның өнердегі замандастары мен құрдастары және туыстары мен отбасы қатысты. Актердің көзін көрген ұлы тұлғалар: Қазақстанның халық әртісі, профессор Есмұхан Обаев, Қазақстанның халық әртісі, профессор Тұңғышбай Жаманқұлов, Қазақстанның халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Әшірбекова Роза, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Лидия Кәденова және т.б өнер жұлдыздары мен актердің жары, екі қызы кештің қадірлі қонақтары болды.
Алғашқы сөз кезегі Қазақстанның халық артісі, профессор Есмұхан Обаевқа табысталды.
Қазақстанның халық әртісі, профессор Тұңғышбай Жаманқұлов киелі сахна төріне шығып замандасының жансыз бейнесінің алдында басын иді.
Актердің өмірде көзін көріп, өнерде онымен әріптес болған Тұңғышбай Жаманқұлов ол жайлы тәтті естеліктер айтып берді. Бүгінгі шараның тым әлсіз деңгейде өтіп жатқандығын және актердің көрермендерінің аз жиналғандығын айтып қынжылды. Сөйтті де жаны тебіреніп тұрып өзінің "Өнер адамы" әнін шырқады.
Роза Әшірбекова мен Лидия Кәденова
1933 жылы Атырау қаласында (қазіргі Гурьев) өмірге келген Мұхтар Бақтыгереев өзінің өнердегі ең алғашқы қадамын 1948 жылы Гурьевтегі облысаралық музыкалық театрдан бастады. Өзінің дарынын шыңдау барысында өнер ордасы – Алматыға келіп, Асқар Тоқпановтың көмегімен өнер училищесінің үшінші курсына оқуға алынады. 1958 жылы осы оқу орнын тәмамдаған жас актер өз еліне оралады да, сонда аз уақыт болады. Кейінірек Алматы шаһарына қайта келіп, өзінің шығармашылық жолын бастайды. Сол жылдары Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар және жасөспірімдер театрына актер болып қабылданады. Театрдағы рөлдерінен тыс кинофильмдерге де түсе бастайды. Қырғызстан мен Қазақстан кинематографистері бірлесіп түсірген «Алыстағы тауда» Құлтемір бейнесін, М.Бегалиннің «Шұғыла» фильмінде, сондай-ақ «Шабандоз қыз», «Ұлым меніңде» Есен бейнесін, «Тыныштықта» Нартай, «Ақ шаршы алаңда» жаттықтырушы Жұмекен бейнесін, және тағы басқа бейнелерді сәтті сомдаған.
Әйткенмен актердің кино саласынан гөрі театр сахнасындағы сомдаған рөлдері көбірек. Өзінің шығармашылық жолында театр сахнасында 200-ден аса рөлді сомдаған актердің театр өнеріне сіңірген еңбегі орасан.
Актердің театрдағы сомдаған рөлдері: И.Байзақов «Ақбөпе» (Құдияр), Қ.Сатыбалдин «Аягөз Ару» (Шатшәлекей), М.Әуезов «Жас Абай» (Құнанбай), У.Шекспир «Гамлет» (Клавдий патша), Ғ.Мүсірепов «Ақан сері-Ақтоқты» (Науан Хазірет), С.Мұқанов «Мөлдір махаббат» (Бүркіт), Ш.Айтматов «Арманым – Әселім» (Байтемір), Р.Ғамзатов «Тау қызы» (Осман), М.Кәрім «Ай тұтылған түн» (Дәруіш), Ә.Тәжібаев «Жомарттың кілемі» (Жомарт), Мольер «Скапеннің айласы» (Сильвестр), Ә.Әбішев «Нұрлы жаңбыр» (Бағлан), М.Байджиев «Әр үйде мереке» (Азат Сұлтанович), О.Бодықов «Отырар ертең қирайды» (Қайырхан), С.Сейфуллин «Қызыл сұңқарлар» (Нестеров), Ш.Мұртаза «Қызыл жебе» (Кушекин), Н.Хикмет «Әпенді» (Нури), Қытай драматургі Сао Юйдің «Тайфун» (Лу Гуй) тағы басқа әлем классиктерінің шығармаларын ойнады.
Актердің өмірде сүйіп қосылған жұбайы (бірінші әйелі) өзі жұмыс жасаған Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театрының актрисасы Мәрияш екеуі бірге бірнеше спектакльде қос ғашықтың рөлдерін сомдады. Соның ішінде бүгіндері аталмыш театрда "Қызыл орамалды шынарым" аталып жүрген Шыңғыс Айтматовтың "Шынарым менің, шырайлым менің" повесінің желсінде дайындалған спектакльде ерлі-зайыптылар Ілияс пен Әселдің рөлін ойнаған. Бұл рөл бүгіндері жастар театрында Бейбіт Камаранов пен Аида Жантілеуованың еншісінде. Осы спектакль алғаш қазақ сахнасында қойылған тұста Шыңғыс Айтматовтың да көзі тірі еді. Өмірде де қатар жүрген ерлі-зайыптылар Мұхтар мен Мәрияш сахнадағы жас жұбайлардың рөлін сәтті ойнап шыққанда қырғыздың жазушысы Айтматовтың өзі дән риза болып, екеуіне алғысын айтқан. Мұнан өзге Мұхтар мен Мәрияш "Адасқан қыз" спектаклінде де қатар рөл ойнады.
Мұхтар Бақтыгереев алпыстан аса кинофильмді дубляждап, ел арасында «Дубляж патшасы» атанып кеткен.
Актер жайлы ғұмырнамалық деректі фильм түсірген ұжымды ортаға шақырып актердің жары мен қызы Мұхтар Бақтыгереевтің дубляж саласында бірге қызмет еткен әріптестеріне сый ұсынды.
Кеш соңына тақаған тұста актердің қызы Айгүл Мұхтарқызы білім беретін Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының студенттерінен құралған "Аңсар" квартеті ұстаздары Айгүлмен бірге Абайдың "Айттым сәлем, Қаламас" әнін орындады.
Дайындаған және суретке түсірген: Ақерке Әбілхан